KazNARU

ҚазҰАЗУ-ға ҚЫТАЙДЫҢ ЛАНЧЖОУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ КЕЛДІ

2023 жылғы 22 маусымда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев Қытайдың Ланчжоу университетінің (LZU) президенті, профессор Ян Чуньхуа бастаған делегациямен кездесті.

Кездесуге: Чи Ган, LZU халықаралық ынтымақтастық және алмасу басқармасының директоры; Лонг Жуйцзюнь, LZU Экология мектебінің профессоры, Ганьсу провинциясының тау-кен эко-ауыл шаруашылығы орталығының директоры; Ли Чунлинь, LZU халықаралық мәдени алмасу мектебі деканының орынбасары; профессор Дин Шуцинь, LZU «Бір белдеу, бір жол» көптілді зерттеу Орталығының директоры, Думан Иманмади, Орталық Азия экология және қоршаған ортаны қорғау зерттеу орталығының жетекшісі (Алматы) және ҚазҰАЗУ проректорлары, декандар мен ғалымдар қатысты.


Орта Азиядағы екі ірі ЖОО ректорларының бұл кездесуі ұзақ мерзімді перспективалы екіжақты қарым-қатынастарды, оның ішінде, жоғары білім беру және агроөнеркәсіптік сектор саласындағы көпвекторлы дамуды айқындаудың алғашқы қадамы ретінде қарастырылды.

«ҚазҰАЗУ соңғы уақыттарда қытайлық ғылым-білім мекемелерімен бірлескен бірқатар білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асыруда. Мысалы, Қытай аграрлық университетімен (Пекин), Хэнань ауылшаруашылық университетімен, Лан Джоу Ветеринарлық ғылыми зерттеулер институтымен және басқа ғылыми орталықтармен байланыс орнаттық. Қазір университетіміздің базасында су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі «Қазақ-Қытай орталығы» ұйымдастырылуда. Бұл мақсаттың жүзеге асуы әрине, уақытты талап етеді. Алайда, Қазақстанда су шаруашылығын жақсы меңгерген мамандар мен зерттеушілер жетіспейтіндіктен, бұл бағыттағы істерімізді жеделдетудеміз. Енді Ланчжоу университетімен ынтымақтастық ҚазҰАЗУ-дың Қытайдың озық технологияларына бағдарлануын күшейтуге, қытайлық әріптестерімізбен ынтымақтастықты жандандыруға және технологиялар мен инновациялардың тиімді коммерциялық нарығына шығуға көмегін тигізеді деп сенеміз», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.


Өз кезегінде Ланьчжоу университетінің президенті, профессор Ян Чунхуа LZU-ның ғылыми-зерттеу әлеуеті туралы егжей-тегжейлі айта келіп, бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Оның айтуынша, Ланьчжоу университеті ҚХР Білім министрлігінің тікелей қарамағында және Double First Class құрамына кіретін үздік университеттердің бірі болып табылады. ЖОО-дағы 31 факультетте ауыл шаруашылығы ғылымдары, фармакология және токсикология, инженерия, экология, математика, химия, физика, ботаника және зоология, биология және биохимия, клиникалық медицина, әлеуметтік ғылымдар, Жалпы және компьютерлік ғылымдар, өңірлік экономика және ядролық ғылым және т.б. мамандықтары бойынша 37 мың студент білім алады.


Кездесу барысында екі университет арасында бірлескен білім беру құрылымдарын (филиал, факультет) құра отырып, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, студенттер алмасу және кадрларды бірлесіп даярлау үшін мемлекеттік және басқа арналарды пайдалану, ПОҚ және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты кеңейту; ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында магистранттар мен докторанттардың ғылыми тағылымдамаларынан өту сияқты бірқатар мәселелері қаралды.


Екіжақты кездесудің қорытындысы бойынша Тараптар ҚазҰАЗУ базасында Агроөнеркәсіпті цифрландыру орталығын құру туралы келісті.
Сондай-ақ, қонақтар суару үшін суды пайдаланудың жаңа технологиялары бойынша бірлескен жобаны іске асыруды ұсынды.

Осы ынтымақтастық аясында ҚазҰАЗУ мен LZU арасында жоғары білім беру және ғылымды дамытудың негізі қаланды.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник