KazNARU

СУ-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАРДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ШАРАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

2023 жылғы 12 қыркүйекте ҚазҰАЗУ базасында ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының қолдауымен «Сырдария өзенінің су-энергетикалық ресурстарын басқару жүйесін қазіргі жағдайда жетілдіру жолдары» тақырыбында онлайн/офлайн форматта дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына "География және су қауіпсіздігі институты" АҚ Басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі Медеу Ахметқал, ҚБТУ бизнес мектебінің деканы Марат Қалменов, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы дирекциясы директорының орынбасары Марат Нарбаев, Азия қайта құру және даму банкінің бөлім басшысы Төлеген Сәрсембеков, ҒЗИ өкілдері, белгілі ғалымдар, су саласының зерттеуші мамандары қатысты.

✅ Модератор ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Күрішбаев. Ол соңғы онжылдықта жинақталған және елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін су өнеркәсібінің проблемалары туралы қысқаша тоқталып өтті.

Сумен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Еуразия континентіндегі ең су тапшылығы бар елдердің бірі болып саналады, өйткені елдің барлық су ресурстары ағынының шамамен 50%-ы одан тыс жерлерде қалыптасады.

Экономика салаларында және халық арасында су ресурстарын пайдаланудың ағымдағы жағдайы сақталған жағдайда, 2030 жылға қарай су тапшылығына байланысты ҚР әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының төмендеу қаупі артады.

✅ «Менің пайымдауымша, Мемлекет басшысы Жолдауында берген тапсырмаларды орындау үшін біз ұзақ уақыт бойы ешкім айналыспаған көптеген мәселелерді шеше алар едік. Осындай проблемалардың бірі – Сырдария өзеніндегі «Су-Энергия» мәселесін реттеу. Бұл тақырып жаңа болмаса да, басты өзекті тақырып болып қала береді және біз оған 20 жылдан кейін қайта оралып отырмыз. Суармалы жерлердің 40%-дан астамы орналасқан еліміздің оңтүстігіндегі суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесі Сырдария өзенінің су көлеміне тікелей байланысты. Айта кету керек, бұл мәселе жыл сайын күрделеніп келеді», - деп атап өтті модератор Ақылбек Күрішбаев.

✅ ҚазҰАЗУ Су хабының басшысы Анатолий Рябцев «Күтілетін тәуекелдер және ұсынылатын шешу жолдары: Сырдария өзеніндегі су – энергиясы» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашының айтуынша, Қазақстанда су ресурстарын тұтыну жылына шамамен 100 текше км құрайды, оның 44%-дан астамы елден тыс жерлерде, яғни Орта Азияның трансшекаралық өзендерінің ағыны есебінен қалыптасады.

«Осы жылдар ішінде көршілес елдер арасында жыл сайын сумен жабдықтауды, энергия тасымалдаушыларды сатып алуды немесе жеткізуді көздейтін хаттамалық шешімдер жасалады. Бірақ, ең бастысы, ұзақ уақытқа жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге кепілдік беретін ұзақ мерзімді Келісім жасалуы керек», - деп атап өтті Анатолий Рябцев.

✅ «Біздің мақсатымыз – ағымдағы жылдың қараша айында жоғарыдағыдай күн тәртібін ұсына отырып, халықаралық ғылыми конференция өткізу жөнінде пікір алмасу және өзара кеңес алу. Бізге, ғалымдарға су үнемдеуді ынталандырудың тиімді тетіктерін әзірлеу, жоғарыда аталған проблемаларды реттеу бойынша одан әрі қадамдардың бірыңғай тәсілін әзірлеуіміз қажет», - деп қорытындылады Ақылбек Күрішбаев.

✅ Дөңгелек үстелге қатысушылар бұл ұсынысты қолдап, Сырдария өзенінің ағынын басқаруды жетілдіруге бағытталған қажетті рекомендациялар мен ұсыныстарды әзірлеумен айналысатын Жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ ғалымдар ЕҚДБ-мен бірлескен Арал өңірінде су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы өндірушілерін су үнемдейтін суару технологияларын қолдануға ынталандыруға мүмкіндік беретін ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Барлық айтылған ұсыныстар су саласын мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру үшін ел Үкіметі мен жоғары тұрған мемлекеттік органдардың қарауына жіберілетін болады.

ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник