KazNARU ЖАС ҒАЛЫМДАРЫНА PhD ДИПЛОМДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы ЖОО-ның диссертациялық кеңестерінде өз жұмыстарын сәтті қорғаған бір топ жас ғалымдарға «Жоғары оқу орнының белгіленген үлгідегі философия докторы (PhD)» дәрежесі иегерлерін марапаттау рәсімін өткізді.
Университет өміріндегі аса маңызды, салтанатты іс-шараға университет басшылығы, кафедра меңгерушілері, ғылыми кеңесшілер мен жас ғалымдар, ата-аналар қатысты.
Университет басшысы Ақылбек Күрішбаев өзінің құттықтау сөзінде докторантураны жемісті аяқтаған жас ғалымдарға болашақта табыс тілеп, олардың ғылыми-техникалық бағдарламаларға және халықаралық жобаларға қатыса отырып, Қазақстан ғылымының дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Ректордың айтуынша, қазіргі таңда ғылым саласын бәсекеге қабілетті, білікті ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету және оларды даярлау сапасын арттыру өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Бұл мәселе бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысумен Алматыда өткен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды іске асыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында да көтерілді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен ғылымды қолдауға арналған маңызды реформалар іске асырылып жатыр, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс¬тарды қаржыландыру соңғы төрт жылда үш есеге артты. Стипендия, гранттар, жалақы айтарлықтай көтерілді. Бұл әрине, ғылымды дамыту, инновацияларды енгізу және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Алайда, бізде ғылымның кадрлық әлеуеті әлі де төмен екенін естен шығармаған жөн. Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша әлемде орта есеппен 1 млн тұрғынға 1,5 мың зерттеуші келеді, ал Қазақстанда - 1,089 ғалым. Сондықтан, біз өзіміздің төл ғылыми кадрларымызды дайындауға баса назар аударып келеміз. Барлық дамыған елдерде осы мәселені шешудің тиімді құралдарының бірі – зерттеу университетінің моделі болып табылады, бұл ғылым саласына білім ордасынан талантты жастарды ғылымға тартуға мүмкіндік береді. Сіздер де KazNARU докторантурасында алған білімідеріңіз бен тәжірибелеріңізді еліміздің ғылыми потенциалын дамытуға арнайды деп сенемін! Баршаңызды және осы қуаныштарыңызды бөлісуге арнайы келіп отырған ата-аналарды шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге ақ жол тілеймін!», - деді Ақылбек Қажығұлұлы.
Салтанатты жиында отандық ғылымның сапына қосылған жас докторанттар алдында «Ветеринариялық медицина» мамандығының философия докторы, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінен келіп білім алған Жақиянова Мейрамгүл Сайлаубайқызы, KazNARU «Өсімдік қорғау және карантин» мамандығының философия докторы Укибаев Рустам Жуманбекулы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінен «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасының философия докторы Шевченко Павел Викторович, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі, бірнеше докторанттың жетекшісі Оспанов Абдыманап Абубакирұлы, ата-аналар атынан Кожекбаева Батима Әділбекқызы жылы лебіздерін білдірді.
«Философия докторы» дәрежесін алған 27 жас ғалымды шын жүректен құттықтаймыз және алдағы уақытта туған Отанға адал қызмет етіп, ғылым көгінде жарқырап көріне берулеріне тілектеспіз!
KazNARU Баспасөз қызметі.