ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ – ЖАҢА ЗАМАННЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Уақыт талабынан туындаған дуальды оқыту жүйесі – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясының жаңа түрі. Дүние жүзілік тәжірибе көрсеткендей, дуальды оқытудың кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басты ұстанымы да осы – білім алушылардың теориялық білімін кәсіби біліктілікке жеткізу. KazNARU жұмыс беруші сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманына лайықты, бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгерген кәсіби мамандарды тәрбиелеп шығаруға күш салады.
Мысалы, «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің Қ.Ү.Медеубекова атындағы қой шаруашылығы ҒЗИ филиалының базасында қой шаруашылығы бөлімінде университетіміздің БТ-21 - 04К 4-курс студенттері үшін қолданбалы экобиотехнология пәні бойынша дуальды оқыту ұйымдастырылды.
Дәрісті ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Малмаков Нұрлан Иқласұлы "Ауыл шаруашылығы мал шаруашылығындағы өсімін молайту және биотехнология" тақырыбында өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Сондай - ақ, Эмбриология зертханасында Сембаева Айгүл Ибрагимқызының жетекшілігімен "Іn vitro ооциттерді алу және ұрықтандыру" тақырыбында, Жүн зертханасында а.ш.ғ. кандидаты Асылбекова Эльмира Бекбауқызы "Ұсақ мал жүнінің физика-механикалық қасиеттері" тақырыбы бойынша практикалық сабақтар жүргізді.
Нақты өндіріс жағдайларында ЖООда алған теориялық білімді тікелей тәжірибе жүзінде игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілген дәріс студенттерге өте қызықты болғанын атап өткен жөн.
Өндірістегі дуальды оқытудың нәтижесінде талабымен танылған үздік білім алушылар, дайын маман ретінде жұмысқа қабылдану мүмкіндігіне ие болады.
KazNARU Баспасөз қызметі