KazNARU ӨКІЛДЕРІ ТАЛҒАР ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНДЕ
2025 жылдың 16 қаңтар күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Ләззат Әлдібаева бастаған арнайы топ Талғар политехникалық колледжінің бітіруші студенттерімен кәсіби бағдар жұмысын жүргізу мақсатында кездесу өткізді.
Кездесуге KazNARU «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедра меңгерушісі Лаура Мамаева, «Электроэнергетика және «Энергетика және электротехника» кафедрасының меңгерушісі Айдар Молдажанов, Талғар политехникалық колледжінің директоры Бақыт Қалықова және оқытушылар мен студенттер қатысты.
Өзінің алғы сөзінде «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Ләззат Әлдібаева отандық аграрлық саланың жетекші оқу орны, 95 жылдық даму тарихы бар университеттегі білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша жүргізілген жүйелі жетістіктерге тоқталып, колледж бітіруші түлектерді оқуға шақырды.
«Қазіргі таңда политехникалық колледж бен университет арасында тығыз байланыс орнатылып, талапкер жастардың болашақта өз мамандықтарын дұрыс таңдауына кеңінен жол ашылды. Біздің оқу ордамызда блім алушылар үшін қалаған мамандықтарына сәйкес, арнайы білім беру бағдарламаларында оқуларына барлық жағдай жасалынған. Жайлы жатақханалар, заманауи аудиториялар, теория мен тәжірибені ұштастыруға қолайлы ғылыми-зерттеу орталықтары, кітапханалар, мәдени және спорт залдары жан-жақты, терең білім алуға мүмкіндік береді. Еліміз үшін аграрлық мамандықтардың, оның ішінде ІТ саласының, техникалық, инженерлік мамандықтардың болашағы зор. Сіздерді жоғары білімді жалғастыруға шақыра отырып, осы кездесуден кейін университетімізде оқитын үміткерлердің қатары өсе түседі деп үміттенеміз», - деді Ләззат Тұрғынбайқызы.
KazNARU бүгінде АҚШ, Германия, Франция, Нидерланды, Италия, Түркия, Қытай, Оман Сұлтандығы және басқада көптеген мемлекеттердің жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан көшбасшы жоғары оқу орны болып табылады. QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына еніп отыр.
Кәсіби бағдар беру тобының белсенді мүшелері университеттің осындай заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жаңашылдықтары туралы кеңінен айтып берді. Университет жетістіктері туралы бейнебаян көрсетілді. Сонымен бірге, жас өрендерге мамандықты және оқу орнын еркін, әрі саналы таңдау құқықтарын іске асыру туралы қосымша ақпараттар беріліп, ұлттық бірыңғай тесті тапсыру жұмыстарының қадамдары түсіндірілді.
Колледж директоры Бақыт Қалықованың айтуы бойынша, «Алматы облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Талғар политехникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 1934 жылы құрылған. Бүгінде «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Электр жабдықтары», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімді үлгілеу», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары оқытылады.
«Бізде 2024 – 2025 оқу жылында 758 студент білім алуда, оның 210-ы биыл бітіруші топтарда оқиды. Колледж студенттері үшін болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Бітіруші түлектеріміз үшін осындай мазмұнды кездесу ұйымдастырған сіздерге ризашылығымызды білдіреміз», - дейді Бақыт Баймұратқызы.
Кездесу барысында колледж оқытушылары мен студенттері де өз ой-пікірлерін ортаға салып, университет мамандықтары туралы сұрақтарына тиісті жауаптар алды. Тараптар алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты оан ары тереңдеруге уағдаластық жасады.
KazNARU Баспасөз қызметі.