KazNARU

АГРАРЛЫҚ МАМАНДЫҚТАР – БЕРЕКЕЛІ БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ

✅ Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының мектеп бітіруші жоғары сынып оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында офлайн және онлайн форматында кездесу болып өтті.

Кездесуге университет басшылығы, факультет декандары мен профессор-оқытушылар құрамы, Қабылдау комиссиясының мамандары, студенттер және Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің Білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары мен сынып жетекшілері, оқушылар қатысты.

✅ Жиынды ашқан KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы 95 жылдық даму тарихы бар оқу ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістіктеріне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Қазіргі таңда KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы басқаратын оқу ордамызда аграрлық білім беру, ғылым және өндірісті интеграциялау бойынша нақты және жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта университет ұжымы аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін қалыптастырып: мектеп (лицей) – колледж – университет арасындағы тығыз байланыс орнатып, кәсіби бағдар беру бағытын тұрақты жүргізіп келеді. Бүгінгі «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кездесу соның бір айғағы. Қазіргі уақытта біздің университетте Еңбекшіқазақ ауданынан 200-ге жуық студент білім алуда. Осы кездесуден кейін бізде оқығысы келетін талапкерлердің қатары өсе түседі деген сенімдеміз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде KazNARU Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған көшбасшы жоғары оқу орны болып табылады. Бүгінде QS халықаралық рейтингісі бойынша Орта Азияда 6-шы, Қазақстанда үздік ТОП-5 ЖОО қатарына еніп отыр. АҚШ, Германия, Франция, Нидерланды, Италия, Түркия, Қытай, Оман Сұлтандығы және басқада көптеген мемлекеттің жетекші оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің университеттегі үлесі артып келеді. 2024-2025 оқу жылына 2306 білім алушы оқуға қабылданды. Оның 1500 мемлекеттік грант иегерлері. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге көп. Сонымен бірге Қытай, Ресей, Малайзия, Түркменстан т.б. шет мемлекеттерден 268 студент KazNARU-ды таңдады. Міне, осының бәрі - университетіміздің отандық және әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің күннен күнге артып, кеңінен таныла бастағанының айқын дәлелі.

✅ Бұдан кейін сөз алған Еңбекшіқазақ ауданы Білім бөлімінің басшысы Арайлым Төлеубекованың айтуы бойынша, бүгінде ауданда 85 орта мектеп бар екенін атап өтті. 2024-2025 оқу жылында 2427 оқушы бітірмек. Оқушылар үшін сабақтарда және сабақтан тыс уақытта болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Соның нәтижесінде білім алушылар өздерінің қалаған мамандықтарына сәйкес, оқу бағыттарын таңдауда белсенділікпен қатысады.

«Біз Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Өңірімізде ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс көп болғандықтан, бүгінгі онлайн кездесу жастарымыз үшін өте маңызды. Ары қарай мектептер мен университет арасында қарым-қатынасты нығайтып, оқушыларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өмірден өз орындарын табуларына қолдау көрсетеміз. Бітіруші түлектеріміздің атынан осындай келелі кездесу ұйымдастырған сіздерге ризашылығымызды білдіреміз», - Арайлым Ақсубайқызы.

✅ Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к, профессор Айнұр Қайырбаева университеттің заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктеріне кеңінен тоқталып, оқу орны туралы презентациясын ұсынды.

✅ Сондай-ақ, университеттің Әскери кафедра бастығы, полковник, PhD философия докторы Еркін Әділбеков, Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., қауымдастырылған профессор Меруерт Тұяқбаева мен профессор-оқытушылар, Еңбекшіқазақ ауданынан келіп оқып жатқан студенттер өз ой-пікірлерін ортаға салып, мектеп бітіруші түлектерді KazNARU-да жоғары білім алуға шақырды.

✅ Кездесу соңында Университет басшылығы мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің Білім бөлімі және мектеп директорлар арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник