KazNARU

ҚазҰАЗУ «АГРОБИОЛОГИЯ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 90-шы ТҮЛЕКТЕРІ ДИПЛОМ АЛДЫ

2023 жылдың 03 шілдесінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің акт залында «Агробиология» факультетінің бакалавр мамандығы бойынша бітірген түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімі болып өтті.
Салтанатты іс-шараны универсиет Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР Ұлттық академиясының Вице-президенті, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевтың атынан ректордың орынбасары Пірімқұл Ибрагимов құттықтау сөзбен ашып, түлектерге алдағы өмірлеріне ақжол тіледі.


Бұл қуанышты бөлісуге ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары – Провост міндетін атқарушы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Айнұр Қайырбаева, Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, «Агробиология» факультетінің деканы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Ержан Абилдаев, университеттің «Ақылдастар алқасының» мүшесі, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Тастанбек Атақұлов, факультет декандары, оқу орнының оқытушы-профессорлары мен ата-аналар, білім алушылар қатысты.


Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Пірімқұл Ибрагимовтың айтуы бойынша «Агробиология» факультетінің тарихы сонау Қазақ ауыл шаруашылығы институты құрылған күннен бастау алады. 1933 жылы факультетті ең алғаш 78 адам бітіріп шықса, оның ішінде 57 адам агроном-полевод, 21 адам агроном – жеміс-көкеніс шаруашылығының мамандары атанды.
Ауыл шаруашылығы бүгінгі таңда біздің еліміздегі экономиканың басты драйверінің бірі болып отыр. Осы ауқымды салаға қажетті, жоғары санатты сапалы мамандарды дайындауда ҚазҰАЗУ-дың орны ерекше. Жоғары білім берумен қатар, университет ғылыми инновациялық зерттеулерді өндіріске енгізуде және пайдалануда көш бастап келеді. Оқу ордасының іргетасы қаланған күннен бастап, бүгінге дейін 150 мыңнан астам білікті мамандар оқып-тәрбиеленді. Соның ішінде көптеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі академик, профессорлар, ғылым және агроөндіріс кешенінің білікті басшылары, табысты кәсіпкерлер, фермерлер және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан айтулы азаматтар бар.


«Өткен 90 жылдан астам уақыт ішінде оқу ордамызда аграрлық білім беруде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан және еліміздің ауыл шаруашылығындағы бірінші кезектегі міндеттерді тиімді орындауға ықпал ететін жақсы дәстүрлер қалыптасты. Сіздер сол игі дәстүрмен оқып-тәрбиеленген, осы киелі қара шаңырақтағы «Агробиология» факультетінің 90-шы түлектері болып отырсыздар. Университетте сапалы білім алдыңыздар, өз қабілеттеріңізді дамыттыңыздар, көзқарастарыңыз бен сенімдеріңізді тәжірибеде пайдалануды үйрендіңіздер. Көздерiнде оты, сөздерiнде жалыны, жүректерінде иманы бар баршаңыз туған Отанымызға, аграрлық салаға адал қызмет ететін білікті маман болатындарыңызға сеніміміз мол. Жаңа Қазақстанды өркендетіп, еліміздің ырысын еселеуге өз үлестеріңізді қоса беріңіздер! Сіздерге сәт сапар тілейміз!» - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.


Көптен күткен қуанышты сәттің әсерін жеткізуге – «Агробиология» факультетінің диплом алушылар атынан Аружан Каримова мен Бұлбұл Советбек, ата-аналар атынан Ерғали Бұлдыбаев пен Ләззат Бекетова ортаға шығып, ҚазҰАЗУ басшылығы мен барша профессор-оқытушылар құрамына төрт жыл бойы оқытып, мәртебелі мамандық иесі атандырғаны үшін өздерінің жүрекжарды алғыс лебіздерін білдірді.
Салтанатты кеш соңы танымал эстрада әншілері мен университет көркем-өнерпаздарының күшімен қойылған концертке ұласты.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі
___________________________________


«АГРОБИОЛОГИЯ» факультетін 2023 жылы бітіруші түлектер.
Жалпы бітірушілер – 210.
Үздік диплом иегерлері – 40.
1). 6В08101 - «Агрономия» білім беру бағдарламасы:
Диплом алғандар – 61
Оның ішінде: үздік диплом –14
2). 6В08102 - «Топырақтану және агрохимия» білім беру бағдарламасы:
Диплом алғандар –16
Оның ішінде: үздік диплом –3
3). 6В08103 - «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» білім беру бағдарламасы:
Диплом алғандар –33
Оның ішінде: үздік диплом – 9
4). «В08104 – «Өсімдік қорғау және карантин» білім беру бағдарламасы:
Диплом алғандар – 58
Оның ішінде: үздік диплом – 5
5). 6В05201-«Экология» білім беру бағдарламасы:
Диплом алғандар – 42
Оның ішінде: үздік диплом – 9

---------Chatbot---------
виртуальный помощник