KazNARU мен ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ МЕМОРАНДУМ ҚАБЫЛДАДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Жамбыл облысы Білім басқармасының басшылары және жоғары сынып оқушылары «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытындағы офлайн және онлайн форматында кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге KazNARU проректорлары, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, Жамбыл облысының Білім басқармасы өкілдері, мектеп директорлары мен сынып жетекшілері, профориентологтар, жоғары сынып оқушылары мен университет студенттері қатысты.
Кездесуді KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы ашып, еліміздегі жетекші университеттің халықаралық стандарттарға сай сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға байланысты бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне тоқталып, кездесуге қатысушыларға сәттілік тіледі.
«KazNARU бастамасымен қазіргі таңда түрлі облыстардың білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен, мектеп және колледж директорларымен кәсіби бағдарды ұйымдастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оқу ордамыздың әр факультеті мен кафедралары, әрбір оқытушы белгілі бір мектептерге жауапты болып бекітілді. Оқу жылы басталғаннан бері тұрақты түрде онлайн форматында өткізіліп келе жатқан кәсіби бағдар жұмыстарының тиімділігі өз нәтижесін береді деп сенеміз. Бүгінгі кездесуден кейін университетімізде жоғары білім алғысы келетін жамбылдық талапкерлер қатары толыға түседі деп ойлаймыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының «Педагогикалық менеджмент және білім сапасын басқару» бөлімінің әдіскері Жұматаева Меруерт Мұратқызы өз сөзінде облыстағы 449 мектепте 361 кәсіби педагогтар кәсіби бағдар беру жұмыстарын бекітілген кестеге сай атқарып отырғанын атап өтті.
«Облысымызда 2024-2025 оқу жылында 14 653 оқушы мектепті бітіреді. Жоғары сынып оқушылары үшін болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстарын тұрақты жүргізудеміз. Өңірімізде ауыл шаруашылғы мамандықтарына деген деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Бүгінгі кездесу мектеп бітірушілердің мамандық таңдауына үлкен әсер ететіні анық», - деді Меруерт Мұратқызы.
Жиынға университет Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары, педагогика ғылымдарының докторы Абдыров Айтжан Мухамеджанұлы, Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы, Халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Абазов Рафис Фанисұлы, Жастар ісі жөніндегі комитет жетекшісі Әшірәлі Сманов, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, Қабылдау комиссиясының мамандары, мемлекеттік грант иегерлері – Рысалы Наргиза, Әділбек Нұрислам, Айтқан Аяулым т.б. білім алушылар белсенділікпен қатысып, сөз сөйледі.
Спикерлер университеттің заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктері туралы презентация ұсынды. Жиынға қатысқан жоғары сынып оқушылары аграрлық мамандақтардың болашағына қызығушылық танытты.
Кездесу қортындысында университет басшылығы мен «Жамбыл облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі және барлық мектеп директорларының қатысуымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
KazNARU Баспасөз қызметі