KazNARU

БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ KazNARU-ды ТАҢДАУҒА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

✅ Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Алматы облысы, Балқаш ауданының 11 сынып оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында офлайн және онлайн форматында кездесу болып өтті.

✅ Кездесуге KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, п.ғ.д., профессор Абдыров Айтжан Мухамеджанұлы, Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы, факультет декандары мен профессор-оқытушылар құрамы, Қабылдау комиссиясының мамандары, студенттер және Балқаш ауданы әкімдігінің Білім бөлімінің басшысы м.а. Алматова Сымбат Алматқызы, мектеп директорлары мен сынып жетекшілері, оқушылар қатысты.

✅ Жиынды ашқан Айтжан Абдыров өзінің алғы сөзінде 95 жылдық даму тарихы бар оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне тоқталып, кездесуге қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қазіргі таңда университетте аграрлық білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша нақты және жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін қалыптастырып: мектеп (лицей) – колледж – университет арасындағы тығыз байланыс орнатып, кәсіби бағдар беру бағытын тұрақты жүргізіп келеді. Бүгінгі «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кездесу соның бір айғағы. Қазіргі уақытта біздің университетте Балқаш ауданынан 82 студент білім алуда. Осы кездесуден кейін бізде оқығысы келетін талапкерлердің қатары өсе түседі деп үміттенеміз», - деді Айтжан Мұхамеджанұлы.

✅ Білім бөлімінің басшысы м.а. Сымбат Алматованың айтуы бойынша, Балқаш ауданында 20 орта мектеп бар. Биыл 2024-2025 оқу жылында 11 сыныпта 298 оқушы оқып жатыр.

«Оқушылар үшін сабақтарда және сабақтан тыс уақытта болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Соның нәтижесінде білім алушылар өздерінің қалаған мамандықтарына сәйкес, оқу бағыттарын таңдауда белсенділікпен қатысады. Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Өңірімізде ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс көп болғандықтан, бүгінгі «Мамандықты дұрыс таңдау - болашаққа бастар жол» атты онлайн кездесуі жастарымыз үшін өте маңызды. Ары қарай мектептер мен университет арасында қарым-қатынасты нығайтып, оқушыларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмірден өз орындарын табуларына қолдау көрсетеміз. Бітіруші түлектеріміздің атынан осындай келелі кездесу ұйымдастырған сіздерге ризашылығымызды білдіреміз», - деді Сымбат Алматқызы.

✅ Бұдан кейін Қабылдау комиссиясының директоры Айнұр Қайырбаева Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктеріне кеңінен тоқталып, оқу орны туралы презентациясын ұсынды.

✅ Оқуға қабылдау ережелерімен қабылдау комиссиясының жетекші маманы Бекбаева Динара Нүсіпқызы таныстырып өтті.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы басқаратын қара шаңырағымыз елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған көшбасшы жоғары оқу орны болып табылады. Бүгінде QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына еніп отыр. KazNARU АҚШ, Германия, Франция, Нидерланды, Италия, Түркия, Қытай, Оман Сұлтандығы және басқада көптеген мемлекеттің жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің университеттегі үлесі артып келеді. 2024-2025 оқу жылына 2306 білім алушылар оқуға қабылданды. Оның 1500 мемлекеттік грант иегерлері. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Сонымен бірге Қытай, Ресей, Малайзия, Түркменстан т.б. шет мемлекеттерден 200-ден астам студент KazNARU-ды таңдады. Міне, осының бәрі - университетіміздің отандық және әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің күннен күнге артып, кеңінен таныла бастағанының айқын дәлелі.

✅ Кездесу барысында университеттің профессор-оқытушылары мен Балқаш ауданынан келіп, оқып жатқан мемлекеттік және Алматы облысы әкім грантында оқитын студенттер өз ой-пікірлерін ортаға салып, мектеп бітіруші түлектерді KazNARU-да жоғары білім алуға шақырды.

✅ Университет басшылығы мен Балқаш ауданы әкімдігінің Білім бөлімі және мектеп директорлар арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник