KazNARU

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІ ҚазҰАЗУ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ГРАНТ ҰСЫНАДЫ

2023 жылдың 21 шілдесінде ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары – Провост м.а., профессор Айнұр Қайырбаева Өзбекстандағы Халықаралық ауылшаруашылық университетінің (IAU) Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Олег Хамдамовпен онлайн кездесу өткізді.

Халықаралық ауылшаруашылық университеті (IAU) Өзбекстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 7 мамырдағы №ПД-237 қаулысымен Ауыл шаруашылығы министрлігі және Англия Корольдік ауылшаруашылық университетімен бірлесіп құрылған және тікелей ӨР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайды. Мақсат – ауыл шаруашылығына қажетті білікті мамандарды халықаралық талаптарға сәйкес даярлау, студенттердің әлем деңгейінде білім алуына мемлекеттік деңгейде жағдай жасау.

Кездесу барысында университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасу, білім жетілдіру бағдарламаларын, жобалар мен ғылыми зерттеулерді бірлесе жүргізу, конференциялар өткізу және ҚазҰАЗУ магистранттарына IAU базасында білім алуға арнайы гранттар беру мәселелері қаралды.

Біздің түлектерге келесі магистрлік бағдарламалар бойынша стипендиялар ұсынылады:

- Тұрақты ауыл шаруашылығы және Азық-түлік қауіпсіздігі;

- Агробизнесті басқару;

- Ауыл шаруашылығы технологиясының магистрі және Инновация.

Келіссөз нәтижесінде, биылдан бастап ҚазҰАЗУ екі түлегіне аталған магистрлік бағдарламаларына стипендия берілетін болды. Олар 2,5 жыл бойы тегін білім алып, тегін жатақханамен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, олар одан ары өз білімдерін Англия Корольдік ауылшаруашылық университетінде жалғастыруға мүмкіндік алады.

IAU түлектері арнайы білім беру бағдарламасымен оқып, халықаралық тәжірибелерді меңгерумен қатар, Ұлыбританияның ең көне, әрі беделді Корольдік ауылшаруашылық университетінің дипломын қоса алады.

Әрине, талапкерлерден ағылшын тілін жетік білу талап етіледі. Қосымша ақпарат алу үшін ҚазҰАЗУ Халықаралық Кеңсесіне жүгіну қажет.

Жоғары білім беру мен ғылым саласындағы екіжақты халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бұл жоба алдағы стратегиялық әріптестікті дамытудың алғышарты болып табылады.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник