Ақылбек Күрішбаев, Ұлттық ғылым академиясының президенті: Академияның институционалды қалыптасуы аяқталды
Жуырда Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевты қабылдап, отандық ғылымды дамыту мәселелері талқыланған еді.
https://aikyn.kz/279337/ak-ylbek-kurishbaev
Кездесуде бір жыл бұрын ғана жаңа мәртебе берілген Ұлттық ғылым академиясы отандық ғалымдардың күш-жігеріп біріктіріп, ғылым мен экономикаға нақты пайда әкелетін жаңалықтар енгізу қажеттігі сөз болған. Осыған орай, біз Ұлттық ғылым академиясында атқарылып жатқан игі істер мен ғалымдарды, талантты жастарды тарту мәселесі жөнінде білгіміз келіп, Ақылбек Қажығұлұлымен сөйлескен едік.
– Құрметті Ақылбек Қажығұлұлы, Сіз жуырда Мемлекет басшысының қабылдауында болып, жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының былтыр атқарған қызметінің негізгі нәтижелері жөнінде баяндадыңыз. Ұлттық академияның қалыптасуы қалай жүргізілді және оның жұмысының алғашқы нәтижелері туралы айтып берсеңіз...
– Былтыр Ұлттық ғылым академиясының институционалдық қалыптасуы толығымен аяқталды. Академия қызметінің заңнамалық негізі құрылды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңға сәйкес ол елдің жалғыз жоғары ғылыми ұйымы мәртебесіне ие болды. Оны тұрақты түрде қаржыландыру тетіктері әзірленді.
Сонымен қатар Ұлттық академия мүшелерінің жаңа құрамы қалыптасты. Бұл жұмыс жаңа ережелерге сәйкес 3 кезеңдік рәсім бойынша конкурстық негізде жүргізілді. Осы қағида бойынша ашық конкурс нәтижесінде Ұлттық академияның 17 мүшесі сайланды. Олардың барлығы – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар. Әлемдегі 20 жетекші ғылым академиясының тәжірибелерін талдау негізінде академияның миссиясы, пайымдауы және 10 жылға (2035 жылға дейін) арналған Даму стратегиясы нақты индикаторлармен дайындалды.
Ұлттық академияның ішкі құрылымы да алға қойылған міндеттерге бағдарлана отырып жүйеленді. Атап айтқанда, отандық ғылымның нақты жай-күйін бағалау үшін арнайы талдау орталығы құрылды. Өткен жылы осы орталықтың күшімен елімізде ғылыми саланың дамуына кедергі келтіретін маңызды факторларды анықтау бойынша жұмыс басталды. Өйткені саланың нақты жағдайын білмей, онда дұрыс реформалар жүргізуге болмайды.
Академия салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» ҰКП, бизнес өкілдерінің және жетекші отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен алғаш рет өңірлік және салалық 30 форсайт-сессия өткізді, нәтижесінде ғылыми зерттеулер үшін 200 басым міндет айқындалды. Бұдан басқа, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес 2025-2027 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың 113 ғылыми-техникалық міндеттеріне алғаш рет сараптама жүргізіліп, олардың 87-сі бойынша ескертулер берілді.
Ең бастысы, біз ғылымды дамытудағы басым бағыттарды айқындаудың тұжырымдамалық тәсілдерін ұсындық. Қазіргі таңда Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия 3 жылға ғылымның 7 басымдығын бекітеді, олар өз ішінде тағы 153 мамандандырылған басым ғылыми бағытқа бөлінеді. Бірақ шын мәнінде, бұл – басымдықтарды анықтау механизмі емес, ғылым бағыттары бойынша бюджет қаражатын бөлудің ғана схемасы.
Ғылыми зерттеулер жүргізудің әлемде қабылданған стандарттарын және үздік тәжірибелерін бейімдеу негізінде біз академияның ғылыми этика кодексін алғаш рет әзірлеп бекіттік, онда ғылымдағы орынсыз мінез-құлық ретінде фальсификация, бұрмалау, плагиат, мүдделер қақтығысы және жалған бірлескен авторлықтың ресми анықтамалары айқындалды.
Ұлттық академия ғылыми-зерттеу практикасында пәнаралық тәсілді енгізуге және қолдануға баса назар аударып отыр, себебі әлемдегі үлкен ғылыми жаңалықтар мен ірі жетістіктердің шамамен 90%-ы дәл осы тәсіл негізінде жасалады. Бізде керісінше, ғылымда ұсақ тақырыптар басым. Бұл – біздің ғылымымыздағы белең алған тағы бір жүйелік мәселе. Өткен жылы біздің академиктер 3 ірі интеграцияланған пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың техникалық тапсырмаларын дайындады. Оларды іске асыру ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді сұрыптарын шығаруда, отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті және энергияны сақтау технологиясын дамытуда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Сонымен қатар Қытай ғылым академиясымен бірге су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару бойынша пәнаралық мегагранттың техникалық тапсырмасын дайындау жұмыстары басталды.
Ұлттық академия қызметінің тағы бір маңызды бағыты – ғылым саласына жастардың келуі үшін жағдай жасау. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Ұлттық академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі (ЖҒК) құрылды. ЖҒК мүшелері «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын Парламент қабырғасында талқылау барысында ғылымның жаңа заңнамалық негізін құруға белсенді қатысқанын ерекше атап өткен жөн.
2024 жылдың қарашасында «Жас Сәтбаевшылар» атты Қазақстан жас ғалымдарының I Конгресі өтті. Конгресс шеңберінде өзекті ғылыми бағыттар бойынша 8 ғылыми конференция, дөңгелек үстел және нетворкинг өткізілді, онда Қазақстанның 120-дан астам үздік жас ғалымы, оның ішінде шетелде жұмыс істейтін дарынды жастар ғылыми баяндамалар жасады. Конгреске барлығы 1000-нан астам жас ғалым қатысты.
Ұлттық академия ең озық тәжірибені ілгерілетуге және ғылымды насихаттауға көп көңіл бөлуде. 2024 жылдан бастап академия мен Astana Hub ақпараттық орталығының қызметкерлері әзірлеген «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы ғылым және мемлекеттік ғылыми стипендиялар саласындағы сыйлықтар алу үшін ұсынылған жұмыстарды қабылдау электрондық форматта жүзеге асырылуда.
Ұлттық академияның халықаралық байланыстары да жандана түсті. Өткен жылдың өзінде шетелдік ұлттық академиялармен және әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен, атап айтқанда РФ (РҒА), АҚШ (NASEM), Қытай (CAS), Tүркия (TÜBA) және тағы басқа елдердің ғылым академияларымен 27 меморандумға қол қойылды. Жалпы алғанда, академияның халықаралық бастамалары елге шамамен 3 млн АҚШ доллары көлемінде шетел инвестициясын тартуға мүмкіндік берді.
Қорытындылай келе, ғылым туралы қазіргі ұлттық баяндама қазақстандық ғылымның жай-күйін бағалауға сыни көзқарасты қолдана әрі жекелеген салалар үшін нақты ұсынымдар бере отырып жасалғанын, яғни оның практикалық маңыздылығын арттыруға баса назар аударыла дайындалғанын атап өткім келеді. Оған алғаш рет жас ғалымдардың жағдайы мен жетістіктері, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметін коммерцияландыру сияқты бөлімдер енгізілді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында академияның ғылымды дамыту туралы 649 материалы жарық көрді. Оның ішінде 113 – теледидар мен радиода, 191 – бұқаралық ақпарат басылымдарында және 345-і электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
– Бізде ғылыми зерттеулер нәтижелерінің өндіріске енгізілуі өте әлсіз екені белгілі, оның үстіне өңірлердің инновациялық белсенділігі де төмен деңгейде қалып отыр. Бұған не себеп және Ұлттық академия осы мәселені шешу жолында қандай жұмыстар атқарды?
– Оның басты себебі өңірлік ғылымның дамуындағы кереғарлықта жатыр. Нақты цифрларды мысалға келтірейін: ҒЗТКЖ-ға қатысатын ғалымдардың 60%-ы Алматы және Астана қалаларында тұрады, елімізде ғылымға бөлінетін барлық қаражаттың 66%-ы да Алматы мен Астанаға тиесілі. Өкінішке қарай, осы жұмысты басқаруға және үйлестіруге тікелей мүдделі жергілікті атқарушы органдар бұл істен шын мәнінде шетте қалған, бұл ғылымды қалдық принципі бойынша қаржыландыруға әкеп соқты. Мәселен, 2023 жылы тек 8 облыстың әкімдігі (ШҚО, СҚО, Павлодар, Қызылорда, БҚО, Ақтөбе, Жамбыл және Қарағанды) жергілікті бюджеттен ғылыми зерттеулерге қаражат бөлді, олардың үлесі мемлекеттік қаржыландырудың 0,43%-ын құрады. Орталықта орналасқан ғылыми ұйымдар да нақты сектордың проблемаларынан алшақтап кеткен. Сондықтан олардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері жергілікті жерлерде сұранысқа ие емес.
Ал дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, олардың инновацияларды дамытудағы жетістіктері, ең алдымен, ғылымның өңірлік деңгейдегі өндіріспен тығыз байланысында жатыр. Бұл жұмыстардың барлығын дамыған елдерде жергілікті билік үйлестіреді.
Аталған мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің басшылығымен жергілікті жерлерде ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестер құруды тапсырды. Ұлттық академия осы тапсырманы орындауға белсене атсалысты. Өңірлік ғылымды дамыту мақсатында біз Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында өңірлердің экономикасына арналған ғылыми жетістіктердің көрмесін ұйымдастырып және жергілікті атқарушы органдар үшін практикалық ұсынымдар бере отырып, Академия Президиумының 4 көшпелі отырысын өткіздік. Осы ретте форсайт процесінде айқындалған өңірлік проблемалар сол өңірлерге ғылыми зерттеулер үшін перспективалық міндеттер ретінде ұсынылды. Бұдан басқа, біз Үкіметке әкімдердің қызметін бағалау рейтингіне өңірлік ғылымды дамыту көрсеткіштерін кіргізу туралы ұсыныс енгіздік.
Академиктер министрліктерге салалық ғылымды дамытуға кеңес беріп, көмектесе бастады. Атап айтқанда, АШМ басшыларының қатысуымен Шортанды ауылында аграрлық ғылымның проблемалық мәселелері бойынша Ұлттық академия Президиумының көшпелі отырысы өткізілді, оның нәтижелері бойынша біз ел басшылығына тиісті талдамалық жазба дайындап жолдадық. Қарағанды қаласында Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен медицина ғылымының жетекші ғалымдарымен үлкен кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойынша медицина ғылымын дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды.
– Жалпы, отандық ғылым жүйесі үшін өткен жылды қалай бағалайсыз?
– Былтыр жалпы отандық ғылым үшін сәтті жыл болды. Біріншіден, ол Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығымен тұспа-тұс келді. Президентіміздің бастамасының арқасында 2024 жыл ғылым тарихына «Сәтбаев жылы» ретінде енді, оның шеңберінде тек біздің академия 50-ден астам ғылыми конференция, семинарлар, дөңгелек үстелдер, ғылыми олимпиадалар және т.б. өткізді, олар ел жұртшылығы арасында ғылымды насихаттауға баға жетпес үлес қосты.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге ұлғайды, жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, соның ішінде оларға баспана беру бойынша нақты шаралар анықталды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, Ұлттық ғылым академиясы ҚР Президентінің жанындағы академия мәртебесіне ие болып, елдің жалғыз жоғары ғылыми ұйымына айналды.
Кез келген қоғамның инновациялық дамуының тірегі мықты ғылым екені белгілі. Ғылыми зерттеулерімізді әлемдік деңгейге көтеру үшін біз әлі талай өзгерістер жасауымыз керек. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде мемлекеттік ғылым академиясын ұйымдастыру туралы шешімінің тарихи маңызы бар екеніне сенімдімін. Академияның біз дайындаған 2035 жылға дейінгі даму Стратегиясын дәйекті іске асыру оның әлемдік қауымдастық мойындаған ғылыми орталыққа айналуына және елдің ғылым саласын дамытуда жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Ардақ СҰЛТАН