KazNARU

Лайықты марапат

Алматыдағы Ғылым ордасын­да Халықаралық әйелдер күні қарса­ңында Президент жанын­дағы Ұлт­тық ғылым ака­демиясының ғалым-әйелдерге ар­­налған академик Н.Базанова атын­дағы марапаты табыс етілді.

Академик Найля Базанова – Қазақстан мен Орталық Азия көлемінде әйелдер арасынан шыққан тұңғыш академик.  Сондай-ақ ол  қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Президент жанындағы ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев ғалым аруларды 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, олардың ел  ғылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

– Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құруды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Осы кешенді жоспардың ішінде әйелдердің ғылым саласын дамытудағы алар орны ерекше болмақ. Алдымызда қаншама жауапты міндет тұр. Президент «Әйел – өмір тірегі ғана емес, өмірдің өзі» дей отырып, әйелдер еңбегін лайықты бағалау, ана мен отбасын қорғау, рухани қолдау – мемлекеттік саясаттың алтын арқауы екенін әрқашан атап айтып келеді. Өткен бір жылдың ішінде қаншама жас ғалым қыздарымыз Мемлекет басшының тапсырысымен пәтер алды. Сонымен бірге стипендия, грант иегері атанды. Бұл үрдіс әлі де жалғасады деп сенеміз. Көктем мерекесі – барша нәзік жандыларға деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісіне айналды. Халқымызда «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Қоғамда әйелдер кеңінен араласқан салада жеңіс те, жеміс те қатар жүреді, – деді ҰҒА президенті.

Мазмұнды шараға ғылымды дамытуға айрықша үлес қосып жүрген 400-ге жуық жетекші әйел-ғалымдар, ғылыми қыз­меткерлер, оқытушылар мен жоғары оқу орын­дарының, ғылыми ұйымдардың басшы­лары қатысты. Ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапат отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып, ғылымның әртүрлі бағыттарында үздік нәтиже көрсетіп жүрген 48 ғалымға табыс етілді. Марапатқа лайықты үміткерлер университеттер мен ғылыми-зерттеу инс­титуттары ұжымдарының ұсыныстары бо­йынша анықталған. Олардың қатарында «Қазақстандық ғалым әйелдер қоғамы» бір­­лестігінің төрағасы, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Танат Аяпова, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бірін­ші проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Диляра Қайдарова, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, техника ғылымдарының докторы Маржан Нұрпейісова, Ахмет Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жамал Манкеева, Семей медицина университетінің профессоры Люд­мила Каражанова, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінің профессоры София Сағындықова және басқалар бар.

Бүгінде елімізде ғылыммен айналысып жүрген әйелдер арасындағы зерттеуші мамандар 12 мыңға жуықтады. Бұл жалпы ғалымдар санының 55,6 пайызын құрайды. Ғылыми дәреже қорғаған нәзік жандылар қатары жыл сайын өсіп келеді. Биылғы көрсеткіш бойынша әйелдер арасындағы ғылым докторлары – 848, ғылым кандидаттары – 2 872, PhD – 1 806-ға жетті.

ҰҒА деректері бойынша, былтыр отан­дық ғалым әйелдер «Web of Science» және «Scopus» журналдарында үш мыңнан астам мақала жариялаған, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Өткен жылы «Web of Science» бірінші квартилін­дегі ең беделді журналдарда жариялаған ма­қалалар саны 500-ден асты.

АЛМАТЫ 

ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН, 08.03.2025 ж

https://egemen.kz/article/383249-layyqty-marapat

---------Chatbot---------
виртуальный помощник