ҚазҰАЗУ мен ҚЫТАЙДЫҢ ХЭНАНЬ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
2023 жылғы 15 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Қытайдың Хэнань провинциясы Білім департаменті директорының орынбасары Дяо Юхуа бастаған делегациямен кездесті.
Делегация құрамында Кай Хун - Хэнань провинциясының Білім департаменті Халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасы директорының орынбасары, Ян Баочэн - Хуанхэ Ғылым және технологиялар институтының Вице-президенті, Цзяо Сяоминь - Чжэнчжоу университетінің Халықаралық білім колледжінің деканы, Ту Ке - Хэнань Ауылшаруашылық университетінің Халықаралық байланыс және ынтымақтастық бөлімінің директоры, Ван Баоюй, Хуанхуай университетінің Халықаралық білім беру факультетінің деканы, Думан Иманмади - Орталық Азия экология және қоршаған ортаны қорғау зерттеу орталығының жетекшісі (Алматы) болды.
Сондай-ақ, кездесуге ҚазҰАЗУ басшылығы, декандар, кафедра меңгерушілері мен ғалымдар қатысып отырды.
Іс-сапардың негізгі мақсаты – ҚазҰАЗУ қызметімен жақын танысу, жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын бірлесе даярлау және ғылыми-зерттеу мәселелерін қарастыру.
Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев ҚазҰАЗУ Қазақстандағы аграрлық саладағы жетекші ЖОО болып табылатынын және Қытай мемлекетінің озық жоғары оқу орындарымен, әрі ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық күшейіп келе жатқанын атап өтті.
«Жақында Қытай Ғылым академиясының Вице-президенті Чжан Таомен уағдаластықтар шеңберінде ҚазҰАЗУ базасында Қазақстан-Қытай су ғылымдары мен технологиялары ғылыми-зерттеу орталығын ашу жоспарлануда. Пекиндегі Қытай аграрлық университетімен өзара келісім аясында «Су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі Қазақ-Қытай орталығы» ұйымдастырылады. Енді, міне, Хэнань провинциясының Білім департаменті мен ЖОО-лары арасында білім алмасу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру бағытын күшейтуді көздеп отырмыз. Менің өзім де 2018 жылы Хэнань Ауылшаруашылық университетінде іс-сапар барысында сіздердің инновациялық даму үрдістеріңізбен танысқан болатынмын. Енді, міне, сіздер келіп отырсыздар. Ғылым мен білімнің ірі орталығы саналатын әсем Алматыға, біздің университетімізге қош келдіңіздер!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Өз кезегінде 100 млн халқы бар аса ірі өлке саналатын, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Хэнань провинциясының Білім департаменті директорының орынбасары Дяо Юхуа «Біздер де сіздердің жоғары білім беру, ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы инновациялық және технологиялық жетістіктеріңізбен алдын-ала жақсы таныстық. Сондықтан, ҚазҰАЗУ-мен ынтымақтастықты одан ары кеңейтуге, ғылыми-зерттеу саласында тәжірибе алмасуға дайынбыз», - дей отырып, өз ұсыныстарын білдірді.
Кездесу барысында ҚазҰАЗУ мен Хэнань провинциясы ЖЖО-лары арасындағы өзара байланыстарды тереңдету, ауыл шаруашылығындағы өзекті тақырыптар мен перспективалар, білім беру бағдарламалары бойынша бірлескен жобаларды жүйелі іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесу нәтижесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Хэнань Ауылшаруашылық университетінің басшылары өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойды. Құжат төмендегідей бағыттарды қамтиды:
1. Білім алушылармен, оқытушылар құрамымен және оқу/зерттеу ресурстарымен алмасуды жүргізу;
2. Серіктес ЖОО-ға ресми сапарлармен барып-келу;
3. Халықаралық конференцияларды бірлесіп ұйымдастыру;
4. Ғылыми жобаларды бірлесіп жүргізу;
5. Нақты академиялық салалар бойынша бірлескен білім беру/оқу бағдарламаларын бірлесіп дамыту;
6. Өзара түсіністік пен ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін басқа да іс-шараларға қатысу.
Кездесу аясында қонақтар ҚазҰАЗУ ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысып, жоғары баға берді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі.