ҚазҰАЗУ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТУІНЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ
2023 жылдың 19 шілдесінде ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары Пірімқұл Ибрагимов «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы Басқарма Төрағасы Олжас Сәкенов пен Төрағаның орынбасары Жалғас Молжігітпен кездесті.
Кездесуде Олжас Берлесұлы Мемлекет басшысының жыл сайын 500 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету жайлы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша ойларымен бөлісті. Ол еліміздің аграрлық саладасынғы ғалымдарының шет елдерде тағылымдамадан өтуіне жасалып жатқан жағдай туралы айта келе, ҚазҰАЗУ-дың ғалымдарын мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Өз кезегінде Пірімқұл Шолпанқұлұлы университет ғалымдарының әр жылдары шет елдік озық ЖОО-ларда сәтті тағылымдамадан өтіп жүргеніне тоқтала келіп, болашақта бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамытуға баса мән берілетіндігін атап өтті.
ҚазҰАЗУ Халықаралық кеңсе басшы Есбол Өміржанов университеттің ғалымдарымен келесі конкурсқа қатысу бойынша жұмыстар басталғанын атап өтті. Биылғы жылы университет ғалымдарын топтарға біріктіріп алдыңғы қатарлы шет елдік университеттерге тағылымдамадан өтуге жіберу жоспарлануда.
Ғылыми тағылымдама жетекші шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми орталықтарының, өзге де білім беру ұйымдарының тізіміне кіретін шетелдік ғылыми ұйымдарда ғылыми зерттеулердің басым бағыттарының тізіміне сәйкес – 3 айдан 12 айға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.
Ғылыми тағылымдамадан өтуге үмікерге келесідей талаптар қойылады:
1) кемінде магистр ғылыми дәрежесінің болуы;
2) заңды тұлғалар болып табылатын ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет субъектілері бойынша таңдалған ғылыми зерттеу мамандығы бойынша соңғы 12 (он екі) айдағы үздіксіз нақты жұмыс тәжірибесі;
3) жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерге сәйкес өтініш берушіні ғылыми тағылымдамадан өтуге қабылдайтын, тізбеге енгізілген шетелдік ұйымның сөзсіз шақыруының (қаржылық шарттарды қоспағанда) болуы;
4) талапқа сәйкес шет тілін меңгеруі;
5) ғылыми ізденіс нәтижелерінің кемінде екі ғылыми мақала ретінде жариялануы.
Биылғы жылы тағылымдамадан өтуге құжат қабылдау 28 тамыз – 13 қазан аралығында жүргізіледі.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі