Тілдің мерейі - елдің мерейі: KazNARU қабырғасында тіл апталығы басталды
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Жалпы білім беру пәндері кафедрасы Тәрбие жұмысы жөніндегі департаментімен біріге отырып, «Тілдердің үштұғырлы» саясатын іске асыру бойынша университет көлемінде 5 және 18 қыркүйек аралығында «ТІЛДІҢ МЕРЕЙІ-ЕЛДІҢ МЕРЕЙІ» атты тілдер декадасын өткізуді мақсатында арнайы іс шаралар жоспарын бекітті. Жалпы білім беру пәндері кафедрасының ұйымдастыруымен бүгін көпкүндік шараның ашылу салтанаты өтті.
Мерекенің алғысөзін Басқарма Төрағасы - Ректордың орынбасары Абдыров Айтжан Мухамеджанұлы құттықтау лебізімен бастады. Студенттерге бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты - көп тіл білу керегін баса айтты.
Сонымен қатар, шара аясында Жалпы білім беру пәндері кафедрасының меңгерушісі Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес, қару екеніне, өзге тілдерді білу зиялылықтың көрсеткіші бола білетініне тоқталды. Әрі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөздерінен мысалдар келтірді.
Мерекелі жиын барысында кафедраның жас оқытушылары тілдердің онкүндігі аясында өтетін іс шаралармен таныстырды. Яғни:
Қазақ тілі секциясы университет профессор оқытушылар құрамы арасында «Ең бірінші бақытым - тілім менің» атты ақын-жазушылардың тіл туралы өлеңдерін жатқа айтудан челлендж ұйымдастырады.
Тарих және философия секциясы «Тіл-халық рухы» тақырыбында интерактивті ойындар өткізеді.
Орыс және шет тілдері секциясы орыс және ағылшын тілінде жасалған бейнероликтерге дауыс беру, Кахут интерактивті ойындары мен олимпиадалық ойындар өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге, осы он күндік декада аясында барлық бірінші курс студенттері тілтанушы ғалым, қоғам қайраткері, А.Байтұрсынұлының мұражайына баратын болады. Шара барысында белсенділік танытқан студенттер марапатталады.
Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі елімізде 2018 жылдан бастап қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай аталып өтеді. Бұл мереке - елімізде тұратын этнос өкілдерінің ана тіліне құрмет көрсететін ортақ мейрамы.