ЖҰМАҚ – АНАНЫҢ ІЗІНДЕ, ШУАҚ – АНАНЫҢ КӨЗІНДЕ
Бүгін Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті, академик Күрішбаев Акылбек Қажығұлұлы 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, құттықтау салтанатын өткізіп, құрмет көрсетті.
«Бұл айтулы мереке – бүгінде барша нәзік жандыларға деген шексіз сүйіспеншіліктің нағыз символына айналды. Халқымыз «Жұмақ – Ананың ізінде, шуақ – Ананың көзінде» деген. Бүкіл адамзат тірлігінің тегі де, тірегі де, киесі де сіздерсіздер. Батырдың ерлігіне, ақынның өлеңіне, сазгердің сазына, суретшінің шабытына күш беретін құдірет – Сіздердің жүректеріңізде! Сондықтан барлық мадақ пен құрмет бүгін Сіздерге арналады», - деді өз сөзінде Ақылбек Қажығұлұлы.
Қыздарын қадір тұту халқымыздың киелі дәстүрі болса, тәуелсіз Отанымызда әйелдердің орны қашанда төрде. Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әйел – өмір тірегі ғана емес, өмірдің өзі» дей отырып, әйелдер еңбегін лайықты бағалау, ана мен отбасын қорғау, рухани қолдау – мемлекеттік саясаттың алтын арқауы екенін әрқашан атап айтып келеді.
Қоғамда әйелдер кеңінен араласқан саланың барлығында жеңіс те, жеміс те қатар жүреді. Бұл өмір шындығы! Мысалы, экономика мен білім берудегі, ғылымдағы әйелдердің үлес салмағы 70 пайыз, ал денсаулық сақтау мен мәдениетте 80, қаржы саласында 60 пайыздан астам.
Біздің университеттегі қызметкерлердің де 60 пайызға жуығы нәзік жандылар. Оның ішінде 220 ғылыми зерттеуші, 17 ғылым докторы, 79 ғылым кандидаты, 56 PhD, 12 профессор, 5 факультет деканы, 20 құрылым басшылары – әйелдер қауымынан екенін мақтанышпен айта аламыз. Әр жылдары 21 әріптесіміз «ЖООның үздік оқытушысы» атанып, университет абыройын асқақтатып келеді. Өткен оқу жылында 5 аруымыз «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, жастарға үлгі өнеге көрсетіп келеді.
Салатанатты кеш аясында университетіміздің нығайып, дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан бір топ әріптестеріміз «Айырықша еңбегі үшін», «Аграрлық ғылым мен білімге қосқан үлесі үшін» төс белгілермен және Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, «Микробиология, вирусология и иммунология» кафедрасының меңгерушісі, в.ғ.д., профессор Киркимбаева Жұмагүл Слямбекқызы ҚР Ұлттық ғылым академиясының отандық әйел-ғалымдарға арналған академик Н.Базанова атындағы тұңғыш сыйлығына ие болды.
«Өркенді іс пен адамға жан жылуын сыйлайтын берекелі өмірдің ұйытқысы бола білген Сіздердің жемісті істеріңіз алдағы уақытта да жалғаса берсін! Әрқашан табыс тілеймін! Отбастарыңыз аман, еліміз тыныш болсын! Өмірлеріңіз – нұрға, жүректеріңіз – жырға, күндеріңіз –қуанышқа бөлене берсін!», - деді университет басшысы Ақылбек Күрішбаев.
Кеш барысында барша нәзік жандыларға гүл шоқтары тарту етілді. Сондай-ақ университет студенттері мен оқытушылары дайындаған әдеби-сазды музыкалық көріністер, «Алтын дән» вокалды-аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған әсем әндер мен мың бұралған билер көрермендерге әсерлі көңіл күй сыйлады.
KazNARU Баспасөз қызметі