1-курс студенттерінің назарына! Алғыс айту күніне орай эссе жазу байқауы жарияланады
Құрметті Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің 1 курс студенттері! Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында және 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай эссе жазу байқауы жарияланады!
Эссе байқауының мақсаты мен міндеттері: студент жастар арасында достық пен бірлік, елге деген патриоттық сезімін нығайту, этносаралық келісім мен ынтымақтастық, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын насихаттау, шығармашылық қабілетін дамыту және жазу шеберлігін шыңдау, тұжырым жасап, ақпаратты сараптай алуға үйрету.
Эссе жазуға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің барлық бірінші курс студенттері қатыса алады.
Эссенің жазылу тілі: қазақ, орыс, ағылшын тілдері (студент өз еркімен бір тілді таңдайды). Ээссе жазу ережесі төменде үш тілде ұсынылды.
Эссе жазу жұмыстарын 1 курстарда сабақ жүргізетін «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының оқытушылары үйлестіреді.
Байқау мерзімі: 2025 жылдың 27 ақпан – 5 наурыз аралығы.
Ұйымдастырушылар: Университеттің «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасы мен Жастар ісі жөніндегі комитеті
Үздік деп танылған жұмыстар бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталады.
СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ЭССЕ ЖАЗУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
Эссе тақырыптары:
1. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлік пен келісім бастауы»
2. «Менің алғыс айту тарихым – «рақмет» деп кімге және не үшін айтқым келеді»
3. «Алғыс айтуды қалай үйренуге болады: жақсылықты көру де өнер»
1. Жалпы талаптар
Эссе келесі аспектілерді ескере отырып жазылуы керек:
- Аргументті ұстаным негізінде тақырыпқа жеке көзқарасты білдіру.
- Өз көзқарасын қолдайтын теориялық негіздеме және нақты дәлелдер.
- Терминдерді қолдану және дереккөздерге дұрыс сілтеме жасау (қажет болған жағдайда).
- Сыни ойлауды қолдана отырып, әртүрлі көзқарастарды талдау.
- Ойды берудің қисындылығы мен дәйектілігін сақтау.
- Ақпаратты талдау кезінде салыстыру және жалпылау әдістерін қолдану.
- Сауаттылық (орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық).
- Басқа адамдардың идеяларын немесе дәйексөздерін пайдалану кезінде авторларға сілтеме жасау.
- Академиялық жазылым талаптарын негізге ала отырып (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің бірінде) жазылуы.
2. Эссе құрылымы
Эссе үш негізгі бөлімді қамтуы керек:
- Кіріспе (1 азатжол):
- Тақырыпқа қысқаша кіріспе.
- Негізгі идеяны (тезисті) тұжырымдау.
- Тақырыптың өзектілігін негіздеу.
- Негізгі бөлім (2-3 азатжол):
- Тезисті дамыту, дәлелдеу.
- Дәлелдерді мысалдармен, фактілермен, зерттеу сілтемелерімен негіздеу.
- Балама көзқарастарды талдау.
- Қорытынды (1 азатжол):
- Жалпы қорытынды.
- Эссенің негізгі ойын күшейту.
- Тақырыпты одан әрі зерттеудің ықтимал болашағы.
3. Рәсімдеу
- Көлемі: 250-300 сөз.
4. Шынайылығы
- Плагиат болмау керек. Мәтін автордың төл туындысы болу керек.
5. Тапсыру алдында тексеру
- Грамматика мен стиль: қателердің болмауы, тұжырымдардың анықтығы.
- Құрлымы мен логикасы: азатжолдарда логикалық байланыс болу керек.
- Аргументация: терең талдау болу қажет.
Эссе байқауына қатысты қосымша ақпараттар бойынша 8-707-504-09-25 және 8-777-257-61-55 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Барлық 1 курс студенттерін эссе жазу байқауына қатысу арқылы жазу шеберліктеріңізді дамытып, шығармашылық қабілеттеріңізді шыңдауға шақырамыз!