KazNARU СТУДЕНТТЕРІ «МАУСЫМАШАР – 2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНДЕ ТАБЫСТЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ
2025 жылдың 15-23 ақпан аралығында Астана қаласында «Маусымашар – 2025» Республикалық фестивалі өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық команда тіркеліп бақ сынады.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің атынан «Аграрка» және «KazNARU» құрамасы болып, 2 команда қатысқан болатын. Бес күнге созылған әзіл додасында университетімізден барған қос команда жақсы нәтиже көрсетіп, көрермендерге көңілді күй сыйлады.
Ойын қорытындысы бойынша жайдарманшыларымыз Республикалық «Аймақтық лигасына» жолдама сертификатын алып, Алғыс хаттарымен марапатталды. Жүледегерлерді Республикалық «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен бастаған әділқазылар құттықтап, қатысушыларға алдағы кезеңдерде шығармашылық өрлеу тіледі.
Жайдарман – бұл тек әзіл емес, ойлы жастардың алаңы! Сахнадағы әрбір көрініс жеңіл, еркін түрде өтті деуге болады. Жайдарманшылар оқу ордасындағы түрлі тақырыптарды қамтуға тырысты, студент жастардың күнделікті тұрмысындағы қызықтардан бастап, еліміздегі және әлемдік оқиғалар жиі әзілге ілігіп отырды. Әзіл арқылы қоршаған ортаның маңызды мәселелерін көтерген жайдарманшылар ел күткен биіктен көріне білді.
Университетіміздің абыройын асқақтатқан жүлдегер студенттерімізді кезекті жеңістерімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да сәттіліктер тілейміз!
KazNARU Баспасөз қызметі