KazNARU

KazNARU МЕН ЛАНЬЖОУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛА БАСТАДЫ

✅2024 жылдың 17 желтоқсанында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде BR24993222 бағдарламасы шеңберінде «Солтүстік Қазақстан облысының аумағын тұрақты дамыту аясында табиғи-шаруашылық абаттандыру үшін шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін құру» Үйлестіру кеңесінің отырысы болды.

✅Солтүстік Қазақстан облысының аумағын тұрақты дамыту мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған 10 түрлі ғылыми зерттеулер мен міндеттерді жүзеге асыруға негізделген бұл жобаға 63 ғалым, зерттеушілер тартылған, оның ішінде 29-ы жас ғалымдар.

✅Үйлестіру кеңесінің отырысына KazNARU тарапынан жобаны жүзеге асырушы 12 ғылыми топтың жетекшілері және Ланьжоу университеті тарапынан «Бір белдеу, бір жол» зерттеу орталығы директорының орынбасары Ruijun Long, халықаралық байланыстар департаменті директорының орынбасары Xuejia Wang, Жер және қоршаған орта ғылымдары Колледжінің ғалымдары – Dr. Haijiang Yang, профессор Jie Gong, Dr. Zhenbang Ma, ҚХР Бас консулдығының Алматы қаласындағы технология және ғылым жөніндегі Консулы Чжан Вей қатысты.

✅Модератор Ермеков Фараби Керімбайұлы – KazNARU Ғылыми-білім беру технологиялық платформасының атқарушы директоры, Бағдарламаның жауапты орындаушысы.

✅Жиынды ашқан ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректор, Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы көптеген жылдар бойы Қытай ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты дамыту бойынша

нақты ғылыми іс-шаралар жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Өткен 2023 жылы ғана университетке ҚХР Ғылым академиясы, Шыңжаң ауыл шаруашылығы ғылым академиясы, Қытай аграрлық университеті (Пекин), Сычуан, Хэнань, Шихыцзы, Солтүстік-батыс ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы университеті сияқты алдыңғы қатардағы университеттерден 20-ға жуық делегация келіп қайтты. Кездесулер барысында ауыл шаруашылығы саласындағы бірлесекен зерттеулер нәтижелерін агроөндіріске енгізу, білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен студенттер алмасу және сапалы кадрлар даярлау бағыттары бойынша шешімдер қабылданды. Мысалы, университетіміздің базасында Қытай аграрлық университеті мен Dayu Irrigation Group компаниясының қолдауымен су ресурстарын мониторингілеу және болжау бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында «Цифрлық зертхана» құрылды.

✅ «Сондай-ақ, 2023 жылдың маусым айында Ланьжоу Университетінің Президенті Ян Чуньхуа мырза арнайы келіп, Қытай-Қазақстан Ақылды ауыл шаруашылығы орталығын құруды ұсынған болатын. 2024 жылғы 17 мамырда ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Вице-премьері Лю Гочжун бастаған үкіметтік делегация мүшелері Алматыда кездесу аясында бұл мәселеге қолдау білдірді. Нәтижесінде 2024 жылдың 3 шілдесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің жоғары деңгейдегі келіссөздері шеңберінде Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығын бірлесіп құру туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім аясында 2024 жылдың 12 шілдесінде ҚазҰАЗУ Бас ғимаратында «Қазақстан-Қытай ақылды ауыл шаруашылығы орталығының» салтанатты түрде ашылуы болып өтті. Қазір бұл орталық бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша жұмыстарды бастап кетті. 2024 жылғы 28 тамызда ҰҒК шешімімен біз ұсынған 1 өтінімді қаржыландыру мақұлданды. Соның бастауында тұрған «Солтүстік Қазақстан облысының аумағын тұрақты дамыту аясында табиғи-шаруашылық абаттандыру үшін шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін құру» жобасына қатысушыларға сәттілік тілеймін!» - деді Ақылбек Күрішбаев.

✅ КаzNARU бұған қоса ауылшаруашылық зертханалық базаларды кешенді дамытуға, соның ішінде азық-түлік, ветеринарлық қауіпсіздікті дамыту, вакциналарды өндіру, оны тестілеу, сондай-ақ жинақталған әлемдік тәжірибені практикалық қолдану және агротехнологиялардың трансфері бойынша қазақстандық фермерлерді оқыту, су үнемдеу бағыты бойынша бірлескен жұмыстарға да өз ұсынымдарын енгізуде.

✅ ҚХР Бас консулдығының Алматы қаласындағы технология және ғылым жөніндегі Консулы Чжан Вей Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті, сондай-ақ екі ел арасындағы ғылымды дамыту және білім беру байланыстарын тереңдетудің тиімді тетіктерін бірлесе іздестіру мен іске асыру аясындағы қолға алынған бастамаларға қолдау білдірді.

✅ Өз кезегінде Ланьжоу университеті тарапынан «Бір белдеу, бір жол» зерттеу орталығы директорының орынбасары Ruijun Long Қытайдың ауылшаруашлығын дамытудағы тәжірибелік жетістіктерін пайдалана отырып, қытай технологиясын Қазақстанға енгізудің алғышарты басталғанына, жалпы ауылшаруашлығын цифрландырудың маңыздылығына назар аударды.

«Ланьжоу Университеті» Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан – 115 жылдық тарихы бар, ҚХР білім министрлігінің тікелей қарамағындағы және Double First Class құрамына кіретін жетекші оқу ордасының бірі. 31 факультетте ауыл шаруашылығы ғылымдары, инженерия, экология, математика, химия, физика, биология, биохимия, клиникалық медицина, өңірлік экономика және ядролық ғылым т.б. салалар бойынша мамандар даярланады. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері практика жүзінде екі елдің ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуда қолданылатын болады», - деді Ruijun Long.

✅Үйлестіру кеңесінің отырысында «Солтүстік Қазақстан облысының аумағын тұрақты дамыту аясында табиғи-шаруашылық абаттандыру үшін шешімдер қабылдауды қолдау жүйесін құру» жобасының топ жетекшілерінің 2024 жылда атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.

✅ Сонымен қатар, KazNARU және Ланьжоу Университеті өкілдерінің қатысумен 2025 жылға арналған іс-шаралар тізбесі талқыланып, жоба аясындағы кезекті міндеттерді жүзеге асырудың күнтізбелік жоспары бекітілді.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник