KazNARU СТУДЕНТТЕРІНЕ БЕЛГІЛІ КӘСІПКЕР ЕРНАР ЖҰМАБЕКОВ ДӘРІС ОҚЫДЫ
Білім беру және кәсіптік практиканы ұйымдастыру аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің "Инженерлік технологиялар" факультетінде қазақстандық жетекші кәсіпкердің бірі – "Дарқан Дала" ЖК басшысы Ернар Жұмабековтың "Макарон өнімдерін өндірудің инновациялық технологиялары" тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Іс-шараны "Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі" кафедрасы В068 "Азық-түлік өнімдерінің технологиясы" білім беру бағдарламасында оқитын студенттер үшін арнайы ұйымдастырды.
Ернар Жұмабеков студенттер алдында өзінің кәсіпорны туралы таныстырып өтті. 2021 жылдан бастап негізі қаланған еңбек ұжымы заманауи итальяндық технологиялар бойынша қысқа кесілген макаронның жеті түрін шығарады.
«Кәсіпорнымыздың құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, нарықтағы өз орнымызды таба білдік. 2022 жылдың аяғында – кәсіпорын шығаратын өнімдер халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, "FOODEXPO QAZAQSTAN" көрмесінде "Сапа дипломын" жеңіп алып, бірінші орынға ие болдық. Бүгінде осы өнімдеріміз жақсы сұраныстың нәтижесінде Қазақстанда ірі бөлшек сауда желілерінде сатылымға шығарылған. Алдағы уақытта макарон өнімдерінің ассортиментін одан ары көбейтуге және өндірістік масштабты кеңейтуге күш саламыз. Осы саланың маманы болғысы келетін талапкерлерді бізден тәжірибе өтуге шақырамыз», - дейді Ернар Ильясұлы.
Спикер технологиялық инновациялардың шикізат пен дайын өнімнің сапасына қалай әсер ететінін көрсете отырып, өндірістің инновациялық аспектілеріне ерекше назар аударды. Өнім шығарудағы негізгі кезеңдер – қамырды илеу, престеу, макарон пішіндерін кесу, кептіру, салқындату және сақтау процесін тұрақтандыру процестері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Дұрыс қолданылған өндіріс параметрлері жартылай фабрикаттардың сапасына тікелей әсер ететіні айтылды.
Қонағымыздың дәрісін студенттер өте мұқият қызығушылық танытып тыңдады және тамақ өнеркәсібіне қатысты түрлі сұрақтар қойып, итальяндық технологиялар саласының даму перспективалары туралы пікір алмасты. Дәріс соңында ұйымдастырушылар кәсіпкерге ризашылық білдіріп, рахмет айтты.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Ернар Жұмабеков оқу ордамызда жас мамандар дайындауға қосқан үлесі және ғылыми жұмыс нәтижелерін өндіріске енгізуге ықпал еткені үшін университет Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының Алғыс хатымен марапатталған болатын.
KazNARU Баспасөз қызметі