KazNARU мен NWA&F UNIVERSITY (ҚХР) АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшылығы Қытайдың Қытайдың ауылшаруашылық және азық-түлік технологиялары саласындағы ең ірі жоғары оқу орнының бірі – Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің делегациясымен кездесіп, ынтымақтастық туралы Меморнадумға қол қойды.
Кездесуді ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д. Пірімқұл Ибрагимов ҚХР ғылыми-білім беру мекемелерімен арадағы ынтымақтастық аясы кеңіп келе жатқанына тоқтала отырып, бұл кездесудің мақсаты екі университет арасындағы ғылыми-зерттеу, білім беру жұмыстарын одан ары тереңдету екенін атап өтті.
«Солтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университетінің делегациясы бізде бірнеше рет болды. Біз білім беруді интернационалдандыру, ғалымдардың ғылыми әлеуетін нығайту, тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми және жобалық зерттеулерді жүзеге асыру бағытында бірлесе жұмыс істеп елеміз. Енді міне, Қытайда қолданылатын инновацияларды Қазақстанда пайдалану, мамандар мен студенттердің білім алмасуын жеделдету, биотехнология, экология, ауыл шаруашылығы, су ресурстары бойынша бірлескен жобаларды қолға алуды көздеп отырмыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Айта кетейік, KazNARU сонымен қатар Қытай аграрлық университеті, Хэнань ауылшаруашылық университеті, Шихэзи университеті, Шаньдун ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы, Лан Джоу ветеринарлық ғылыми зерттеулер институтымен және басқа да білім беру ұйымдармен бірлескен бағдарламаларды табысты жүзеге асырып келеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде университетіміздің базасында «Қазақ-Қытай орталығы» құрылып, озық қытай технологияларына бағдарлануын күшейтуге, білім беру сапасын арттыруға, технологиялар мен инновацияларды кеңінен енгізуге мүмкіндіктер ашылған болатын.
NWA&F University делегация басшысы, ҚХР Компартиясы университет ұйымының хатшысы Хуан Сигуан Қытайдағы алдыңғы қатарлы көшбасшы оқу орынының біріне саналатын оқу ордасының құрамында 27 факультет бар екенін айта келіп, оларда ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, егін және жайылым, су ресурстарын пайдалану, топырақтану, инженерия, ветеринариялық медицина, зоотехника, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, заң, экономика және менеджмент сияқты т.б. мамандықтарда 25 мыңнан астам студент оқитынын жеткізді.
Екі тарап Меморандум қабылдау арқылы бірлескен қызметтің стратегиялық бағыттарын белгіледі. Бұл құжат екі дипломды білім бағдарламаларын әзірлеу, академиялық ұтқырлықты дамыту, білім алушылардың (бакалавриат, магистратура, PhD докторантура) ғылыми тағылымдамадан өтуі, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру, профессор-оқытушылар құрамының лекция оқуын және семинар, симпозиумдар ұйымдастыру сияқты аса маңызды салаларды қамтиды.
Делегация құрамында NWA&F University Халықаралық бөлімі директоры Лю Сюэбо, су ресурстары және азаматтық құрылыс факультетінің деканы Ху Сяотао, су ресурстарын қорғау факультетінің деканы Фэн Хао, т.б. белгілі ғалымдар мен мамандар болса, KazNARU жағынан Басқарма Төрағасы – Ректордың кеңесшісі Думан Имаммәди, «Агробиология» факультетінің деканы Ержан Абилдаев және құрылым басшылары қатысты.
Қонақтар KazNARU-дың Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы "Саймасай" оқу-тәжірибе шаруашылығының жұмысымен таныса келе, инновациялық аграрлық зерттеулер жүргізу мен білім беру әлеуетіне жоғары баға берді.
KazNARU Баспасөз қызметі