KazNARU ҒАЛЫМДАРЫ АНКАРА ҚАЛАСЫНДА ӨТКЕН «XV СҮТ ОЛИМПИАДАСЫНА» ҚАТЫСТЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Сабира Қозықан, «Зооинженерия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ләйла Бөпебаева Түркия Республикасының Анкара қаласында 2024 жылдың 26-30 мамыр аралығында өткен «XV Сүт олимпиадасына» қатысып қайтты.
XV Сүт олимпиадасының басты мақсаты – әлемдік сүт нарығының болашағын анықтау, салалық мәселелерді бағалау, салаға ең күшті әсер ететін тенденцияларды болжау, сондай-ақ дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу. Ұйымдастырушы Dairynews.today Сүт нарығын зерттеу орталығы (DIA).
Сүт олимпиадасына АҚШ, Қытай, Малайзия, Польша, Түркия, Германия, Нидерланды, Австралия, Италия, Бельгия, Финляндия, БАӘ, Ресей, Қазақстан, Қыргызстан, Өзбекстан, Беларусь, Молдова сияқты әлемнің 18 елінен 200-ден астам өкілдер қатысты.
Қатысушылардың қатарында әлемдік сүт өндіру және өңдеу саласындағы жетекші сарапшылар, сүт индустриясының көшбасшылары, технологиялық алыптар және көрнекті технологтар мен экономистер бар. Мамандар әлемдік сүт саласының трансформациясы, болашақ сүт фермалары мен зауыттарының пайда болуы, жақын арада өндіріске енгізілетін болашақ сүт өнімдері мен технологиялары туралы мәселелерді тарқатып, түрлі сұрақтарға жауап берді.
KazNARU ғалымдары да өздерінің инновациялық жобаларын коммерцияландыру үшін бизнес-серіктестер іздеу, сондай-ақ, ірі кәсіпорындардың иелері болып табылатын сүт өндірушілермен және өңдеушілерімен танысу, тығыз байланыстар орнату мақсатында университетте жасалған ғылыми-технологиялық жетістіктерін таныстырды.
Сүт олимпиадасына қатысушы шетелдік ғалымдар мен мамандар, коммерциялық құрылымдар өкілдері қазақстандық табиғи таза өнімдердің жоғары сапасына назар аударып, ынтымақтастық байланыс орнатуға қызығушылық білдірді.
KazNARU Баспасөз қызметі.