KazNARU

Өзгеруді өзіңнен баста!

12.11.2024 күні Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университетінде Жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушы-профессоры құрамы ұйымдастыруымен «Өзгеруді өзіңнен баста!» атты іс-шара өткізілді. Бұл шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, қоғамдық ұйымдар арқылы өз идеяларын ұсыну, «Жаңа Қазақстан» құру жолында өздерінің лидерлік дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Шара үш кезеңнен тұрды:

  1. Дайындық кезеңі (04.11 - 11.11.2024 оффлайн):

Студенттер өздерінің қызығушылықтары мен идеяларына сүйеніп, әртүрлі ұйымдар құрды. Бағдарламаларын даярлап, сарапшыларға тексертті. Ұйымдастырушы: әлеуметтік-саясаттану білім модулі оқытушысы Назарова Мерей Шарипбекқызы.

  1. Үгіт-насихат кезеңі (12.11.2024 оффлайн):

Топтар құрған ұйымдарын таныстырып, агитациялық жұмыс жүргізді, сайлаушылардың қолдауын алуға тырысты. Ұйымдастырушылары: тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақтамбердиева Зәуре Салкеқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сарсенбаев Ақылбек Беделханұлы және әлеуметтік-саясаттану білім модулі оқытушысы Назарова Мерей Шарипбекқызы.

 

Құрылған ұйымдар, олардың мақсаттары мен басты идеялары:

  • KazUniCare — шетелдік студенттерге университетте бейімделуге көмектесуді мақсат тұтты, оларға жаңа оқу орнында үйренісу, мәдени және тілдік кедергілерді жеңу, сондай-ақ Қазақстанда оқу мен тұрмысқа қажетті ақпараттар мен ресурстарды ұсынуды көздеді.

  • EcoPlay — экологиялық мәселелерді көтерді, арнайы қосымша арқылы экологиялық іс-шараларға қатысуға, тапсырмаларды орындап, ұпай жинауға және сол ұпайларды пайдалы бонустарға айырбастауға мүмкіндік берді.

  • Unity Works — университеттердегі жайлылық мәселелерін көтерді, атап айтқанда тұрақсыз интернет, оқу құралдарының тапшылығы және санитарлық жағдайлар, бұл мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

  • Next12 — студенттердің өздері таңдамаған мамандықтарда оқып жүрген мәселесін көтерді. Оны шешу үшін арнайы кеңестер мен ресурстар ұсынды, студенттерге өз таңдауларын жасауға көмектесіп, кәсіби даму жолдарын көрсетуді көздеді.

  • Таза Болашақ — экологиялық мәселелерді шешу жолында инновациялық роботтарды пайдалану идеясы ұсынылды. Бұл ұйым экологияны жақсарту үшін арнайы құрылғылар мен роботтардың көмегімен қалдықтарды жинау, табиғатты тазарту және экологиялық жағдайды жақсарту жолдарын ұсынды.

  • Qadam — жастардың ересек өмірге бейімделуін қолдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырды. Бұл ұйым студенттер мен жас мамандарға психологиялық көмек, өмірлік дағдыларды меңгеру және қоғамда өз орнын табуға бағытталған бағдарламалар мен кеңестер ұсынды.

Ашылу іс-шарасында, «Жалпы білім беру пәндері» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Жонкешов Бауыржан Сейсенбекұлы, кафедраның гуманитарлық пәндер бағытын басқаратын, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақтамбердиева Зәуре Салкеқызына және шараның қонағы, Алматы қаласы  Қоғамдық даму орталығының жетекші маманы Абисатова Майя Бактыбековна сөйледі. Олар студенттерге бұл шараның маңыздылығы мен мәнін түсіндіре келе, әрбір жастың өз құқықтары мен заңды міндеттерін білудің ерекшелігін ашып көрсетті.

Қорытындылай келе, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сарсенбаев Ақылбек Беделханұлы, үшінші кезеңнің шарттарын түсіндіре отырып, қатысушыларға қоғамдық жұмыстарда белсенділік көрсетуге шақырды.

  1. Дауыс беру кезеңі (14.11.2024 онлайн):

Электорат болып қатысқан студенттер өздеріне ұнаған ұйымға дауыс берді.

Дауыс беру қорытындысы бойынша EcoPlay ұйымы жеңіске жетті. Жобаның сәттілігі экологиялық мәселелерді шешудегі инновациялық тәсілмен байланысты болды. Мұндағы ерекше қызығушылық тудырған ұсыныс – экологияны жақсарту үшін мобильді қосымша құру идеясы болды. Бұл қосымша пайдаланушыларға экологиялық іс-шараларға қатысуға, сол арқылы ұпай жинауға, ал ол ұпайларды  мысалы кинотеатрларға жеңілдіктер немесе спортзалға абонементтер сияқты пайдалы бонустарға айырбастауға мүмкіндік береді.

Бұл шара студенттерге өз идеяларын жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерге көзқарастарын білдіруге, көшбасшылық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік берді. Қатысушылардың белсенділігі мен креативтілігі бұл іс-шараның сәтті өтуіне үлкен ықпал етті.

Барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз және болашақта жаңа бастамалар мен жетістіктер жалғасын таба береді деген ойдамыз.

---------Chatbot---------
виртуальный помощник