KazNARU

KazNARU БАЗАСЫНДА ҚЫТАЙ АГРАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛИАЛЫН АШУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

✅ Қытай аграрлық университетінің профессор Лю Вэньфэн бастаған ғалымдары мен қызметкерлері Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басшыларымен кездесті.

✅ Кездесудің мақсаты – екі университет арасындағы білім беру мен ғылыми байланысты күшейту, KazNARU базасында ҚАУмен бірлескен Филиал ашу, заманауи ауыл шаруашылығы Демонстрациялық алаңын тұрғызу, екіжақты келісім аясында «Бір белдеу және бір жол» бірлескен зертханасын құру, сондай-ақ студенттер, магистранттар мен докторанттардың өзара алмасу бағдарламаларын жасау.

✅ KazNARU Басқарма Төрағасы – Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Пірімқұл Ибрагимов бұған дейін де екі университеттің қатысуымен Қазақстандағы ақылды ауыл шаруашылығы саласындағы қытайлық озық технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті.

✅ «Қазірдің өзінде «Қытай аграрлық университеті мен «Dayu Irrigation Group» компаниясымен бірлесіп құрылған «Құрғақ аймақтарда суды тиімді пайдалану бойынша Қазақстан-Қытай халықаралық зертханасы», Қытай ауылшаруашылық университеті және Eavision компаниясымен бірлескен «Қазақстан-Қытай ауылшаруашылық дрондарын басқару бойынша зерттеулер мен оқыту орталығы» жұмыс істеп тұр. Бұл жобалар суды тиімді пайдалану, дрондарды пайдалану аясын кеңейту, ауыл шаруашылығын цифрландыру және тұрақты дамуын қолдау сияқты маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Енді біздің оқу ордамыздың базасында бірлескен Филиал ашу мәселесін де талқылауды бастап отырмыз», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.

✅ Лю Вэньфэн мырза өз кезегінде Алматыға үшінші рет келіп отырғанын айта келіп, осы сапарда KazNARU басшылығымен бірлесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылауға келгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік Қытай аграрлық университетінің іргетасы 1905 жылы Ауылшаруашылығы колледжнің негізінде қаланған. Кейінірек бірнеше салалық ЖООлар қосылған ірі университет атанды. Агрономия және биотехнология, биология, ветеринария, тамақ технологиясы, инженерлік, информатика және электротехника, экономика және менеджмент, медицина және философия, минералды ресурстар және қоршаған орта, фауна мен технологияны зерттеу саласындағы кәсіби мамандарды даярлайды. Әлемнің озық 180 ғылыми және білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды.

✅ Қытай жағы осы жылдың соңына дейін KazNARU базасында Филиалды ашуды, Орталық Қытай – Батыс Азия – Солтүстік Африка аймағында «Бір жол, бір белдеу» екі жақты келісіміне сәйкес, бірлескен зертхана құру мүмкіндігін қарастыруды, су ресурстарын басқару саласындағы ғылыми-зерттеу жобасын қабылдауды, осыған байланысты алдағы кезеңде су ресурстары мәселесіне арналған академиялық Саммит өткізуді ұсынды.

«Бір жол, бір белдеу» бірлескен зертханасы ашылған жағдайда, ол Батыс Азиядағы 7 ел мен 9 университетті қамтитын өңірдегі ең ірі зертхана болмақ.

✅ Тараптар сонымен қатар, KazNARU базасында заманауи ауыл шаруашылығы Демонстрациялық алаңын құру жоспарын, 1.5+1.5 магистратура мен докторатура бойынша екі дипломдық бағдарламасын іске асыру, оқу ақысы мен жатақхана ақысын келісу, медициналық сақтандыру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Кездесу өте түсіністік жағдайда өтіп, нәтижелі аяқталды.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник