KazNARU

ҚазҰАЗУ-дың БАЙЫРҒЫ ЖӘНЕ ЕҢ ІРІ «ВЕТЕРИНАРИЯ» ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Еліміздегі ветеринария мамандарын даярлайтын бірден-бір жетекші оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті.
1929 жылы Қазақ Ветеринарлық институтының құрамында «Ветеринария» факультеті құрылды. Ветеринария факультетінің басты мақтанышы – оның түлектері. Олардың басым көпшілігі өз мамандығы бойынша ауылдарға, колхоздар мен совхоздарға жұмысқа жіберілді. Сонымен қатар, ірі өндіріс желісін ұйымдастырушылар мен басқарушылар, шаруа қожалықтары мен аудандар басшылары, жобалау және ғылыми зерттеу институттарының, облыстар мен министрліктердің, республиканың мемлекет және қоғам қайраткерлері өсіп шықты.
Оқу ордасында қуатты білім беру, ғылымды дамыту инфрақұрылымы мен кадрлық ресурстар ежелден қалыптасқан. Сол игі дәстүр қазірге дейін дейін жалғасып келеді.

Бүгін осы оқу ордасының ең ірі «Ветеринария» факультетінің түлектері салтанатты диплом алу рәсіміне қатысты. Олар ауыл шаруашылығындағы бүгінгі күннің маңызды сын-қатерлеріне жауап беретін, жануарлар әлемі мен қоршаған ортадағы оңтайлы денсаулыққа қол жеткізуді қамтамасыз ететін нағыз керекті білікті мамандар.

ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың міндетін атқарушы, ветеринария ғылымының докторы Пірімқұл Ибрагимовтың айтуы бойынша, ұлттық ветеринариялық қызметтер Халықаралық эпизоотологиялық бюросы Құрлық жануарлары кодексінде белгілеген халықаралық стандарттар мен ұсыныстарға сәйкес болуы керек. Бұл ұстаным берік сақталады.

Бүгінде экономиканың аграрлық секторында ветеринарлық мамандар тапшылығы байқалады: тиісті мәліметтер бойынша 7 мыңға жуық мал дәрігері жетіспейді екен.
Осы сұранысқа орай, университетте білікті ветеринарлық мамандарды дайындау үшін оқу және өндірістік практикаға бөлінген уақыт толығымен пайдаланылады. Оқу процесінде студенттердің кәсіби дайындық деңгейіне ерекше назар аударылады. ҚазҰАЗУ базасында инновациялық орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары және ғылыми зертханалар жүйелі жұмыс істейді.

Атап айтқанда:
- Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық ғылыми орталық;
- Ветеринария, фармация және санитария ғылыми-зерттеу институты;
- «Бактериозға қарсы биотехнология» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Микробиоценоз және пробиотиктерді жобалау» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Антипаразиттік биотехнология» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Молекулалық вирусология және диагностика» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Репродуктология және хирургиялық патология» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Ветеринариялық қадағалау объектілерінің гигиенасы және санитариясы» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- «Ветеринарлық фармацевтикалық технология» ғылыми-зерттеу зертханасы;
- Академик Г.С.Шабдарбаева атындағы патология және паразитология мұражайы;
- «Айболит» ветеринарлық клиникасы т.б.

«Ветеринария» бағыты бойынша қалыптасқан профессорлық-оқытушылық құрамы АӨК-ке қажетті мамандарды даярлау сапасын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Ең алдымен, білім беру бағдарламалары: «Ветеринария» және «Ветеринариялық санитария» оқытудың үш деңгейі бойынша тәуелсіз шетелдік сарапшылардың қатысуымен ACQUIN (Германия) агенттігінде халықаралық аккредитациядан өтті;
ХЭБ, жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып, модульдік оқу және жұмыс оқу жоспарлары әзірленді және әлемнің жетекші университеттерінің бағдарламаларымен барынша біріктірілді, мысалы:
- Жоғары ветеринарлық мектеп (Тулуза, Франция), Ганновер ветеринарлық медицина институты (Германия), Стамбул Джеррахпаша университеті (Түркия), Огайо мемлекеттік университеті (АҚШ), Қырғыз ұлттық аграрлық университеті К.И. Скрябина және басқалар;
- білім беру бағдарламаларын әзірлеуге мүдделі тараптар тартылуда;
- ағылшын тілін меңгерген студенттер арасынан ағылшынтілді және көптілді топтар құрылды;
- Дамыған академиялық ұтқырлық жүйесі қалыптасты. Студенттер тағылымдама алу үшін бір немесе бірнеше академиялық оқу кезеңдерінде Нидерланды, Франция, Польша, Түркия, Малайзия, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б. сияқты елдердің жетекші университеттеріне тәжірибеден өтуге барады.

Университетте жұмыс берушілердің еңбек жағдайларын көрсететін, әрі ветеринариялық мамандардың жұмыс орындарының тұрақты жаңартылатын бос жұмыс орындарының банкі және т.б. қажетті дерекқор құрылған.
Ветеринария мамандарын дайындау процесі «білім, ғылым және өндіріс» арасында тығыз байланысы бар жоғары оқу орынында ғана қамтамасыз етілетінін ҚазҰАЗУ тәжірибесі көрсетіп отыр.
Осындай заманауи оқу ордасында білім алып, шыңдалған түлектер алдағы уақытта Жаңа Қазақстанның экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамытуға бар күш-жігерін арнайды деп сенеміз!
Өмір белесіндегі алғашқы баспалдақтарыңыз құтты болсын!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

 

---------Chatbot---------
виртуальный помощник