ҚазҰАЗУ ҚЫТАЙДЫҢ ШАНЬДУН МАЛШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН КОЛЛЕДЖІМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ
2023 жылдың 20 маусымында ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, профессор Пірімқұл Ибрагимов Қытайдың Шаньдун Малшаруашылық және ветеринариялық мамандандырылған Колледжінің Сыртқы алмасу және байланыс қызметі жөніндегі проректоры Чжан Гуанбиньмен ЗООМ арқылы онлайн кездесу өткізді.
Кездесуге Қытай тарапынан Зоология институтының ректоры Ли Жучун, Зоотехника институтының проректоры Цзе Хунмей, Сыртқы алмасу және ынтымақтастық басқармасының қызметкері Ван Кэмэн, білім беру саласындағы консалтингтік компания «Welltech Caspian» ЖШС құрылтайшысы Медет Дүйсембаев пен директоры Мәди Дәулетяр (Астана қ-сы), сондай-ақ ҚазҰАЗУ проректорлары, Ветеринария факультетінің деканы мен құрылымдық сала басшылары қатысты.
Соңғы кездері ҚазҰАЗУ мен Қытай ЖООлары арасында ынтымақтастық байланыстар дамып келеді. Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев бұған дейін Қытай Ғылым академиясының Вице-президенті, профессор Чжан Tao бастаған делегацияны және Хэнань провинциясының Білім департаменті мен Хэнань Ауылшаруашылық университетінің делегациясын қабылдаған болатын. Келіссөз нәтижесінде екі жақты өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойылып, ынтымақтастықты дамыту жөніндегі іс-шаралар жүйесі басталды.
«Сонымен қатар, жақында Лан Джоу Ветеринариялық ғылыми зерттеу иниституты ғалымдары мен академиктер Бу Джыгау, Джаң Гайпинг университетімізде ғылыми сапарда болды.Осы уағдаластықтар шеңберінде ҚазҰАЗУ базасында «Ветеринариялық ғылыми зертхана» құру жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Бүгін, міне, Шаньдун Малшаруашылық және ветеринариялық мамандандырылған Колледжі басшыларымен ветеринария саласындағы қолға алынатын бірлескен жобаларды талқыламақпыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Өз кезегінде Шаньдун Малшаруашылық және ветеринариялық мамандандырылған Колледжінің Сыртқы алмасу және байланыс қызметі жөніндегі проректоры Чжан Гуанбинь мал шаруашылығы және ветеринария саласындағы бірқатар маңызды мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Оның ішінде, ауыл шаруашылығындағы кәсіптік жануарлардың жұқпалы және паразиттік ауруларымен күресу әдістерін іздестіру, диагностикалау және емдеу әдістерін қолдану, ауыл шаруашылығы жануарларын ұтымды
азықтандыру және ұстау, мал шаруашылығына қажетті білікті кадрларды бірлесе даярлау, т.б. көптеген тақырыптар талқыланды.
Кездесу соңында Пірімқұл Ибрагимов университет басшылығы атынан өзара серіктестік қарым-қатынастарды дамытуға ниет білдіргені үшін Қытай жағындағы әріптестеріне алғысын жеткізіп, бұл бағытта жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға әзір екендіктеріне сендірді.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі
Фото М.Ботабеков