KazNARU

KazNARU БАЗАСЫНДА ПЕКИННІҢ CAU ФЛИЛАЛЫН ҚҰРУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

✅ 2025 жылдың 31 наурызында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне Пекиннің Қытай ауыл шаруашылық университетінің (CAU) жоғары деңгейлі делегациясы ресми сапармен келді. Екі күнге созылған жұмыс сапары аграрлық білім беру мен ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан ары тереңдетуге арналды.

✅ KazNARU Басқарма төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов CAU делегациясының жетекшісі, Халықаралық департамент директоры TANG Ying бастаған ғалымдарға университеттер арасындағы бірыңғай білім беру кеңістігін құру және ғылыми зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізудің екі ел үшін де аса маңыздылығы зор екендігін атап өтті.

✅ «Біздің Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлының тікелей басшылығымен және қолдауымен Қытайдың 40-қа жуық ғылыми ұйымдарымен және университетімен тығыз ынтымақтастық орнатты. Бұл бастамалар болашақта бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлауға, екі мемлекеттің агросаласының өзекті мәселелері бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні анық. Сондай-ақ, Қытай ауыл шаруашылығы университетімен бірлесе KazNARU базасында Филиал құру бағытында іскерлік жоспарлар басталды. Филиал құрылғаннан кейін екі тараптың бірлескен күш-жігерін қажет ететін білім беру бағыттарын дамытуымыз керек», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Бұған дейін KazNARU базасында Қытай аграрлық университеті және Dayu Irrigation Group компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Цифрлық зертхана», Ланьчжоу университетімен бірлесіп, озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін «Қазақстан-Қытай Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы, Қытайдың Henan Qianlian Landscape Design Engineering Co. қолдауымен «Қазақстан - Қытай ландшафттық инновациялар орталығы» , Қытай ауылшаруашылық университеті және Eavision компаниясымен бірлескен «Қазақстан-Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы» ашылды.

✅ Бұл бастамалар туралы Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары, п.ғ.д. Абдыров Айтжан Мұхамеджанұлы, Халықаралық қатынастар мен стратегиялық даму проректоры Абазов Рафис Фанисұлы, Басқарма төрағасы-Ректордың кеңесшісі Думан Иманмади және декандар мен мамандар кеңінен таратып, түсіндіріп өтті.

«Жаңа жобалар білікті кадрлар даярлау, су ресурстарын тиімді басқару, өсімдіктерді қорғауға арналған дрондарды пайдалану аясын кеңейту, ауыл шаруашылығын цифрландыру және тұрақты дамуын қолдау сияқты маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Қазіргі уақытта осы орталықтарда өз салалары бойынша білім алушыларды практикалық үйрету курстары басталды», - деді Айтжан Мұхамеджанұлы,.

✅ Өз кезегінде CAU делегациясының жетекшісі TANG Ying осы сапарда KazNARU басшылығымен бірлесіп, бірқатар өзекті мәселелерді пысықтауға келгенін атап өтті. Оның айтуынша, Қытай аграрлық университетінің іргетасы 1905 жылы қаланған мемлекеттік ірі жоғары оқу орны. Әлемнің озық 180 ғылыми және білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Агрономия және биотехнология, биология, ветеринария, тамақ технологиясы, инженерлік, информатика және электротехника, экономика және менеджмент, медицина және философия, минералды ресурстар және қоршаған орта, фауна мен технологияны зерттеу саласындағы кәсіби мамандарды даярлайды.

✅ Жоғары деңгейдегі ғылым, өндіріс, білім беру және зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылауға қытай ғалымдары қатысты. Атап айтқанда, Zhao Wensheng – өсімдіктерді қорғау саласының маманы, шегіртке індетіне қарсы күрес бойынша бірнеше ұлттық зертханаларды басқарады. He Xiongkui – ауыл шаруашылығы дрондары бойынша сарапшы, қазіргі уақытта Тайландта жобалары бар. Wu Caicong – Beidou спутниктік жүйесінің жетекші маманы, Тәжікстан мен Иракта жобалар жүргізуде. Liu Wenfeng – Орталық Азиядағы ынтымақтастық жобалары бойынша сарапшы. GUO Xin – Жоғары мектептің атқарушы деканы және бір топ зерттеушілер қатысты.

✅ Олар қазіргі уақытта екі университет арасындағы оқу бағдарламаларының сәйкестігі 20-30% ғана екенін атап өтіп, болашақта оның аясын кеңейтуді ұсынды.

Сонымен қатар, су ресурстарын басқару және кадрлар даярлау бойынша ынтымақтастық жобасы жасалды. Биылғы ортақ мақсат – екі дипломдық бағдарламамен15 студенттен қабылдау және келісімнің толықтыруды қажет ететін бөлімдерін талқылау. Бұл арада екі тарап арасындағы басты мәселе – қаржыландыруға тіреліп отыр.

Биылғы мамыр-маусым айларында Қазақстан-Қытай шегіртке індетіне қарсы күрес жобасы бойынша конференция өткізіп, бірлескен зертхана құру мүмкіндігін қарастыру сөз болды.

✅ 1 сәуір күін «Дағдылы ауыл шаруашылығы және құрғақ аймақтарда су ресурстарын басқару" тақырыбындағы Халықаралық семинар және эксперттік кездесулер ұйымдастырылды.

Эксперттік кездесулердің басты нәтижелері:

✔ Аграрлық робототехника саласында бірлескен зерттеулер жүргізу

✔ Қазақстандық фермерлер үшін цифрлық ауыл шаруашылығы шешімдерін әзірлеу

✔ PhD дәрежесіндегі қосарлы дипломдық бағдарламаларды іске қосу.

2025-2026 оқу жылына арналған жобалар талқыланды:

✔ "Smart Farming" бірлескен зертханасын ашу

✔ Қытайдың Beidou навигациялық жүйесін Қазақстандық егістіктерде сынау

✔Ауыл шаруашылығы мамандары үшін академиялық алмасу аясын кеңейту.

✅ Сапар соңында CAU делегациясының жетекшісі TANG Ying ханым университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР ҰҒА Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлына осындай кең көлемде кездесу өткізіп, халықаралық семинар және эксперттік талқылаулар ұйымдастыруға барынша мүмкіндік жасағаны үшін өздерінің алғыстарын білдірді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник