ҚАЗАҚСТАНДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АРТУЫ ЖАҒДАЙЫНДА СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ТӘСІЛІ БОЛМАЙ ТҰР
Бүгін ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күнсұлу Закарияның қатысуымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткен «Қазақстанның су ресурстары: проблемалар мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстелге қатысушылар осындай тұжырымға келді.
Су бүкіл тіршіліктің көзі, кез-келген елдің тұрақты дамуы үшін, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, энергия мен азық-түлік өндірісі, экожүйелер және адамның өмір сүруі үшін судың алар орны маңызды.
«Өкінішке орай, Қазақстанда су тапшылығының өсуі жағдайында су ресурстарын басқаруда әлі де жүйелі тәсіл жоқ. Министрліктер мен салалық мемлекеттік органдардың көптеген басшылары ғалымдардың ұсыныстарын назарға алмайды. Сондықтан, бұл дөңгелек үстел Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – су саласының жетекші мамандары мен ғалымдарының қатысуымен ғылыми инновацияларды енгізу арқылы қазіргі таңдағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талқылау», - деп атап өтті Күнсұлу Далтонқызы өзінің кіріспе сөзінде.
Іс-шараға модераторлық жасаған ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы –Ректор, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде су тапшылығы таяу арада мемлекет қауіпсіздігіне төнетін басты қауіптердің бірі болуы ықтимал екендігін және бұл тақырып ел Президентінің бақылауында тұрғанын жеткізді.
«Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды ұтымды пайдалануға және экономиканың барлық салаларында шығындарды азайтуға жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті. Су шаруашылығының барлық проблемаларын сапалы және уақтылы шешу туралы Президент тапсырмасын бұлжытпай жүзеге асыру бәріміздің ортақ міндетіміз», - деп атап өтті Ақылбек Қажығұлұлы.
Модератор А.Күрішбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан сумен қамтамасыз етілу деңгейі ең төмен елдердің қатарында болуы мүмкін екендігінің төмендегідей себептері бар:
- Біріншіден, халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы басты проблема – судың есебін толық жүргізбеу болып табылады. Біз әлі күнге дейін республикадағы су ресурстарының қорлары туралы нақты ақпаратты білмейміз. Бұл салада автоматтандыру, цифрландыру және қашықтықтан зондтау технологияларын қолдану деңгейі өте төмен.
- Екіншіден, су ресурстарын ұтымды пайдалану үрдісі қалыптаспаған. Біз өте көп су жұмсаймыз. Ел экономикасы Ресейге немесе АҚШ-қа қарағанда ЖІӨ-нің 1 долларына 3 есе, ал Австралияға қарағанда 6 есе көп су тұтынады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезінде судың шығыны 50-55 пайызға жетеді, ал су үнемдеу технологияларын енгізу деңгейі 20% - дан аспайды. Тамшылатып суару әдісі суармалы жерлердің 5,4% -ында ғана қолданылады.
Бұл ретте су ресурстарының 70%-ы АӨК саласында пайдаланылатынын атап өткен жөн. Бұл ретте елдің су шаруашылығы секторы инфрақұрылымының активті тозуы 70% - дан асады.
- Үшіншіден, Water recycling – қайтарылатын суды пайдалану әдісі бар. Израильде ауыл шаруашылығында суды қайта пайдалану 90% - дан асады. Жақында біз Германиядан келген серіктестермен кездестік. Оларда суды қайта пайдалану 70%-дан асады. Бізде АӨК-де қайтарма су іс жүзінде пайдаланылмайды.
- Төртіншіден, су саласын ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету буыны әлсіз. Елімізде, мамандардың айтуынша, Қазақстанның су шаруашылығындағы дағдарыс кадрлар даярлаудағы дағдарыспен тікелей байланысты.
Пікірталас шеңберінде Қазақстанның су ресурстары бойынша бірқатар өзекті мәселелері, проблемаларі мен оларды шешу жолдары, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шараларын және нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Онлайн-офлайн форматта өткен дөңгелек үстел жұмысына жетекші ірі жоғары оқу орындары мен ҒЗИ басшылары, қазақстандық және шетелдік белгілі ғалымдар қатысып, сөз сөйледі:
Медеу Ахметқал Рахметуллаұлы - "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ Басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі, "Су проблемасы контекстіндегі Қазақстан саласын дамыту перспективалары" тақырыбында;
Тәжғалиев Еркін Нұрланұлы - Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, "Қазақстанның су ресурстары тапшылығын шешу мәселелері мен жолдары" тақырыбында;
Байжұманов Мұхтар Қазбекұлы - М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ph Dоктор, "Су саласы кадрларын даярлау мәселелері" тақырыбында;
Рябцев Анатолий Дмитриевич - ҚазҰАЗУ "Су хабы" халықаралық зерттеу орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, "Су салаларының кадрлық және ғылыми мәселелерін шешудегі Су хабының қызметі" тақырыбында;
Түсіпова Қамшат Маратқызы-Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Delivery unit сарапшысы, (онлайн),"Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың сын-қатерлері" тақырыбында;
Профессор Ронни Берндсон (Ronny Berndtsson) - Лунд университетінің Таяу Шығыстағы озық зерттеулер орталығы директорының орынбасары (онлайн), "Өзгермелі әлемдегі суды басқару мәселелері туралы". Өз көзқарастарын ортағас алды.
Мысалы, профессор Ронни Берндсон климаттың өзгеруін, трансшекаралық бассейндердің гидрополитикасын, суды жоспарлау мен басқаруды ескере отырып, гидрологиялық модельдеу саласындағы зерттеулерді күшейтуге баса назар аударды.
«Егер әлем тұрақты дамуға ұмтылса, суды да басқара білуі қажет. Өйткені әлем алдағы кезде үш қауіпке тап болады – климаттың өзгеруі, азық-түлік пен энергия бағасының өсуі, жаһандық экономикалық дағдарыс. Барлық үш қатер кедейлікті, теңсіздікті және дамудың төмен қарқынын күшейтеді. Осыны ескере отырып, бүкіл әлемдегі гидрологтардың алдында адамзатқа осы өткір мәселелерді түсінуге көмектесу және оған осы салада шешім қабылдауға сүйенетін құралдарды ұсыну міндеті тұр", – деп атап өтті ол.
Жиын соңында ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Күнсұлу Закария барлық қатысушыларға, әріптестер мен ұйымдастырушыларға өзекті дөңгелек үстелді өткізгені үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі ашық және сындарлы кездесу осы саладағы қолданыстағы заңнамаларды жетілдіруге, мемлекеттік және ғылыми-қоғамдық ұйымдар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін жақсы қарым-қатынас дәстүріне бастау болатынына сенімдімін», - деп атап өтті Күнсұлу Далтонқызы.
Дөңгелек үстелге қатысушылар жиын қорытындысында су саласының қазіргі проблемалары және оларды шешу жолдары туралы Қарар қабылдады, ол заңнамалық негіздерді одан әрі жетілдіруге, сөйтіп, еліміздің АӨК дамыту саласындағы белгіленген жоспарлар мен міндеттерді іске асыруға ықпал ететін болады.
Екіншіден, дөңгелек үстелге қатысушылар арасынан су саласы бойынша жүйелі мәселелерді анықтау және оларды одан әрі жоғары тұрған органдарға беру үшін Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.
Барлық айтылған ұсыныстар су ресурстары мәселелерін мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру үшін ел Үкіметінің қарауына жіберілетін болады.
ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі