KazNARU ҰЖЫМЫ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІН САЛТАНАТПЕН АТАП ӨТТІ
Мемлекеттік мерекеміз – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қызметкерлері, профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер Акт залында өткен салтанатты кешке қатысып, тағзым білдірді.
Кешті ашып, ұжымды құттықтаған ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, Басқарма Төрағасы - Ректор, академик Ақылбек Күрішбаев бұл күн ата-бабаларымыз аңсаған ізгі арманның жүзеге асқан – Ұлы Дала елінің еркіндік алған тарихи күні екенін атап өтті. Тәуелсіздік – біздің жолымыздың бастауы ғана. Осы жылдар ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырып келеді. Халықаралық қоғамдастық қуатты мемлекет қалыптастыру нәтижесін жоғары бағалап отыр.
«Қазақстан осы жылдар ішінде экономикасының көлемі бойынша және инвестиция тарту жөнінен Орталық Азия өңірінің дара көшбасшысы атанды. Шығыс пен Батысты жалғаған сауда-саттық, көлік-коммуникация дәлізін кеңейту, инфрақұрылымдық және индустриялық даму бағдарламалары арқылы геосаяси әлеуетімізді іске асырды. Бұл игілікті жетістіктерге, ел экономикасының, ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне, руханият пен ғылым-білімнің дамуына сіздер де сүбелі үлес қосып келесіздер. Баршаңызды бүгінгі үлкен мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қызметте табыс. Отбасылық бақ-береке тілеймін!», - университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Бұдан кейін спикер Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар саласындағы қызмет көрсету көлемі 2023 жылы 200 млрд теңгеге жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 50%-ға артық. Басты мақсат ғылымды өндіріске енгізу арықлы – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру.
KazNARU соңғы уақытта басқару жүйесінде, білім беру мен ғылымды дамытуға байланысты үлкен өзгерістер жүргізіп жатыр. Атап айтқанда: Соңғы екі жылдың ең үлкен жаңалығы – университеттің басқару жүйесін жетілдіру аясында тұңғыш рет ашық конкурс ұйымдастырылды. Нәтижесінде, факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің құрамы 70 пайызға жаңарды. Жас ұрпаққа білім беретін ұстаздар – кез-келген жоғары оқу орнының ең үлкен құндылығы мен байлығы, еліміздің зияткерлік қуаты. Профессор-оқытушылар құрамының жалақысы соңғы екі жылда кезең-кезеңмен 100 пайызға көтерілді. Биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық қызметкерлердің жалақысы тағы да 20 пайызға өсті.
Міне, осының бәрі – біздің университетіміздің отандық және әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің күннен күнге артып, кеңінен таныла бастағанының айқын дәлелі. Оқу сапасы жоғарылады, материалдық-техникалық база нығайды, әділетті университет құрудың нық қадамдары жасалды.
Былтырдан бері үш студенттік жатақхана күрделі жөндеуден өтті. 450 орындық 9 қабатты заманауи үлгідегі жаңа жатақхананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жүйелі атқарылған істердің нәтижесінде, KazNARU Алматы қаласында өз студенттерін жатақханамен толық қамтамасыз еткен жалғыз университет атанып отыр.
Жаңа 2024-2025 оқу жылында біздің университетімізге 1500 мемлекеттік грант иегері қабылданды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Олардың арасында 9 «Алтын белгі», 36 «Қызыл аттестат» иегері, спорт шеберлері мен көп тіл меңгерген алғыр жастар бар. Сонымен бірге Қытай, Ресей, Малайзия, Камбоджа, Египет, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан т.б. шет мемлекеттерден 200-ден астам студент те біздің университетімізді таңдады.
Екі мемлекеттің Президенттерінің онлай қатысуымен KazNARU базасында «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» филалы ашылып, биыл алғашқы білім алушыларды оқытып жатыр. Бүгінде оқу ордамызда АҚШ, Қытай және Еуропа елдерінің жетекші университеттерімен екі дипломдық бағдарламалар іске асырылуда.
Осындай жұмыстарымыздың нәтижесінде соңғы екі жылда қоғамның, ата-аналардың бізге деген сенімі артып, университеттің жағымды имиджі қалыптасты. QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, үшінші жыл Қазақстанда ең үздік ТОП-5 ЖОО қатарынан көрініп келеміз. Мұның бәрі әрине, сіздер мен біздердің ортақ еңбегіміздің арқасында келді. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды, жалғаса береді.
«Біздің басты мақсатымыз – әлемдегі ең озық университтер қатарына қосылу, үздік оқу сапасына қол жеткізу, цифрлы университет құру, халықаралық талаптарға сай нағыз ғылыми зерттеу оқу ордасына айналу. Бүгін мен осындай жемісті жұмыстарыңыз үшін барша әріптестеріме – проректорлар мен декандарға, кафедра меңгерушілеріне, әкімшілік қызметкерлеріне, ҒЗИ басшыларына, жалпы ұжымға ерекше алғысымды білдіремін! Жаңа Әділетті Университет құру жолындағы ортақ мақсаттарымыз үшін бірлесе қызмет ете берейік! Туған еліміз – Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін!», - деді сөзінің соңында Ақылбек Қажығұлұлы.
Кеш барысында университетте көп жылдардан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан бір топ ардагер оқытушылар мен қызметкерлер марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Инженерлік-технологиялар» факультетінің деканы Алдибаева Лаззат Тұрғынбайқызы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің төсбелгісімен, «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі Мамаева Лаура Асылбекқызы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Энергетика және электротехника» кафедрасының меңгерушісі Молдажанов Айдар Қадыржанұлы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Құрмет грамотасымен, Аккредитация және рейтинг секторының меңгерушісі Кайпбаев Ерболат Толғанбайұлы «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, бір топ ПОҚ және Желтоқсандықтар «Университет мақтанышы» төс белгілерімен марапатталып, қызметкерлер Алғыс хаттарға ие болды.
Мерекелік салтанаттың соңы университет көркем өнерпаздарының күшімен қойылған концертке жалғасты.
KazNARU Баспасөз қызметі.