KazNARU ӨКІЛДЕРІ мен ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРІ КЕЗДЕСТІ
Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында Жетісу облысының мектеп бітіруші жоғары сынып оқушылары үшін «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты кәсіби бағдар беру бағытында офлайн және онлайн форматында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге KazNARU Басқарма Төрағасы-Ректордың бірінші орынбасары, в.ғ.д., профессор Ибрагимов Пірімқұл Шолпанқұлұлы,
Халықаралық қатынастар жөніндегі проректор, PhD Абазов Рафис Фанисұлы, Қабылдау комиссиясының директоры, э.ғ.к., профессор Қайырбаева Айнұр Елтайқызы, факультет декандары мен департамент директорлары, профессор-оқытушылар құрамы, Әскери кафедра өкілдері, Қабылдау комиссиясының мамандары қатысып, сөз сөйледі.
Пірімқұл Ибрагимов университетте кәсіби бағдар беру жұмысын жетілдіру үшін заман талабына сай, жаңа форматта онлайн кездесулер өткізу тәжірибесі енгізілгенін атап өтті. Осыған дейін Қарағанды облысының Балқаш қаласы мен Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтпаев қалаларымен, Алматы облысының Қонаев қаласының мектеп бітірушілерімен өткен іс-шаралар барлық қатысушыларға тиімді, әрі қолайлы екенін уақыт көрсетіп отыр. Бүгін бұл тың үрдіс Жетісу облысының Білім басқармасымен жалғасуда.
«Жетісу облысы негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатынын өңір екенін жақсы білеміз. Өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы жақсы дамыған, сол сияқты шикізат өнімдерін қайта өңдеу өндірісі, сүт-тауар фермалары мен жылыжайлар қатары көбеюде. Бірақ, сол ауыл шаруашылығы нысандарында тікелей қызмет атқаратын білікті мамандар жетіспейтіні де рас. Біздің университет осы олқылықтың орнын толтыруда аграрлық саладағы жетекші оқу ордасы ретінде облыс үшін кадрлар даярлауға дайынбыз. Бүгінгі кездесуде осы тақырыпты кеңінен талқылай отырып, мектеп түлектеріне оң бағыт-бағдар береміз деп сенемін», - деді Пірімқұл Шолпанқұлұлы.
Кездесуге Жетісу облысы Білім басқармасының басшылығы, мектеп директорлары мен сынып жетекшілері, профориентолог мамандары мен жоғары сынып оқушылары қатысып, өздерінің ұсыныс, тілектерін білдірді..
Жетісу облысы білім басқармасының «Әдістемелік орталығы» КММ тәрбие бөлімінің басшысы Қайрат Қуанышбаев өңірдегі 315 мектептің бітіруші 6740 түлектеріне кәсіби бағдар беру бағытында, болашақ мамандықтарын дұрыс таңдау мақсатында оқу-тәрбие жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
«Біздер еліміздегі алдыңғы қатарлы ЖООлармен, соның ішінде, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен үнемі тығыз байланыстамыз. Себебі, облысымызда ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс өте көп. Бүгінгі «Мамандықты дұрыс таңдау – болашаққа бастар жол» атты онлайн кездесу мектеп бітіруші түлектеріміз үшін өте маңызды деп санаймыз. Осындай үлкен кездесу ұйымдастырған сіздерге ризашылығымызды білдіреміз», - деді Қайрат Серікұлы.
Бұдан кейін Қабылдау комиссиясының мамандары мен факультет декандары университеттің заманауи инновацияларды құру және дамыту, білім беру мен ғылым саласындағы жетістіктері туралы кеңінен тоқталып, оқу орны туралы бейнефильм мен презентация ұсынды.
«Ветеринария және Зооинженерия» факультетінің профессоры, а.ш.ғ.д. Сәмбетбаев Әділхан Әбуұлы университеттегі профессор-оқытушылар құрамының қатарында 50-ге жуық жетісулық азаматтар қызмет атқаратынын атап өтіп, өзі де 1975-80 жылдары осы оқу ордасында білім алып шыққанын еске алды. «Аграрлық мамандықтар болашақта жастарды табысқа бастайтын ең керекті мамандықтар болады. Сондықтан, бізге оқуға түсіп, шет елдік университетте де қатар оқып, екі диплом иегері атануға талаптаныңыздар» деді ғалым-оқытушы.
Ал, Алакөл ауданы Қабанбай ауылының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің 2020 жылғы түлегі, бүгінде KazNARU-дың «Бизнес және құқық жоғары мектебі» факультетінің «Есеп аудит» мамандығының 2 курс студенті атанған Айнұр Қанапия өз замандастарын ауыл шаруашылығы мамандығын игеруге шақырды.
Кездесу нәтижесінде университет басшылығы мен Жетісу облысы Білім басқармасы арасында өзара ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандум қабылданды.
KazNARU Баспасөз қызметі