АЭС САЛУ – ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Елімізде атом электр станциясын салу жайы жиі талқылана бастады. Тіпті оның энергетикалық тәуелділіктен құтқаратын ең сенімді жол екені де ел арасында белсенді түсіндірілуде. Бірақ нақты шешім алдағы жалпы халықтық референдумда белгілі болады.
KazNaru қабырғасында да студентер арасында атом электр стансасы туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шара аясында Инженерлік технологиялар факультетінің деканы Әлдібаева Ләззат Тұрғынбайқызы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Байболов Асан Ерболатұлы, Хазимов Марат Жәлелұлы, PhD, қауымдастырылған профессор Әлібек Несіпбек білімгерлерге АЭС салудың стратегиялық маңыздылығын, экологиялық қауіпсіздігін және экономикалық тиімділігін түсіндірді. Әрі бүкіл қоғам болып кеңінен талқылау жүріп жатқанын алға тартты.
Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика өркендеп, инновациялық жобалар көбейеді және дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Халықтың мүддесіне сай АЭС жобасын қолға алып жатқан мамандарды қолдау да, қорғау да қажет. Ол – өте қиын да жауапты іс.
Мамандардың пікірінше, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтып түсіндіруде.
KazNARU Баспасөз қызметі