✅ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ҒАЛЫМДАРЫ: 2024 ЖЫЛҒЫ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТАР МЕН СТИПЕНДИЯ ЛАУРЕАТТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін, 26 ақпанда, Алматы қаласында «Ғылым ордасы» ғимаратында ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялардың 2024 жылғы лауреаттарын салтанатты марапаттау шарасы өтті. Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев, ҒЗИ және ЖОО басшылары, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Ұлттық ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға көп көңіл бөлініп отырғандығын, қаржыландыру көлемінің 3 есеге ұлғайғанын, заңнамалық базаның жаңартылып, түрлі ғылыми-техникалық іс-шаралар мен ғылыми конкурстар өткізу арқылы ғылымды дәріптеу бойынша жұмыстардың жандана түскенін атап өтті. Алғаш рет мемлекеттік деңгейде жас ғалымдарға материалдық тұрғын үй бөлу арқылы қолдаудың нақты шаралары қабылданғаны туралы айтып, Академияның 2024 жылы жүргізген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысында респонденттерінің 60%-ы «жас ғалымдарды қолдаудың» соңғы 5 жылда едеуір жақсарғаны туралы ақпаратпен бөлісті.