KazNARU БАЗАСЫНДА «ҚАЗАҚСТАН-ҚЫТАЙ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ДРОНДАРЫН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АШЫЛДЫ
«Қазақстан-Қытай Ауылшаруашылығы дрондарын зерттеу және оқыту орталығының» ашылу салтанатына Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы - Ректоры, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй ханым, ҚХР ғылым және технологиялар бойынша консулы Жанг Вэй, EAVISION компаниясының директоры Цзай Хой қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі өзекті мәселенің бірі – су шаруашылығы саласына қажетті гидротехниктер, гидротехникалық инженер-құрылысшылар, гидрогеологтар, гляциологтар сияқты білікті кадрлар даярлау міндетін алға қойған болатын.
«Осыған орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 2024-2025 оқу жылында нарықта сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында «Су ресурстары және IT технологиясы» факультеті құрылды. Факультет су ресурстарының озық технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын тиімді басқаруды, сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды даярлауға кеңінен жол ашады», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде.
Екіншіден, 2024 жылдың тамыз айында екі елдің Президенттерінің бейне режимде қатысуымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ұлттық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Филиалда «Су шаруашылығы және мелиорация», «Су ресурстарын кешенді пайдалану және басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік» білім бағдарламасымен қазақстандық 31 студент оқуды бастады. Бітіруші түлектер екі университеттің дипломын алып шығатын болады.
ҚазҰАЗУ базасында АҚШ-тың жетекші оқу орны Небраска Линкольн Университетімен бірлесіп, өзара тиімді әріптестікті дамыту аясында «Еxtension services Орталығы» құрылған болатын. Бұл орталық қазақстандық фермерлер арасында жаңа технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді ұсыну және тарату жөніндегі ынтымақтастыққа тың серпін берді. Сонымен қатар, студенттер агрономия, табиғи және су ресурстарын басқару, қоршаған орта туралы ғылым, биологиялық жүйелер инженериясы саласында екі дипломдық білім беру бағдарламасымен оқу мүмкіндігіне ие болды.
Аса маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Қытайдың 40-тан астам университеттерімен, ғылыми зерттеу ұйымдарымен және компанияларымен белсенді ынтымақтаса отырып, су шаруашылығы, орман шаруашылығы агрономия, ветеринария, зооинженерлер, азық-түлік қауіпсіздігінің технологтары, жер кадастры мамандарын дайындайтын түрлі халықаралық орталықтар мен зертханалар ашылды.
Атап айтқанда, ҚазҰАЗУ базасында Қытай аграрлық университеті мен «Dayu Irrigation Group» компаниясымен бірлесіп, су ресурстарын ақылды басқару үшін «Қазақстан-Қытай су үнемдеуді цифрлы басқару» зертханасы құрылды. «DAYU irrigation Group» компаниясы, суды өлшейтін құралдар мен зертханалық жабдықтарды жеткізуге 1 миллион доллардан астам инвестиция салды. Нәтижесінде Алматы облысындағы Шелек өзенінде суды сандық есептеу технологиялары енгізіліп, суарудың түрлі технологиялары қолданыста пайдаланылды.
Сондай-ақ Ланьчжоу университетімен бірлесіп, Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін және цифрландыру мен суды тиімді пайдалануға бағытталған «Қазақстан-Қытай Ақылды ауыл шаруашылығы» орталығы құрылды. Орталықтың аясында 3 ғылыми зертхана және 3 платформа құру жүзеге асырылуда.
Бүгін ҚазҰАЗУ еліміздегі агроөнеркәсіптік секторды дамыту және білікті мамандар даярлау жұмыстарын сәтті жалғастыра отырып, Қытай аграрлық университетімен және EAVISION компаниясымен бірлесіп, бірегей жоба – «Қазақстан-Қытай Ауылшаруашылығы дрондарын зерттеу және оқыту орталығын» ашып отыр.
«Бұл орталықтың басты мақсаты – заманауи дрон модельдерімен және тренажерлармен жабдықталған ұшқышсыз ұшатын аппараттарды басқара алатын, оларды ауыл шаруашылығының түрлі салаларын дамытуға тиімді қолдана отырып, практикалық мәселелерді шешуде, мониторинг, карта жасау, қоршаған ортаны зерттеу және ауыл шаруашылығына қатысты басқа да тапсырмаларды жүзеге асыра алатын білікті мамандар дайындау», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Іс-шара аясында ҚХР өкілдері – ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй, ҚХР ғылым және технологиялар бойынша консулы Жанг Вэй, EAVISION компаниясының директоры Цзай Хой Университеттің Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін төсбелгілерімен марапатталды.
Өз кезегінде EAVISION компаниясының директоры Цзай Хой ҚазҰАЗУ студенттеріне микроавтобустың кілтін табыстап, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
KazNARU Баспасөз қызметі