KazNARU ЖАСТАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІН АТАП ӨТУГЕ БЕЛСЕНЕ ҚАТЫСТЫ
1992 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан Мемлекеттік рәміздер күні бүкіл елімізде мереке ретінде тойланады.
Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін білдіретін, негізінің мызғымас бір бөлігі. Олар халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құндылығымен қымбат.
Осыған орай, Алматыда түрлі мерекелік іс-шаралар, соның ішінде мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру, Әнұран орындау, автошеру, тақырыптық көрмелер, мерекелік концерттер өткізілуде.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 150 студенті «Медеу» биік таулы спорт кешенінің алаңында өткізілген мемлекеттік Туды көтеру және Әнұранды орындау салтанатына белсенділікпен қатысты.
Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының бастамасымен өткен бұл патриоттық іс- шараға қоғам және мәдениет қайраткерлері, басқа да жоғары оқу орындарының жастары да қатысып, Әнұранды бірге шырқады.
Еліміздің барша азаматтарын бүгінгі атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Көк Туымыз мәңгі желбіреп, еліміз өсіп-өркендей берсін!
KazNARU Баспасөз қызметі