KazNARU БАЗАСЫНДА FLAGMAN ONLINE МЕКТЕБІНІҢ БІТІУШІЛЕРІНЕ «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІ ӨТКІЗІЛДІ
2025 жылғы 17 наурызда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Астана қаласындағы Flagman Online физикалық-техникалық лицейдің бітіруші түлектеріне “Ашық есік” күні өткізілді.
Қазақстандағы үйде оқыту форматындағы алғашқы онлайн мектептің жоғары сынып оқушыларын университетпен және ондағы мамандықтармен таныстыру, аудитроиялардағы дәрістерді тыңдап, ғылыми-зерттеу лабораторияларының жұмысын көру, студенттермен жақын араласу үшін профориентолог Айбибі Ноғайбек бастап келді.
Флагмандық өрендер "Су ресурстарын басқару” ғылыми орталығында, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында, Халықаралық вакционология орталығында болып, университет мамандары мен профессор-оқытушылардың лекцияларын тыңдап, ғылыми жетістіктермен танысты.
Атап айтқанда, «Ташкент ирригация және ауылшаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» ҰЗУ филиалының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Абдурахим Бердишев келушілерге жаңа филиал туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Бізде Ұлттық бірыңғай тестілеуден 50 шекті балл жинаған Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары оқи алады. Агросектор саласында жаңа инновациялық технологияларды меңгерген, бәсекеге қабілетті су шаруашылығы мамандарын даярлау 2+2 принципімен жүзеге асырылады. Бітіруші түлектер екі университеттің дипломын алып шығалы», - дейді Абдурахим Сулейманұлы.
Flagman Online мектебінің білім алушылары заманауи оқу залдарында болып, тәжірибелік зертханалар мен көмекші техникалық жабдықтардың жаңалықтарымен танысып, университетте жоғары білім алуға қызығушылық білдірді.
«Біздер оқушыларды шығармашылық жеке ойлауға, тәуелсіз тұлға болуға тәрбиелейміз, жас ұрпақтың ой-саналарына этикалық құндылықтарды сіңіреміз, олардың болашақтағы мамандықтарын дұрыс таңдап, табысты кәсіп иелері атануына өмірлік дағдыларға баулимыз. Оқу-тәрбие жұмысы барысында әр баланың жеке ерекшеліктерін, мүдделерін, бейімділіктерін ескере отрып, әр оқушымен жеке дара жұмыс істейміз. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қосымша білім алатын жас өрендерді бүгін еліміздегі ең таңдаулы, көшбасшы оқу орны саналатын – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне арнайы әкеліп отырмыз. Бұл “Ашық есік” күні олардың болашақ мамандық таңдауына оң ықпал етеріне сенеміз», - деді Айбибі Ноғайбек.
KazNARU Баспасөз қызметі