KazNARU

«ЗООИНЖЕНЕРИЯ ЖӘНЕ ТАҒАМ ӨНДІРІСІНІҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМДАР САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ ТАБЫСТАЛДЫ

2023 жылғы 04 шілдеде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің акт залында «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің 6В05102 – «Биотехнология», 6В07112 – «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», 6В07207 – «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы», 6В07208 – «Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы», 6В07501 – «Стандарттау және сертификаттау (сала бойынша)», 6В08201 – «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламаларын бітіруші түлектеріне дипломдар салтанатты түрде табысталды.

Салтанатты іс-шараны Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Примкул Ибрагимов ашып, түлектерді есте қалатын ұмытылмас күнмен – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін табысты аяқтауымен және бакалавр академиялық дәрежесінің берілумен құттықтап, әрқайсысына бақыт және армандарына жету жолында табыстар тіледі.

Диплом тапсыру рәсіміне Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары – Провост м.а., экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Айнұр Кайырбаева, Басқарма Төрағасы – Ректордың орынбасары Қуат Сұлтанғазиев, университеттің «Ақылдастар алқасы» мүшелері, ҚР ҰҒА академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Төлеухан Садықұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Самбетбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Оспанов, «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Бибіпатыма Еренова, оқытушылар, ата-аналар, білім алушылар мен қонақтар қатысты.

Өз сөзінде Примкул Ибрагимов «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультеті 1929 жылы Алматы зооветеринарлық институтының «Зоотехникалық» факультеті ретінде құрылғандығын, қазіргі таңда факультет агроөнеркәсіп кешенінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу саласы үшін жоғары білікті, инновацияға бағытталған, ұшқыр ойлы және зиялы кадрларды даярлайтын университеттің базалық білім және зерттеу құрылымдық бөлімшесі болып табылатындығын, факультетте 2 ҚР ҰҒА  академигі, 1 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 15 ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты, 6 философия докторы (PhD) қызмет атқаратындығын атап өтті.

Бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағдарламалары факультеттің «Зооинженерия», «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» бейінді кафедраларында жүзеге асырылады.

Факультет  белгіленген миссияны орындап, алға қойылған мақсаттарға жету үшін базалық критерийлері мықты материалды-техникалық база, тәжірибелі профессор-оқытушылар құрамы, сапалы білім алушылар контингенті, жақын және алыс шетелдердің жетекші университеттерімен тығыз ынтымақтастық, серпінді даму болып табылатын барлық қажетті әлеуетке ие.

Салтанатты рәсімде факультеттің 220 түлегіне бакалавр дипломдары, оның ішінде 46 ерекше нұсқадағы дипломдар берілді.   

Түлектер, ерекше нұсқадағы диплом иегерлері Нұрайлым Тұралық пен Асия Палманова университет басшылығына және факультеттің профессор-оқытушылар құрамына оқу барысында берілген сапалы білімдері мен жасаған жағдайлары үшін алғыстарын білдірді.

Салтанатты шараны эстрада жұлдыздарының және университеттің талантты студенттерінің музыкалық құттықтаулары сүйемелдеді.

 Біз барлық түлектерімізді құттықтаймыз және шын жүректен сәттілік, кәсіби өсу және алға қойған мақсаттарға жетуде табандылық тілейміз.

Ақ жол, құрметті түлектер!


ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник