KazNARU БАСҚАРУЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТТАРЫ МЕН ТӘЖІРИБЕЛІК ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІ ТЫҢДАЛДЫ
2024 жылғы 18-19 желтоқсанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің сенімгерлік басқаруындағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ», «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС, «Қазақ өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҒЗИ» ЖШС және «Меркі» ЖШС тәжірибелік шаруашылығының 2024 жылғы қызметінің нәтижелері бойынша есептерін тыңдау өткізілді.
ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы төрағалық еткен есеп беру жиынына ҒЗИ басшылары, проректорлар мен жауапты құрылым жетекшілері, зерттеуші ғалымдар қатысып, өз баяндамаларын ұсынды және ой-пікірлерімен бөлісті.
Университет басшысы аталған 4 ғылыми-зерттеу институттары мен бір тәжірибелік шаруашылық Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқаруына 2023 жылдың қыркүйегінде берілгенін еске салып өтті.
Осылайша, әлемдегі жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес KazNARU функционалдық интеграцияланған жүйе болып табылатын қазіргі заманғы сапалы зерттеу университетінің: «ғылым – білім – өндіріс» (яғни, зертхана – аудитория – тәжірибелік шаруашылық) жаңа деңгейіне көтерілді.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, жоғары білім беру мен ғылымды нақты интеграциялау процесі басталды: ҒЗИ ғалымдары болашақ мамандарды даярлауға қатысады; ҒЗО-ның ғылыми нәтижелері білім беру бағдарламаларына енгізіледі; студенттер ғылыми зерттеулерге тартылады; ҒЗО базасында студенттерді дуальды оқыту және практикалық сабақтар жүргізіледі; ашық үлгідегі зертханалар құру арқылы ғылыми жабдықтар тиімді мақсатқа пайдаланылады.
Университеттердің осындай классикалық моделі еліміздегі ғылым мен білім беруді дамытудың ұлттық стратегиясының басты басымдығының бірі болып саналады.
Біріншіден, студенттер білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар мен АӨК зияткерлік элитасын құра отырып, ең заманауи жоғары білім мен ғылыми тәжірибеге ие болады.
Екіншіден, ғылымға жас таланттардың келуі күшейіп, қазіргі нарыққа қажет ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен сұранысы артады.
Үшіншіден, интеграциялық процестерді күшейту мақсатында KazNARU-дың барлық әлеуеті – ғылыми зерттеу орталықтары, заманауи зертханалар, жас ғалымдарға арналған жатақханалар университеттің еншілес ұйымдарымен серіктестікте бірлесіп пайдаланылады.
Бұл ретте, серіктес ҒЗИ мен университет ғалымдарының бірлескен ғылыми әзірлемелерінің нәтижелері өндіріске енгізіліп қана қоймай, сонымен бірге, ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа білім беру бағдарламаларына айналады.
Есеп беру жиынында еншілес ұйымдардың ғылыми-білім беру және қаржы-шаруашылық қызметінің қортындысы да талқыланды. Есепті кезеңде білім беру процесін ғылыми-зерттеу қызметімен біріктіруге мүмкіндік туды. ҒЗИ ғалымдарымен бірлесіп, 10 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді, 22 пән бойынша оқу бағдарламалары жаңартылды. Ғылыми-зерттеу институттарының өндірістік және зертханалық базасында 715 студент дуальды оқытудан және өндірістік практикадан өтті. ҒЗИ-дың 26 ғылыми қызметкері тікелей білім беру процесіне тартылды және олардың барлығы докторанттардың ғылыми жетекшісі ретінде белсенділіктерін таныта білді.
Баяндамашылардың есебі бойынша, қазіргі уақытта KazNARUға сенімгерлік басқаруға берілген ҒЗИ-ларда 128 ғылыми жоба жүзеге асырылуда: 27 бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша, 80 гранттық қаржыландыру бойынша және 21 ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша, оның ішінде 15 ғылыми жоба университетпен бірлесіп орындалуда.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін дамытудың 2029 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы әзірленгені, онда университетке басқаруға берілген ҒЗИ мен тәжірибелік шаруашылықтың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 8 млрд. теңге қаржы көзделгені аталып өтті.
Сондай-ақ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 2029 жылға дейінгі Даму бағдарламасы аясында ҒЗИ базаларында 8 зерттеу орталығын ашу көзделіп отыр. Атап айтқанда, отандық тұқым шаруашылығы саласындағы "MAIZE" технопарк; Көкөніс өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеу орталығы; Жеміс өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеу орталығы; Оңтүстік өңірдегі жеміс өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеу орталығы; Жемшөп дақылдарының тұқымын сақтау және сынау орталығы; Шикізат пен дайын тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін талдау зертханасы және Меркідегі Жидек дақылдарының жылыжай питомнигін құру жоспарланып отыр.
«Бұл аграрлық саладағы жетекші рөл атқаратын оқу ордамыздың тарихында алғаш рет болып отырған елеулі оқиға. Университетті дамыту туралы осы маңызды құжат Ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына еніп отыр. Яғни, мемлекет тарапынан университетіміз бен 4 ҒЗИ және бір тәжірибелік шаруашылықтың интеграциялануына, әрі тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Біздің міндетіміз – осы берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, KazNARU-ды әлемдегі озық аграрлық зерттеу университетке трансформациялануын жеделдету. Осы мақсатты орындауға баршаңызды күш біріктіруге және белгіленген жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі жалғастыруға шақырамын, - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Жиын қортындысында талқыланған мәселелер бойынша ҒЗИ директоорлары мен жауапты құрылым басшыларына қабылданған тиісті шешімдердің сапалы орындалуын қадағалау тапсырылды.
KazNARU Баспасөз қызметі