КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРУ БАСТЫ НАЗАРДА
2024 жылдың 19 желтоқсанында KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың орынбасары, п.ғ.д., профессор Абдыров Айтжан Мұхамеджанұлының төрағалығымен «Кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру» бойынша факультет декандары, кафедра меңгерушілері мен профессор-оқытушылар құрамымен офлайн-онлайн форматта кездесу жиыны өтті.
Айтжан Абдыров кәсіби бағдар беру – бүгінгі қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір мектеп бітірушінің бойындағы қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, белгілі бір кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектесу үшін атқарылатын мақсатты жұмыс екеніне назар аударды.
Бұл бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруға оқу ордамыздың Қабылдау комиссиясының жауапты мамандары мен профессор-оқытушылары, жоғары курстың белсенді студенттері, облыстар мен аудандардағы Білім басқармалары мен бөлімдерінің жауапты тұлғалары, мектеп директорлары мен тәрбие жұмысын ұйымдастырушылар, сынып жетекшілері мен ата-аналар тартылуда.
«Біздің өкілдеріміз оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда, Алматы қаласы мен Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Кездесулерде университет факультеттерінің ерекшеліктері, білім беру бағдарламаларының айырмашылықтары туралы ақпараттар беріліп, білім алушылардың кәсіби шеберліктерін дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі мамандықтар бойынша мәселелер түсіндіріледі. Мектеп бітіушілер тарапынан қойылатын әртүрлі сұрақтарға тиянақты жауаптар қайтарылады. Өз кезегінде бұл жұмыстар алдағы уақытта нәтижелі болады деп сенеміз», - деді Айтжан Мұхамеджанұлы.
Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы 2024-2025 оқу жылына бекітілген Кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру бойынша «Жол картасы», Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 2025-2026 оқу жылына білім алушыларды оқуға қабылдау Жоспары, құрылымдық бөлімдердегі еңбек ресурстарының білім алушыларды оқуға тарту Жоспары, алдағы оқу жылына білім алушыларды қабылдау бойынша қабылдау комиссиясының жұмыс Жоспары, Білім алушыларды оқуға қабылдау кезеңдері, кәсіптік бағдар беру жұмысын орта арнаулы оқу орындарында жүргізу жоспарларының орындалуын баяндап, нақты мәліметтер келтіре отырып, соңғы 5 жыл бойынша оқуға қабылданған білім алушыларға талдау жасап, назар аударатын көрсеткіштерге тоқталды.
Университетіміз тығыз жұмыс жасайтын, жоғарыда айтылған Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында орналасқан 93 колледжге білім беру бағдарламалары сай келетін кафедралар мен факультеттердің профессор-оқытушылары бекітілді. Сонымен қатар, әр ПОҚ республика бойынша өздері оқып, бітірген мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмысын қоса жүргізуде.
Осы орайда, университетіміздің базасында және көшпелі «Ашық есік» күндері өткізілуде. Сондай-ақ, кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру үшін заман талабына сай, жаңа форматта онлайн кездесулер өткізу тәжірибесі енгізілді. Мысалы, жуырда Алматы облысы, Балқаш ауданының жоғары сынып оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында офлайн және онлайн форматында кездесу болып өтті. Алдағы уақытта мұндай кездесуді Еңбекшіқазақ ауданының 85 мектебінің бітіруші түлектерімен өткізу жоспарланып отыр. Бұл жаңа формат барлық қатысушыларға тиімді, қолайлы екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан бұл үрдіс оқу жылы бойы үздіксіз жалғасады.
Жиын қортындысында еліміздің түпкір-түпкіріндегі мектеп бітіруші әр оқушы мен оның ата-анасына Қабылдау комиссиясының мүшелері виртуалды кеңес беруге әрқашан дайын екендігі айтылды.
КazNARU Баспасөз қызметі