KazNARU

KazNARU БАЗАСЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖООлармен ЖИЫН ӨТКІЗДІ

✅ 2025 жылғы 28 ақпанда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Ситуациялық орталығында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков Азамат Бескемпірұлының төрағалық етуімен оңтүстік мегаполистегі ЖОО басшыларының қатысумен кеңейтілген мәжіліс өтті.

✅ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен өткен маңызды жиынға Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы, қаладағы 35 жоғары оқу орнының проректорлары мен тәрбие жөніндегі департамент директорлары қатысты.

✅ Әкім орынбасары Азамат Қалдыбеков өз сөзінде студент жастар арасындағы тәрбие жұмыстарының өзекті мәселелерін қатысушылар назарына ұсынды. Олар – жастар арасында инклюзивті білім беру туралы; білім беру мекемелерінде діни насихатқа жол бермеу; жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылған іс-шаралар өткізу; Наурыз мерекелеріне арналған іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру; ЖОО-лардың Алматы қаласының футбол, волейбол, баскетболдан Студенттер лигасына қатысуын қарастыру; «G-35» студенттік өзін-өзі басқару органдарының қызметін дамыту және қолдау, тағы басқа мәселелер талқыланды.

«2024 жылдан бастап қаламызда Инклюзия жөніндегі жобалау офисі жұмыс істейді, ол ағымдағы жылы түрлі елдердің, өңірлер мен қалалардың 60-қа жуық стратегиясын, озық халықаралық тәжірибесін талдау негізінде «2030 жылға дейін инклюзивті Алматы» тұжырымдамасы әзірленгенін атап өткен жөн. Бұл ретте жоғары оқу орындары кедергісіз орта құруда, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде және толерантты қоғамды қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын алдыңғы қатарлы білім беру мекемесі ретінде үлгі көрсете білуі тиіс», - деді әкім орынбасары.

✅ Бұдан кейін әкімнің инклюзия бойынша шаттан тыс кеңесшісі Омарова Қасиет Абдижапарқызы жоғары білім беру ұйымдарындағы инклюзивті білім, ерекше білім беруді қажет ететін студенттерге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.

«Сіздерде 2025 жылға дейін елдегі барлық жоғары оқу және білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру стратегиясы бар екенін білеміз. Алайда, бұл процесс көбінесе формальды түрде жүреді, сондықтан біз енді Алматыда студенттердің оқу және тұрғын жайда тұру стандартына инклюзия бойынша үлкен бөлім қосатын боламыз. 2024 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының инклюзивті саясат тұжырымдамасы Үкіметінің қаулысына қол қойылды. Мүмкіндігі шектеулі білім алушылар үшін ешқандай кедергі болмауына назар аударуларыңызды сұраймын», - Қасиет Абдижапарқызы.

✅ Алматы қаласы Дін істер жөніндегі басқармасының басшысы Қиқымов Нұрлан Медсантұлы өз сөзінде білім беру ұйымдарында деструктивті діни ағымдардың алдын алу, жоғары оқу орындарында білім берудің зайырлы сипатын сақтау, барлық студенттердің тең құқықтарын қамтамасыз ету және діни негіздегі ықтимал оқиғалардың алдын алу, оқу орындарында діни насихатқа жол бермеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып өтті.

✅ Үшінші мәселе бойынша Азамат Қалдыбеков биылғы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын айта келіп, қоғамда еңбекқорлық пен кәсіпқойлық идеясын ілгерілетуге ықпал ететінін іс-шаралар өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі экономикалық жағдайда білікті жұмысшы мамандықтарына сұраныс үнемі артып келеді және біздің алдымызда жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру міндеті тұр. «Жұмысшы мамандықтар жылына» байланысты Алматы қаласы әкімдігінің іс-шаралар жоспары бекітіліп, 113 іс-шара белгіленді. Бұл орайда, аса маңызды іс-шараларды жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының үлесі ерекше деп білеміз және сіздердің белсенділіктеріңізге сенеміз», - деді әкім орынбасары.

✅ Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Кажденбек Азиз Оралбекұлы Наурыз мерекесін атап өту, бұқаралық студенттік спортты дамыту аясында Алматы қаласы студенттік спорт лигасын іске қосу туралы сөз қозғады. Қала абыройын ел деңгейінде көтеру мақсатында студенттік лиганың 2 дивизионы құрылатынын жоспарлап отырғандарын еске салды.

«G-35» - студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және қолдау туралы «Нархоз» университетінің жастар орталығының жетекшісі Қаби Елікбай сөз алып, қаладағы «G-35» ұйымының жұмысына кеңінен тоқталды. Өз кезегінде, Алматы қаласының әкімдігі мен Жастар саясаты басқармасы қалалық студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін және жастарды әлеуметтендіру үшін тең мүмкіндіктер жасауды жалғастыратынын жеткізді. Қатысушылар тарапынан болған ұсыныстар мен қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

✅ «Мен университеттер базасында осындай жиналыстарымызды жүйелі өткізу жалғасын табатынына қуаныштымын. Бұл ашық әңгіме жоғары оқу орындарының күнделікті тыныс-тіршілігімен, тарихымен және білім беру инфрақұрылымымен жақын танысуға мүмкіндік береді. Осы жиынды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен баршаңызға ризашылығымды білдіремін», - деді әкім орынбасары Азамат Қалдыбеков.

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник