KazNARU

Түлектерді мемлекеттік қызметке тартуға қатысты

Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасын[1] іске асыру шеңберінде ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор немесе магистр дәрежесі бар мемлекеттік қызметшілердің үлесін ұлғайту жоспарлануда.

Заңның[2] 15-бабының 6-тармағына сәйкес Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган[3] белгілеген мәннен (GPA 3.33)  төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мына мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына:

1) облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;

2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына;

3) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына;

4) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына орналаса алады.

Сондай-ақ, Бұйрыққа[4] сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымындарында, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (жоғары колледждерде немесе училищелерде) жұмыспен өтейді.

Бүгінгі таңда Алматы облысының мемлекеттік органдарында конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке қабылданған ЖОО-ның 35 түлегі жұмыс істейді.

Біліктілік талаптарына[5] сәйкес болған жағдайда түлектер www.gov.kz сайты және жүйенің www.eqyzmet.gov.kz сыртқы порталы арқылы бос лауазымдардың конкурстарына қатысу қорытындысы бойынша бос лауазымдарға (облыс орталығының мемлекеттік органдарындағы бос лауазымдарға, басшылық лауазымдарға және т.б.) қабылдануы мүмкін.

Ескертпе: 2023 жылғы 1 наурыздан 31 желтоқсанға дейін бірқатар мемлекеттік органдарда «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі базасында мемлекеттік қызметке іріктеу жүргізудің жаңа форматы сынақтан өткізілді. Бүгінгі таңда жаңа форматтағы іріктеу 44 мемлекеттік органда жүргізілуде. Бұл формат мемлекеттік қызметке іріктеу процесіне барынша оңайлатылған тәсілді көздейді және «адами фактордың» ықпалын толығымен жояды. Үміткерлер алдын ала белгіленген уақытта өтетін онлайн әңгімелесуді қоспағанда, конкурсқа тәулік бойы 24/7, ыңғайлы уақытта онлайн форматында қатыса алады.

Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарында ауылдық, аудандық және облыстық деңгейдегі 150-ден астам бос лауазымдар бар екенін атап өткен жөн.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің (бұдан әрі – Департамент) жанында Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істейді, оның басты мақсаты талантты және белсенді жастарды мемлекеттік қызметтегі жұмысқа тарту болып табылады. Мәселен, мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін соңғы курс түлектері мен студенттері тегін оқудан өтіп, таңдалған мемлекеттік органдарға тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Алматы облысының ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, жоғары оқу көрсеткіштерімен магистр және бакалавр дәрежесі бар мемлекеттік қызметшілерінің үлесін арттыру мақсатында, келесі ұсынылады:

1) осы хатта көрсетілген ақпаратты (ЖОО-ның сайты мен әлеуметтік желілерінде жариялау арқылы) ЖОО-ның білім алушылары мен түлектеріне, оның ішінде докторанттарға (мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы) жеткізуге;

Ескерту: қажет болған жағдайда бірлескен кездесу өткізуге болады.

2) Алматы облысының аумағында мемлекеттік қызметте мансабын жоспарлайтын студенттер мен түлектер қатарынан тиісті тізім қалыптастыру;

Ескертпе: тілек білдірушілер саны көп болған жағдайда ЖОО-ның жанынан Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін құру, сондай-ақ «мемлекеттік қызмет кабинетін» ресми ашу орынды деп есептеледі.

Толығырақ ақпарат алу үшін Департамент басшысының орынбасары Б.И.Копдикбаевпен (8-72772-2-34-98, +7-702-109-8868) хабарласуыңызды сұраймыз.

Құрметпен,

Департамент басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы                                                             

А. Жакупов

---------Chatbot---------
виртуальный помощник