ЖЕҢІС ТЕ ОРТАҚ, АБЫРОЙ ДА ОРТАҚ
Бүгін ҚазҰАЗУ Спорт кешенінде XX факультетаралық студенттер спартакиадасының жабылу салтанаты болып өтті.
Спорттың 10 түрі бойынша екі ай бойы өткізілген жарыстардың нәтижесінде жеңімпаздар атанғғандарды университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының академигі Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы марапаттады.
«Тәні саудың –жаны сау» деген даналық сөзді бәріміз де жақсы білеміз. Кез келген елдің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігін дәлелдеуді қажет етпейді. Ұлттың денсаулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Бұл – айқын нәрсе.
«Білім алып жатқан әрбір студенттің өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру, жаппай спортқа баулу, оларға бұқаралық спортпен айналысуға жағдай жасау – біздің оқу орнының бұлжымас қағидаты. Осыған орай, студенттеріміз денешынықтыру мен салауатты өмір салтының қажет екендігін терең түсінетіні қуантады. Бүгінгі спартакиада қорытындысы соның айқын дәлелі. Барлық жеңімпаздарды ортақ жеңістермен құттықтаймын және алдағы уақытта да биік асулардан көріне берулеріңізге тілектеспін!» - деді Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде.
Спартакиаданың барлық кезеңіне алты факультеттің командалары түгелдей белсене қатысты. Ашық та әділетті өткен, нағыз тер төгілген жарысқа қатысушыларды Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, Академиялық мәселелер жөніндегі атқарушы директор Айнұр Қайрабаева, «Дене тәрбиесі және спорт» кафедрасының меңгерушісі, дзю-до күресінен спорт шеберіне кандидат Меруерт Тұяқбаева құттықтап, Дипломдар мен қаржылай жүлделер тапсырды.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі
Фото М.Ботабеков