ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА ҚазҰАЗУ-дың «БІЛІМ ТАРАТУ ОРТАЛЫҒЫ» (ФИЛИАЛЫ) АШЫЛАДЫ
Бұл туралы 2023 жылдың 27 маусымында Талдықорған қаласында болып өткен «Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» атты семинар-кеңесте айтылды.
Семинар-кеңесті ашып, жүргізген жиын модераторы Жетісу облысының әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлы өз сөзінде облыстың оңтүстік-шығыстағы нағыз аграрлық саланың алтын өзегіне айналғанын айта келіп, ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың, әсіресе, аграрлық ғылымдағы жетекші рөл атқаратын белгілі академиктер мен профессорлардың өңірге арнайы келуі – агро өнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
«Ел Президентінің біздің өңірге қойған басты міндеті – халықтың әл-ауқатын жақсарту, адамдардың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жетісу облысы негізінен ауыл шаруашылықпен айналысатынын жақсы білесіздер, яғни өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, аграрлық саланы әлеуметтік-экономикалық дамудың драйверіне айналдыруды жалғастырудамыз. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу, сүт-тауар фермаларын, жылыжайларды және басқа да шаруашылықтарды құру саласындағы жұмыстар қолға алынуда. Шұрайлы жеріміздің мол байлығын әлі де толық игеру үшін тек инвестиция тарту ғана емес, өндірістің, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің инновациялық дамуын ғылыми қамтамасыз ету қажет екендігі анық. Сондықтан, мен бүгін отандық ғылымның көш басшыларымен кездескенімізге қуаныштымын. Сіздердің пайдалы кеңестеріңіз, жаңашыл ғылыми әзірлемелеріңіз ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қол жеткізген жетістіктерін одан әрі еселеуге айтарлықтай ықпалы тиетініне сенемін!»,- деген Бейбіт Исабаев өңірдің өзекті мәселелеріне қысқаша тоқталып өтті.
Әкімнің айтуы бойынша, облыста ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2022 жылы 510 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 544 млрд теңгеге өскен. Соның ішінде, егін шаруашылығы 2,3 пайызға, мал шаруашылығы 3,5 пайызға көтерілген. Ірі қара мал, жылқы, қой-ешкі, түйе өсімдерінің, ет-сүт өнімдерінің, жеміс-жидек пен көкөніс өсірудің ұлғайуы, ауылдардағы құрылыс нысандарының жаңғыртылуы, шет елдік инвесторлар қолдауымен су үнемдеу технологиясының енгізіле бастауы сияқты оң нәтижелер ортаға салынды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында білікті кадрлардың жетіспеушілігі, шаруа қожалықтарындағы фермерлердің біліми сауатының заман көшінен қалып қойғандығы, жайылымдардың құнарсыздануы сияқты кемшіліктер де ашық айтылып, ғалымдар назарына ұсынылды.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы Жетісу облысының ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал өсіру, көкөніс-жылыжай шаруашылығы, егіс және жайылымдарды жаңғыртуға, инновациялық суару технологиясын енгізуге, басқа да салаларды ғылыми тұрғыдан қолдауға отандық ғалымдардың дайын екендігін жеткізді.
«Жетісу өлкесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының және малдың гендік қорын жинақтау, қалыптастыру, зерттеу, құжаттау, оларды тәжірибеде пайдалану; биотехнология мен гендік инженерияның қазіргі заманғы жетістіктерін енгізе отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының бәсекеге қабілетті сорттары мен будандарын шығару; мал тұқымдарын асылдандыру; ғылыми әзірлемелерді даярлау және өндіріске енгізу; АӨК мамандарын оқыту және ғылыми-консултациялық қызметтер көрсету мәселелерін ауыл шаруашылығында тіклей қызмет атқаратын мамандармен бірлесе талқылау үшін арнайы келдік», - деген Ақылбек Қажығұлұлы шаруа қожалықтарындағы қызметкерлерге ғылыми-консултация беретін «Білім тарату орталығын» ашу туралы ұсынысын білдірді.
Ректордың сөзін ҒЗИ директорлары мен академик ғалымдар қолдай отырып, уақыт талабына сай әлемдік тәжірибеде «жоғары білім беру - ғылым - өндіріс» интеграциясы үлкен нәтижелер беріп отырғанын ғылыми тұрғыдан негіздеп, ортаға салды.
Атап айтқанда, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Басқарма төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР АШҒА академигі Бастаубаева Шолпан Оразқызы – «Жетісу облысының АӨК тұрақты дамуы үшін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ ғылыми әзірлемелерін өндіріске енгізу»;
Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының Басқарма Төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты Дүйсембеков Бахытжан Әлішерұлы – «Жетісу облысының негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдеріне қарсы қолданатын тиімді күрес шараларының технологияларын өндіріске ендіру»;
Жетісу облысы әкімінің орынбасары Жақанбаев Әлібек Әскербекұлы – «Жетісу облысы ауыл шаруашылығы саласының қазіргі таңдағы ахуалы мен даму перспективалары»;
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының Басқарма Төрағасы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Төреханов Айбын Әдепханұлы – Жетісу облысында мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытуды ғылыми қамтамасыз ету;
ҚазҰАЗУ Халықаралық су инновациялық Хабының басшысы Рябцев Анатолий Дмитриевич – «Жетісу облысында сумен қамтамасыз етуді арттыру және суармалы жерлерді ұлғайту перспективалары» тақырыбында баяндамалары мен тұжырымдарын ұсынды.
Семинар-кеңеске қатысушылар түрлі саладағы табиғи өнімдер мен ғылыми әзірлемелер қойылған Ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктер көрмесімен танысып, жоғары баға берді.
Жиынды қорытындылай келе, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев ҚазҰАЗУ басшылығының тың ұсынысын қолдай келе, Талдықорған қаласында фермерлерге қызмет көрсететін «Білім тарату орталығын» немесе университет филиалының ашылуына барынша мүмкіндік жасауға дайын екендігін жеткізді.
Жаңа құрылымдық бөлімшенің миссиясы – агросаланың қажеттілігіне қарай, АӨК субъектілеріне оқыту іс-шараларын жүргізу және кеңес беру арқылы ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи, тиімді технологияларды, инновацияларды тарату және енгізу.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі