KazNARU

«ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӘНЕ ESG: ЗАМАНАУИ БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛАР» КУРСЫ АШЫЛДЫ

✅ 2025 жылғы 27 қаңтарда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде офлайн/онлайн форматта «Тұрақты даму және ESG: Заманауи бизнеске арналған стратегиялар» курсының ресми таныстырылымы болып өтті.

✅ Курс тұрақты даму мен ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару) стратегиялары мен әлеуметтік-корпоративтік жауапкершілік көзқарастарын біріктіруге ұмтылатын табысты бизнес пен кәсіпкерлерге арналған.

✅ Курстың ашылу салтанатына шет елдер мен Қазақстанның озық университеттерінің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, бизнес қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, курсқа біздің ЖОО оқытушылары мен білім алушылары да қатысты.

✅ Іс-шараның модераторы KazNARU Халықаралық қатынастар және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Рафис Абазов.

«Бұл ұйымдастырылған курс тұрақтылық пен ESG негізгі тұжырымдамаларын, соның ішінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (SDGs), тұрақты ауыл шаруашылығын, жасыл энергияны, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және корпоративтік басқаруды қамтиды. Спикерлер экологиялық менеджмент пен тұрақты бизнес-модельдер саласындағы озық тәжірибелер, сондай-ақ қазіргі бизнестегі этика мен тұрақты тұтынудың рөлі туралы жан-жақты түсінік береді. Сонымен қатар, курс қатысушыларға тұрақты жобалар мен бастамаларды сәтті басқару үшін қажетті білім мен практикалық дағдыларды ұсынады», - деді Рафис Фанисович.

✅ Тақырыпты оқытудың негізгі мақсаты – қатысушылардың бизнес-практикада ESG-стратегияларын әзірлеу және іске асыру саласында тұрақты дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыруға үйрету. ESG критерийлері бойынша мониторинг пен есеп берудің стратегиялары мен құралдарын әзірлеуге ерекше назар аударылды.

✅ Қызу пікірталас барысында – БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникация департаментінің өкілі Самек Властимил, AlmaU, Қазақстан және АҚШ коммерцияландыру жөніндегі проректоры Уайт Кендрик, Алматы қаласының бизнесті дамыту компаниясы бизнес ортаны талдау департаментінің директоры Ибрагимов Нариман, БҰҰ жанындағы Әлем университетінің тұрақты бақылаушысы Раму Данударан (онлайн), ҚБТУ бизнес-инкубаторының директоры Попов Владимир, EFES Kazakhstan компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Эркан Альп Зейнеп, MDP Бас хатшысы, АҚШ Колумбия университетінің профессоры Родригез Люсия (онлайн), CCI Kazakhstan корпоративтік коммуникациялар және тұрақты даму жөніндегі басшысы Алина Абилева, Небраска-Линкольн университетінің профессоры, АҚШ Зимброфф Эндрю (онлайн) және т.б. қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

✅ Спикерлер ESG тұжырымдамасы қоғамның болашақтағы даму алдындағы жауапкершілікті көздейтінін атап өтті. Бұл:

● табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;

● биологиялық түрлердің жойылу қаупін азайту;

● гендерлік теңдікті сақтау;

● климаттың өзгеруімен, кедейшілікпен және аштықпен күресу.

Әлем қазіргі уақытта өмірдің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін және сонымен бірге жаңа ұрпаққа зиян тигізбейтін жолдармен дамуы керек. Бұл бағытта бизнес үлкен рөл атқарады.

✅ Спикерлер атап өткендей, жаһандық экологиялық және әлеуметтік сын-тегеуріндер жағдайында орнықты даму қағидаттары мен ESG-ді бизнес-стратегияға интеграциялау аса маңызды болып отыр. Бұл қадам бизнес құрылымдардағы компанияларына қоғамның заманауи талаптары мен үміттерін қанағаттандыруға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар бизнестің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігіне ықпал етеді.

✅ Іс-шара соңында «Тұрақты даму және ESG: Заманауи бизнеске арналған стратегиялар» курсының қатысушылары KazNARU басшылығына сындарлы және пайдалы кездесу ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.

KazNARU Баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник