МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ - БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАНЫҢ БАСТЫ ТІРЕГІ БОЛУҒА ТИІС ДЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық ғылым академиясының таяуда ғана күрделі жөндеуден өткен «Ғылым ордасы» ғимаратын аралап көріп, ғылыми қауымдастықпен жүздесті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Ғылым ордасының» акт залында жас ғалымдармен өткен кездесуде ғылым мен инновация бәсекеге қабілетті экономиканың басты тірегі болуға тиіс екенін қадап айтты.
Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде ғылым мен жоғары білім салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан кешенді шараларды атап өтті. Нақтырақ айтқанда, білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер қатары өсуде. Мұның бәрі – ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізетін шаралар.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, энергетика, атом энергетикасы, мұнай химиясы, геологиялық барлау, машина жасау, медицина, фармацевтика, биотехнология, ауыл шаруашылығы салаларын ілгерілетуге назар аударып, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын тиімді басқару, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу секілді маңызды міндеттерге кеңірек тоқталды.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясы жанындағы Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахислам Лайсханов сөз сөйледі.