ҚазҰАЗУ БАСТАМАСЫМЕН «ЕГІНЖАЙ КҮНІ» ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
2023 жылдың 18 тамызында Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастырумен Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында «Балтабай 2030» шаруашылығында «Органикалық ауыл шаруашылығын жүргізу және экологиялық таза өнім алу» тақырыбында «Егінжай күні» ғылыми-практикалық семинар-кеңесі өткізілді.
Ауыл шаруашылығы үшін маңызы зор бұл жиынға ҚазҰАЗУ басшылығы, «Агробиология» факультетінің деканы, «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының меңгерушісі, жетекші ғалымдар мен докторантар, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ өкілдері, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары, биопрепараттар мен биотыңайтқыштарды өндірумен және сынаумен айналысатын отандық және шетелдік фирмалардың, «Әлем Агро», «Агрофлорин» «Hanseplant-Almaty» компанияларының жетекші мамандары қатысты.
✅ Семинар-кеңестің модераторы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғылым департаментінің директоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Кененбаев биылғы құрғақшылық және табиғатты ұтымсыз пайдалану, ауаның, судың және топырақтың химиялық ластануы ауыл кәсіпкерлері үшін өте қолайсыз болғаны, оның салдары егіс дақылдарының шығымдылығына теріс әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.
«Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісінде химиялық заттарды, атап айтқанда гербицидтерді, фунгицидтерді және Минералды тыңайтқыштардың жоғары дозаларын, әсіресе ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында суармалы жерлерде қарқынды қолданумен байланысты экологиялық проблемалар күшейе түсті. Осыған байланысты біздің университеттің ғалымдары экологиялық тұрақты және қауіпсіз технологияларды құру қажеттілігі, атап айтқанда, органикалық егіншілік жүйесін енгізу, ауылшаруашылық дақылдарының жоғары өнімділігін алу әдістерін зерттеу мәселелері бойынша агрокешен саласына жүйелі түрде өз көмегін көрсетіп келеді», - деді Серік Барманбекұлы.
✅ Ғалым мамандардың айтуынша, химиялық заттар өте агрессивті болғандықтан, топырақ құнарлылығының негізін, оның гуминдік заттарын бұзады. 1972 жылдан бастап осы тәсілдің тұжырымдамалары мен технологияларын таратумен халықаралық Органикалық ауыл шаруашылығы қозғалыстары Федерациясы (IFOAM) айналысады. Оның тұжырымдамасына сәйкес, органикалық ауыл шаруашылығы топырақтың, өсімдіктердің, жануарлардың, адамдар мен планетаның біртұтас және бөлінбейтін тұтастық күйін сақтауға және жақсартуға оң әсерін тигізеді. Экологиялық принципі – бұл тәсіл табиғи экологиялық жүйелер мен циклдарға барынша бейімделуге негізделуі керек.
✅ Семинар кеңесте «Агроинновация және экология» ҒЗИ директоры, ҚР АШҒА академигі Сағынбай Қалдыбаев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ, органикалық егіншілік зертханасының меңгерушісі, а.ш.ғ.к.Назира Слямова, Ө.О..Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ҒЗИ бөлім басшысы Бейбіт Сүлейменов, «Агробиология» факультетінің деканы, PhD доктор Ержан Әбілдаев, Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы Федерациясының төрағасы, "АгроЭкосистем" ЖШС басшысы Евгений Климов, «"Будан ЖШС Бас директоры Нурлан Сакаулов, "Алем Агро" ЖШС аймақтық директоры Айдос Төлеков, HANSEPLANT-ALMATY» ЖШС менеджері Нұрсұлтан Маткерим, «Балтабай 2030» ЖШС жетекшісі Таир Худайбердиев, "Масак Агромай" фермеррік шаруашылығының аграномы Александр Мышако қытысып, сөз сөйледі.
Олар биологиялық препараттарды пайдалану арқылы өнімділікті арттыру, зиянкестер мен арамшөптермен күресу үшін ауыспалы егістерді көбейту, өсімдіктерді қорғаудың табиғи әдістерін сақтау және жерді өңдеудің, топырақты қорғаудың ғылыми әдістерін қолдану туралы ой-ұсыныстарымен, тәжірибелерімен бөлісті.
✅ Жиынға қатысушылар органикалық ауыл шаруашылығы – биологиялық тыңайтқыштар мен өндіріс қалдықтарын барынша тиімді пайдалануға және агрохимикаттарды қолдануды азайтуға негізделген егіншілік нысаны екендігін еске алып, осындай маңызды ғылыми-практикалық семинар-кеңесті ұйымдастырған ҚазҰАЗУ басшылығына ризашылықтарын білдірді.
ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі