KazNARU

Ақылбек КҮРІШБАЕВ: ӨҢІРЛЕРДІҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Ғылымды дамытуда туындап отырған мәселе өте көп. Отандық ғалымдар өнер­табыс нәтижелерін өндіріске енгізіп, оны ел игілігіне айналдыруға еңбек етіп жатыр. Бірақ коммерцияланып, кәдеге асып жатқан жетістік аз. Сон­дық­тан Президент жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күріш­баевпен ғылымды дамытуға байланысты туындаған бірқатар мәселе төңі­ре­гінде әңгімелескен едік.

– Ақылбек Қажығұлұлы, жақында Мемлекет басшы­сының қабылдауында болып, академия қызметінің нәтиже­лерін баяндадыңыз. Президент Ұлт­тық ғылым академиясына зор жауап­кер­шілік жүктеп, ғы­лым алдында тұрған түйткілді мәселелерді шешуге сенім артып отыр. Қазір елімізде ғылым қандай жағдайда дамып жатыр, нәтижесін қашан көреміз?

– Алдымен Ұлттық ғылым академиясы нақты жұмыстарға кіріс­пес бұрын, былтыр инсти­ту­цио­налдық тұрғыдан қалыптас­ты. Заңнамалық негізі құрылды. «Ғылым және технологиялық сая­с­ат туралы» заңға сәйкес елі­міз­дегі бірден-бір жоғары ғылыми ұйым мәртебесіне ие болды. Тұрақты қаржыландыру тетіктері әзірленді. Ұлттық академия мүшелерінің жаңа құрамы қалыптасты. Конкурс бойынша академияның 17 мүшесі болып, яғни ел ғылымының дамуы­на елеулі үлес қосқан ғалымдар сайланды. Олардың қатарында елі­мізге белгілі математик, ака­демик Асқар Жұмаділдаев пен Орталық Азияда «The Ferran Sunyer i Balaguer Prize» халықаралық сыйлығын алғаш иемденген, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, математика саласындағы жетекші жас ғалым Дөрбетқан Сұрағанның таңда­луы жайдан-жай емес. Ғылымда жетістікке жеткен тұлғалар аз емес, бірақ олардың насихаты кемшін. Ғалымдардың өнегелі ісін үлгі ете отырып, ғылымға жағдай жасау арқылы ғылымдағы жастар қатарын көбейте аламыз.

– Академия алдағы бағдарын әлемдегі 20 шақты дамыған ел­дер­­дің ғылым академиясы тәжі­ри­бе­леріне сәйкес бағдарлап, 10 жыл­дық даму жолын айқын­дады. Ұлт­тық ғылым жұмысын шетел тәжі­ри­бесімен қалай ұш­тас­тыру керек?

– Дамыған елдердің білім мен ғылымға қолдауы экономикалық дамуынан көрініс беріп отырғаны белгілі. Батыс елдері ғана емес, бүгінде Азияның көшбасшы­сына айналған елдер тәжірибесі осыны айғақтайды. Осыған сәй­кес болашақтағы даму бағда­рын анықтаған Ұлттық ғылым акаде­миясының стратегиясы нақты индикаторлармен да­йын­далды деп нық сеніммен айта аламын. Ол ғылыми, ғылыми-техни­ка­лық қызметті жақсарту, басым бағыттарды айқындау, ғылыми және талдамалық зерт­теулер жүр­гізу, ғалымдар ара­сындағы коопе­рацияны кеңейту, мемлекеттік саясатты ғылыми-сарап­тамалық қолдауда жетекші ғалым­дарын біріктіруді көздейді. Қазіргі таңда академияның ішкі құры­­лымы да осы бағытта жүйе­ленді. Талдау орта­­­лығы құрылып, ғылым­ның да­муына кедергі кел­тіріп отырған фак­торларды анық­тау жұмыстары басталды.

– Былтыр жыл соңында академия өңірлерге жүргізілген фор­сайт зерттеулер нәтиже­сін жария­лады. Соның бары­сында анық­­талған мәселелерге тоқталасыз ба?

– «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға сәйкес 2025–2027 жылдарға арналған бағ­дар­ла­малық-нысаналы қаржы­лан­ды­ру­дың 113 ғылыми-техникалық мін­­дет­теріне алғаш рет сараптама жүргізіліп, 87-сі бойынша ескерту жасалды. Ең бастысы, тиісті орындарға ғылымды дамытудағы басым бағыттарды ай­­­қындаудың тұжырымдама­­­лық тәсілі ұсынылды. Енді Жоғарғы ғы­­лыми-техникалық комиссия 3 жыл­ға ғылымның 7 басымдығын бе­кі­­тетін болады. Оның ішінде 153 ма­мандандырылған ғылыми бағыт бар. Нақтылағанда, бұл – тек ғылым бағыттары бойынша бюд­­жет қаражатын бөлудің тетігін көр­сетеді. Осыған қарап, бюджет қара­жатының да сұрауы бар екенін түсіну қажет. Яғни экономиканың бәсе­келестік артықшылықтарын ескере отырып, нәтиже беретін ғы­­лы­ми бағыттарды көбірек қар­жы­­­­ландыру маңызды. Нақты айт­қан­­да, ғылымның мәселелерін шешуде, міндеттерді дұрыс қоя білу қажет.

– Ғылымның түйткілді мәсе­ле­лері жыл сайын еліміздегі ғы­лым­ның жағдайына қатысты ҰҒА тарапынан әзірленетін Ұлт­­тық баяндамада да айты­лып келді. Бұдан қандай қоры­тын­ды бар?

– Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама – әлемдік және ұлттық ғылымның жай-күйі мен даму үрдістерін талдауды, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетін же­тілдіру жөніндегі ұсыныстарды, дамудың басым бағыттарын негіз­деуді қамтиды. Ғылым жөніндегі жыл сайынғы есеп, яғни ұлттық баян­дама ғылымдағы негізгі даму үрдістерінің жай-күйін талдау, дамуына әсер ететін оң және теріс факторларды анықтау, ­басым бағыттарын айқындау үшін ұсынымдар әзірлеуді мақ­сат етеді. Онда ғылымның жағ­дайы, әлемдік трендтер, сала­лар бойынша ұсыныстар қам­тыл­ған. Ғылымның жай-күйін баға­лау сыни көзқарастар негі­зінде әзірленген. Оған алғаш рет жас ғалымдардың жағдайы мен же­тіс­тіктері, жоғары оқу орын­да­ры­ның ғылыми қызметін коммер­ция­ландыру туралы жаңа тарау енді.

– ҰҒА тарапынан өңірлердің инновациялық белсенділігінің төмендігі жиі айтылады. Осы бағытта қандай жұмыс атқа­рылып жатыр?

– Бұл өңірлік ғылымның дамуындағы бірқатар жайттармен тығыз байланысты. Нақты цифрларға тоқталсам, ҒЗТКЖ-ға қатысатын ғалымдардың басым бөлігі Алматы мен Астана қала­ларында тұрады. Нәтижесінде, бөлінетін қаражаттың 66 па­йы­зы осы өңірлердің еншісіне тиіп отыр. Өкінішке қарай, бұл жұмысты басқаруға, үйлесті­руге тікелей мүдделі жергілікті атқарушы органдар бұл істен шеттеп қалған. Салдары ғылымды «қалдық қағидаты» бойынша қар­жыландыруға әкеп соқтырды. Мәселен, 2023 жылы 8 облыс­тың әкімдігі (ШҚО, СҚО, Павло­дар, Қызылорда, БҚО, Ақтөбе, Жам­был және Қарағанды) жер­гі­лікті бюджеттен ғылыми зерттеулерге қаражат бөлген болса, олардың үлесі мемлекеттік қаржыландырудың небәрі 0,43 пайызын ғана құраған. Орталықта орналасқан ғылыми ұйымдар да нақты сектордан алшақтап кеткен. Анықталғанындай, ғылыми зерттеулер нәти­же­лері жергілікті жер­лерде сұра­ныс­қа ие емес. Дамыған елдердің тәжіри­бесіне сүйенсек, олардың инновацияны дамытудағы жетістіктері, ең алдымен, ғылымның өңірлік деңгейдегі өндірісімен тығыз байланысында жатыр. Бұл жұмыстардың барлы­ғын үйлестірумен жергілікті билік айналысады.

– Енді аталған мәселені қа­лай шешуге болады?

– Мемлекет басшысы облыс әкімдерінің басшылығымен жер­гілікті жерлерде ғылым және тех­нологиялар жөніндегі өңір­лік кеңестер құруды тапсырғаны белгілі. Ұлттық ғылым академия­сы осы тапсырманы орындауға кірісіп, өңірлік ғылымды дамыту мақсатында Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қараған­ды облыстарында өңірлердің экономикасына арналған ғылыми жетістіктер көрмесін, 4 көшпелі отырыс өткізді. Форсайт нәти­жесіне қатысты ғылыми зерт­теу­лер жүргізу ұсынылды. Бұдан басқа, Үкіметке әкімдердің қыз­­метін бағалау рейтингіне өңір­лік ғылымды дамыту көр­сет­кіш­­терін кіргізу туралы ұсыныс енгі­зілді. Ендігі кезекте академиктер министр­­ліктерге салалық ғы­лымды да­мытуға кеңес беріп, кө­мек­тесе бас­тады. Атап айт­қан­да, Ауыл шаруа­­шы­лығы министр­лігі өкіл­дерінің қаты­суы­мен Шор­­­­танды ауылында аграр­лық ғылым­ның мәселелері бойынша Ұлттық академия прездиумының көшпелі отырысы өтіп, нәтижесі­не қатысты ұсыныстар жолданды. Қарағанды қаласында Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен медицина ғылымының жетекші ғалымдарымен үлкен кеңес өтіп, медицина ғылымын дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы дайындалды.

– ҰҒА тарапынан қабыл­данған этика кодексі қандай мәсе­­лелерді қамтиды?

– Ғылыми зерттеулер жүр­гі­зу­дің әлемде қабылданған стан­дарт­тарын және үздік тәжіри­бе­лерін саралай отырып, акаде­мия тарапынан ғылыми этика кодексі әзірленді. Онда ғы­лым­­дағы орынсыз мінез-құлық ретінде фальсификация, бұр­малау, плагиат, мүдделер қақ­ты­­ғысы және жалған бірлескен автор­лықтың ресми анықтама­лары айқындалды. Кодекс ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына қолжетімді. Әлемдік тәжірибеде ғылымды дамытуға қатысты стандарттарды көптеп кел­тіруге болады. Сыннан өткен осын­дай тәжірибенің ғылыми қоғам­дастықта қолданыс табуы аса маңызды. Сондықтан академия әлемдік үздік тәжірибені таразылай отырып, ғылыми регла­мент­терді кеңінен тара­тады. Ұлттық академия ғы­лыми зерттеу практикасында пәнаралық тәсілді енгі­зуге және қолдануға да баса назар аударып отыр. Өйткені әлем­дегі үлкен ғылыми жаңалықтар мен ірі жетістіктердің шамамен ­90 пайызы осы тәсіл негізінде жаса­ла­ды. Бізде керісінше, белең алған тағы бір жүйелік мәселе – ғы­­лым­да ұсақ тақырыптардың көп­­­тігі. Былтыр академиктер 3 ірі инте­­грацияланған пәнара­лық ғы­лы­­ми-техникалық бағдар­ла­ма­лар­дың тех­никалық тапсырмаларын да­йындады. Оларды іске асыру арқы­лы ауыл шаруашылығы дақыл­да­ры­ның жоғары өнімді сұрып­т­арын шығаруда, отандық фар­ма­­­цев­тикалық өнеркәсіпті және энер­­гияны сақтау технология­сын дамытуда елеулі серпіліс жа­сай­­тын­ды­ғына сенім зор. Соны­мен қатар Қытай ғылым акаде­мия­сы­­мен бірлесіп, су ресурста­­рын тиім­ді әрі қауіпсіз басқару бойын­ша пән­ара­лық мегагранттың тех­ни­­ка­лық тап­сырмасы дайындалып жатыр.

– Академия жанында Жас ға­лым­дар кеңесі жұмыс істеп жа­тыр. Оған қоса былтыр «Жас Сәт­баев­шылар» I конгресі өтіп, көп­теген түйткілді мәселе тал­­­қы­­ланды. Одан қандай нәти­же бар?

– Ұлттық академия қызметі­­­­нің тағы бір маңызды бағыты – ғылым саласына жастардың келуі­не жағдай жасау. Жас ға­лым­дар кеңесінің мүшелері «Ғылым және технологиялық саясат ­тура­лы» заң жобасын талқылауға қаты­сып, жаңа заңнамалық негізін құруда белсенділік танытты. Қазіргі кезде академия ең озық тәжірибені ілгерілетуге және ғылымды насихаттауға көп көңіл бөліп отыр. Былтырдан бастап академия мен «Astana Hub» ақпараттық орталығымен «Ұлттық инновациялық жүйенің бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесі әзірленіп, ғылым және мемлекеттік ғылыми стипендия­лар саласындағы сыйлықтарға ұсынылған жұмыстарды электронды негізде қабылдау іске асты.

– Бірқатар шетелмен бір­лесіп, академия жанынан бір­неше орталық ашылды. Бұл ғы­лым­ның инновациялануына қаншалықты жол ашады?

– Былтырдың өзінде бір­қа­тар шетелдердің ұлттық ака­де­мия­лар, жетекші ғылыми орта­лықтары, атап айтқанда РФ (РҒА), АҚШ (NASEM), Қытай (CAS), Tүркия (TÜBA) және тағы басқалармен 27 меморандум­ға қол қойылды. Қазақстан-Неміс ғылыми зерттеу орталығы (KGRCC), форсайттық зерттеулер жөніндегі Қазақстан-Корея ғылыми-техникалық инно­ва­циялық орталығы, Қазақстан-Қытай ғылыми-техникалық инно­вациялық орталығы құрылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ базасында медицина ғылымы саласындағы озық зерттеулердің Алматы-Шэньчжэнь, Чжэцзян технологиялық университетімен бірлесіп ашылған су ресурстары бойынша тұрақты даму және кеңіс­тіктік-уақыттық жасанды интел­лект жөніндегі халықаралық инте­грацияланған зертхананың бола­­шағы зор. АҚШ Ұлттық ғы­лым, инженерия және медицина ака­демиясы, Қырғызстан және Тәжік­стан ұлттық ғылым акаде­мия­ларымен «Орталық Азия­дағы өмір туралы ғылымдар сала­сын­дағы деректерді басқарудың үздік тә­жіри­белерін әзірлеу және енгізу» ғылыми жобасы іске асып жатыр. Жал­пы алғанда, ака­де­мия­ның ха­лық­аралық бастамалары елге ша­ма­мен 3 млн доллар көле­­мінде ше­тел инвестициясын тартуға мүм­кіндік береді.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник
Chatbot