БАСТЫ БАҒЫТ – АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІС БАЙЛАНЫСТАРЫН НЫҒАЙТУ
Осы маңызды мәселе 2023 жылғы 19 шілдеде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өткен «Егінжай күні» далалық семинар-кеңесінде кеңінен талқыланды.
«Ғылым мен өндіріс байланыстарын нығайту – уақыт талабы» атты семинар-кеңеске Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-Ректор, академик Ақылбек Күрішбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, ҒЗИ директорлары, ауылшаруашылығының көрнекті маман-ғалымдары, өндіріс пен бизнес, БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңеске сондай-ақ Түркия, Германия, Чили, Австралия, Пәкістан, Қырғызстан елдерінен келген селекция және тұқым шаруашылығы жөніндегі жетекші шетелдік мамандар, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғалым-зерттеушілері, оңтүстік-шығыс өңірлердегі жергілікті ауыл шаруашылығы басқармаларының және аумақтық инспекциялардың басшылары келді.
Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты.
Бүгінгі өте жылдам өзгеретін уақытта ғылым мен білімнің жетістіктерін өндірісте қолдану – қоғамның дамуында шешуші рөл атқарады. Инновациялық идеяларды ілгерілету мен прогреске қол жеткізу үшін, ғылыми қоғамдастық пен өндірістік сектор арасындағы тиімді өзара байланыстарды нығайту қажеттілігі күн өткен сайын анық байқалып отыр.
Семинар-кеңесті ашып, жүргізген модератор Ақылбек Күрішбаев «Егінжай күні» далалық семинар-кеңесінде өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары, егіс дақылдарының тұқым шаруашылығын ғылыми қамтамасыз ету және отандық инновацияны дамыту тетіктері, жаңа сорттарды өндіріске кеңінен енгізу және селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру сияқты мәселелер қарастырылатынын атап өтті.
Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңіріне орналасқан облыстар өзінің бірегей табиғатымен, құнарлы суармалы жерлерімен ғана бай емес, сонымен қатар, бұл аймақ еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырумен де ерекшеленеді. Бұл аймақта суармалы жерлердің 5%-ы ғана орналасқанымен, олар ауыл шаруашылығы саласының ішкі жалпы өнімінің 25-30% құрайды.
«Алайда, дәл қазіргі уақытта әлемде қатты қуаңшылық белең алуда. Соның салдарынан, орын алған геосаяси жағдай азықтық өнімдердің тапшылығын сездіруде. Демек, экономика үшін де, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуда қуаңшылыққа бейімделген егіс тұқымдары қажет. Европа мен Америкада шығарылған өнім тұқымдары біздің ауа-райымызға бейімделмеген. Сондықтан, ауыл шаруашылығы дақылдарының отандық селекциясын жақсарту, сол арқылы тұқым шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясаттың басым міндеттеріне айналуға тиіс», - деген Ақылбек Қажығұлы ғылыми жетістіктердің өндіріске баяу енгізіліп жатқан себептеріне тоқталып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар:
1). Оңтүстік өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, шаруа қожалықтарының біліктілігін арттыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің білім тарату орталығын (экстеншн) әрбір облыста ашу;
2). Мемлекеттік субсидияларды шетелдік өнім сорттарына емес, тек қана отандық өнім сорттарын жетілдіруге беру;
3). Ғалымдардың ғылыми жетістіктерін коммерциаландыру бағытында жергілікті облыстық әкімшілік тарапынан қолдау көрсете отырып, жергілікті 019 бағдарламасына бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту;
4). Оңтүстік өңірде тұқым шаруашылығы жүйесін дамыту мақсатында тұқым өндіру және сатумен айналысатын аттестатталған тұқым өндірушілер шаруашылығын әрбір облыста дақылдардың бағытына байланысты көбейту;
5). Өңірлердегі су тапшылығы ескере отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруда су үнемдеу технологияларын енгізу процесін жеделдету;
6). Ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында тыңайтқыштарды қолдану жүйесін арттыру;
7). Отандық ғалымдардың потенциалын пайдалана отырып, жемшөп өндірісін дамыту бағдарламасын (оның ішінде, ауыспалы егістегі жемшөп дақылдарының кемінде 30%-ын), жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын, әкімшілік аумақтық бірліктердегі жайылымдарды тиімді басқару мен тозған жайылымдарды жақсарту бағдарламасын әзірлеу.
Бұдан кейін сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев семинар-кеңеске қатысушыларды құттықтай отырып, өңір экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар ауқымына тоқталып өтті. Әкімнің айтуынша, облыста көктемгі егін егу жұмыстары, көкөніс өсіру және жинау, ауылдардағы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту және ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару сияқты күрделі мәселелерді ортаға салды.
«Жүйелі жұиыстардың нәтижесінде, ағымдағы жылы облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 3,5 мың гектарға ұлғайтылып 465,8 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде 264 мың га суармалы жер. Қазіргі уақытта дақылдарды күтіп-баптау (өсіру, минералды тыңайтқыштар себу және суару) жұмыстары жүргізілуде. Күзгі егін жинау жұмыстарына да дайындығымыз жақсы. Бүгінгі жиында көтеріліп отырған маңызды тақырып – ғылым мен білімнің жетістіктерін агроөндірісте қолдану мәселесі ауыл шаруашылығында жермен тікелей жұмыс жасайтын біздерге тың серпін береді деп сенеміз. Ел игілігін еселеу жолында бірлесе қызмет етуге ниет етіп отырған барша ғалымдар мен мамандарға сәттілік тілеймін», - деді Марат Елеусізұлы.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өз сөзінде әлемдік ауылшаруашылық нарығындағы болып жатқан жаһандық өзгерістерді алға тарта отырып, тұрақсыз геосаяси жағдай қоғамға көптеген заманауи азық-түлік жүйелерінің әлсіз жақтарын ашып көрсеткеніне тоқталды.
«Бұл процестер біздің еліміздің экономикасына да әсерін тигізетіні анық. Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін орнықты дамыту мақсатында саланы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылуда. Оны іске асыру нәтижесінде он жыл ішінде мыналарға қол жеткізу жоспарлануда:
- отандық өндірістің азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз ету;
- агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 3 есеге ұлғайту;
- ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 3 есе арттыру;
- АӨК-ке инвестициялар ағынын 4 есеге ұлғайту.
Осы міндеттерді шешу үшін АӨК субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, жер қатынастарын дамытуды және саланы цифрландыруды, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін шаралар кешені қолға алынды», - деді Ербол Тасжүреков.
Вице-министр бұл қадамдардың әлі де жеткіліксіз екенін, көрші әріптес елдер тарапынан бәсекелестіктің күшеюі, әлемдік нарық конъюнктурасының тұрақсыздығы, сондай-ақ климаттың өзгеруі мемлекет тарапынан саланы дамытуда жаңа инновациялық шешімдерді талап ететінін жасырмады.
«Сондықтан Мемлекет басшысы мен министрлік АӨК саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретінде аграрлық ғылымды дамытуға және мамандар даярлауға ерекше назар аударып отыр. Осылайша, аграрлық ғылымды дамыту және жоғары білікті кадрларды даярлау ғана АӨК дамуындағы локомотивке айналуына ықпалы тиері анық. Бүгінгі диалог біздің ынтымақтастығымыздың көкжиегін кеңейтуге қызмет ететініне сенімдімін. Біз әрқашан диалогқа ашықпыз, сондай-ақ республиканың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі тиімді және орнықты дамыту жөніндегі сіздерің идеяларыңыз бен ұсыныстарыңызды қарауға және талқылауға дайынбыз», - деп түйіндеді сөзін Ербол Қуанышұлы.
Республикамыздағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын «Қазақ егіншілік және сімдік шаруашылығы ҒЗИ» Басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева семинар-кеңеске қатысушыларды институт ғалымдарының ғылыми жетістіктерімен, алқаптағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарымен, АӨК саласындағы инновациялық әзірлемелермен таныстырды.
Шопан Оразқызыныі айтуынша, ҒЗИ ғалымдары ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің 500-ден астам сорттары мен будандарын өсіріп шығарған, олардың ішінде қазіргі уақытта елімізде 203 сорттар мен будандарды пайдалануға рұқсат етілген. Атап айтқанда: 31 – күздік бидай және тритикале, 34 – жемшөп, көпжылдық шөптер, 31 – жүгері, 31 – жаздық бидай, 24 – майлы дақылдар, 18 – арпа, 14 – сұлы, 8 – бұршақ дақылдары, 8 – қант қызылшасы, 4-күріш будандары бар. Таяу шетелдерде өндірісте 42 сортты пайдалануға рұқсат етілген. Олар ҚР мен ТМД елдерінде шамамен 3,0 млн. га жерді алып жатыр.
Іс-шара аясында көрнекті ғалымдар, бизнес, өндіріс өкілдері және мемелкеттік құрылымдардың жетекшілері ғылым мен өндіріс арасында қуатты серіктестік құру туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, инновациялық жетістіктерді өндіріске енгізу, өзара ынтымақтастықты қолдау және ғылыми-техникалық прогрессті дамыту бойынша баяндамаларын ұсынды.
Кеңеске қатысушылар Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ, өсімдіктерді қорғау және карантин ҒЗИ, мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ҒЗИ, О.Ө.Оспанов атындағы қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ, АӨК қазақ Экономика ҒЗИ, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жетістіктерінің көрмесін тамашалады.
Кеңеске қатысушылар «Ғылым мен өндіріс байланыстарын нығайту-заман талабы» тақырыбында өткен «Егінжай күні» жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары сыныпты тұқымдарымен өндірісті қамтамасыз ету үшін экономиканың аграрлық секторының тұқым шаруашылығы саласының ғылыми негіздерін жетілдіру, нормативтік-әдістемелік және заңнамалық базасын үйлестіру перспективаларын шешуге бастамашы болғанын атап өтті және ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі