KazNARU мен ҚазҰМУ БІРІККЕН ДӘРІС ӨТКІЗДІ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қатысуымен дұрыс тамақтану мәселесіне арналған біріккен дәріс өткізілді.
Дәріске «Инженерлік технологиялар» факультетінің «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының және ҚазҰМУ-дың академик Т.Шарманов атындағы «Нутрициология» кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
«Нутрициология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қожахметова Айгүл Нағашбекқызы өз лекциясында адам ағзасы үшін дұрыс тамақтанудың маңыздылығы, денсаулыққа әсері және жұмысқа қабілеттілікті арттырудағы ықпалы туралы кеңінен айтып берді. Қалыпты тамақтану: ақуыздар, майлар және көмірсулар арасындағы теңгерімді сақтау және тамақ өнімдерін дұрыс үйлестірудің маңыздылығына тоқталып, медициналық тұжырымдармен бөлісті.
Сондай-ақ, «Инженерлік технологиялар» факультетінің деканы Әлдібаева Ләззат Тұрғынбайқызы, «Тағам өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі Мамаева Лаура Асылбекқызы, қауымдастырылған профессорлар – Қозықан Сабира, Искакова Жанат Абдуллақызы дұрыс тамақтану негіздері, пайдалы және зиянды тағамдар, дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурулардың алдын алу жолдары туралы ой-ұсыныстарын білдірді.
Дәріс барысында диеталар туралы мифтер: дұрыс тамақтану және диеталар туралы жиі кездесетін жалған пікірлерге қарсы тұру студенттер арасында қызығушылықпен талқыланып, қызу пікірталастар тудырды.
Дәріс соңында лекторлар студенттерге білім алу және жұмыс істеу кезінде рационды қалай дұрыс құру керектігін, тиімді тамақтанудың қарапайым және практикалық әдістерін түсіндіріп, тәжірибелік кеңестер берді. Әрбір қатысушы өзінің күнделікті тамақтануын жақсарту үшін көптеген пайдалы ақпарат ала білді.
KazNARU Баспасөз қызметі