KazNARU

KazNARU БАСШЫСЫ СТУДЕНТТЕРГЕ АУЫЗАШАР БЕРДІ

✅ Қастерлі Рамазан айының бүгінгі кешінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА Президенті, академик Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы оқу ордасының ораза ұстаған студенттеріне арнап, «Алтын дән» мейрамханасында ауызашар дастарханын жайды.

✅ Ораза мен ауызашар – барша мұсылман қауымның жанымызға қуат беріп, жүрегімізге нұр құятын қастерлі парызы ғана емес, бірлік пен сыйластықтың, үйлесімділік пен рухани құндылықтардың тоғысқан айы. Ораза адам баласын бір-бірін құрметтуге шақыра отырып, өзара ізгілікке үйретеді.

«Еліміздің ертеңгі болашағы саналатын жастарымыз ішкі мәдениеті терең, имандылығы жоғары болумен қатар, білім мен ғылымды қатар меңгерген ізгі жүректі білікті мамандар болып шығуы шарт. Біздің білім ошағында өздеріңді осыған үйретеміз. Қай кезде болса да, қоғамды алға сүйрейтін білім мен ғылым. Осыны әрқашан есте ұстаңыздар. Көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері оқитын оқу ордамыз осындай береке-бірліктің, өзара ынтымақтың ұясы екенін бәріміз мақтан тұтамыз. Университетіміз өсіп-өркендей берсін! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!», - деді ректор Ақылбек Күрішбаев.

✅ Көнекөз қариялар ізгі ниетпен жасалған амалдар адам баласын әрқашан үлкен сауапқа бастайды деп айтып жатады. Рамазан айының әрбір күнінде жастар жасы үлкен кісілерге арнайы барып сәлем береді. Бір-біріне дастархан жаяды.

✅ Рамазан айы басталысымен KazNARU студенттері де Алматы қаласындағы жалғыз ілікті жандарға қол ұшын созып, әр түрлі қайырымдылық шараларын көрсетуде. «Ардагерлер» үйіне барып, көпбалалы отбастары мен қарияларға азық-түлік жеткізіп берді. Концерт қойып, жақсы көңіл-күй сыйлады. Сауапты істің үлкен кішісі жоқ. Бұның бәрі мән-мағынасы ерекше зор, ізгілікті тәрбиенің қағидаты екені даусыз.

✅ Ауызашарға қатысқан студенттер бүгін де домбыра тартып, ән айтып өз өнерлерін ортаға салды. Ойлы сөздерімен, халықтық мақал-мәтелдермен үлгі көрсеткен жастарға брендті сыйлықтар берілді.

✅ Ауызашардағы ақжарма ниеттеріңіз қабыл болсын!

KazNARU Баспасөз қызметі

---------Chatbot---------
виртуальный помощник