KazNARU мен АВСТРАЛИЯНЫҢ «РУБИКОН» КОМПАНИЯСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ ШАРТ ЖАСАСТЫ
2024 жылғы 14 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Ақылбек Күрішбаев пен Rubicon Global PTY LTD (Австралия) компаниясының Бас директоры Питер Пелисаар инновациялық ирригациялық технологияларды әкелу және енгізуге бағытталған стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі ынтымақтастық Шартына қол қойды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына ирригация саласында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, су ресурстарын басқару мен суды үнемдеудің жаңа әдістерін әзірлеу, студенттерге арналған инновациялық білім беру бағдарламалары мен тағылымдамаларды оқу процестеріне қосу кіреді.
KazNARU басшысы Ақылбек Күрішбаев бұл серіктестік екі жаққа да айтарлықтай пайда әкелетініне, ирригация саласындағы ғылыми және технологиялық шешімдерді одан әрі дамыту үшін катализатор болатынына сенім білдірді.
«Біз ғылыми ресурстарымыз бен күш-жігерімізді, тәжірибемізді агросектордағы ең маңызды буын – суару саласындағы жетекші саналатын «Рубикон» компаниясымен біріктіру мүмкіндігінің туғанына қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық біздің студенттер мен зерттеушілерге озық жобаларға қатысуға және жаһандық су мәселелерін шешуде практикалық тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік беретін жаңа көкжиектер ашады деп үміттенеміз», - деді Ақылбек Күрішбаев.
«Рубикон» халықаралық компаниясы су ресурстарын басқару мен тиімді пайдалану үшін ирригациялық жүйелер мен инновациялық әзірлемелерді қолданысқа енгізу бағытындағы әлемдік көшбасшы компания болып табылады. Компания жетекшісі өз кезегінде академиялық қоғамдастық пен интеграцияның болашақтағы маңыздылығын атап өтті.
«Біз ғылыми зерттеу университеттерімен бірлесіп жұмыс істеуді дамыту ғылымдағы инновацияларды ілгерілету мен аграрлық сектордың алдында тұрған мәселелерді шешудің негізгі факторы деп санаймыз. Біздің бүгінгі қолданыстағы технологиямыз бен практикалық сараптамамыз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде климаттық өзгерстер мен су тапшылығын жоюға байланысты қиындықтарды жеңе алатын білікті мамандардың жаңа буынын дайындауға көмектеседі деп ойлайсыз", - деді Питер Пелисаар.
Келісім шеңберінде бірқатар негізгі бастамаларды іске асыру жоспарланды. Атап айтқанда:
- «Зерттеу жобалары»: суару мен суды басқарудың жаңа технологияларын әзірлеу және бейімдеу үшін бірлескен зертханалар мен зерттеу топтарын құру;
- «Білім беру бағдарламалары»: «Рубикон» сарапшыларының қатысуымен арнайы курстар, семинарлар мен шеберлік сыныптарын, сондай-ақ студенттер үшін тағылымдамалар мен практикаларды ұйымдастыру;
- «Технологиялық жаңалықтарды енгізу»: университеттің зерттеу алаңдары мен тәжірибелік шаруашылықтарында «Рубиконның» озық суару жүйелерін қолдану белгіленді, өз кезегінде бұл жаңа ғылыми әдістердің тиімділігін нақты жағдайларда зерттеуге мүмкіндік береді;
Екі тарап университет студенттері мен жас зерттеушілерді агротехнологиялық секторда табысты нәтижелерге жету үшін қажетті білім мен дағдыларды игеру мақсатындағы бірлескен жобаларға белсенді тартуды жоспарлап отыр.
KazNARU мен «Рубикон» компаниясы арасындағы Шарт жаһандық экологиялық мәселелерді шешу және суару технологияларын енгізу, тұрақты тәжірибелерді ілгерілету бағытының дұрыстығын көрсетеді. Әрі бұл Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігерді біріктіру жолындағы маңызды қадамның бірі болмақ.
Кездесуге Rubicon Global PTY LTD (Австралия) компаниясының Орталық Азиядағы өкілі Нұрбек Дайырбеков, университеттің Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму проректоры Рафис Абазов және құрылым басшылары қатысты.
KazNARU Баспасөз қызметі